Назарбаев Университеті Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі (NU SEDS) студенттерінің жобасы «Электр энергиясын тиімді бөлу үшін энергияны тұтыну бойынша қысқа және ұзақ мерзімді болжамдар жасау және қолданыстағы жүйелерді дамыту» деп аталады. «Student Energy Challenge-2022» ұлттық байқауының жеңімпаздары ретінде студенттер 4000 АҚШ доллары көлемінде қаржы алды.
Байқау 2022 жылғы 28-29 қыркүйекте Алматы қаласында KAZENERGY қауымдастығының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік мұнай кеңесінің «Энергетикалық ауысу: ұрпақтар диалогы» VII жастар форумы аясында өтті.
Energy-Intelligence командасына «Электроника және компьютерлік инженерия» кафедрасының 4 курс студенттері Әли Әлмағанбет, Біржан Құлманов, Әли Жүніс және Заңғар Ермағанбет қатысты.
Студенттер электр энергиясын тұтынудың нақты болжамы арқылы энергиямен қамтамасыз ету тиімділігі мәселесін шешуді көздеп отыр. Оны жүзеге асыру үшін олар болашақ электр энергиясын тұтынуды анықтау үшін бірнеше деректер ағындары мен машиналық оқыту әдістерін қолдануға ниетті.
Дұрыс таңдалған машиналық оқыту алгоритмдері мен нейрондық желілердің көмегімен олар бүкіл елге де, аймақтарға да, қалаларға да электр энергиясын тұтыну болжамдарын ала алады.
Студенттер жоба сәтті жүзеге асса, энергетикалық жүйенің тиімділігін арттыруға және елді сенімді және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге көмектесетінін атап өтті.








