NU-да Social Impact Award (SIA) халықаралық бағдарламасының финалы өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мектеп және университет студенттерінен құралған 15 команда сарапшылар алқасына қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын таныстырды.
Social Impact Award (SIA) — 30 елде жүзеге асырылатын халықаралық бастама. Бағдарлама жастарға әлеуметтік идеяларын қоғамға нақты пайда әкелетін тұрақты жобаларға айналдыруға көмектеседі. Қазақстанда бағдарлама NU Impact Foundation және NU Alumni қолдауымен NU экожүйесін дамыту аясында жүзеге асырылады.
Үш ай бойы қатысушылар білім беру бағдарламасынан өтіп, менторлар мен салалық сарапшылармен жұмыс істеді. Жас командалар гипотезаларды тұжырымдап, тексеруді, мақсатты аудиторияны зерттеуді, тұрақты бизнес-модель құруды және жобаларын көпшілік алдында таныстыруға дайындауды үйренді. Менторлар мен сарапшылар қатарында NU түлектері де болып, қатысушылармен өздерінің кәсіби және кәсіпкерлік тәжірибесімен бөлісті.
«NU түлектері ретінде біз өз қауымдастығымыздың аясынан шығып, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі талантты жастарды қолдағымыз келді. Оларға идеяларын нақты жобаларға айналдыруға көмектесетін білімге, тәжірибеге және қолдауға қол жеткізу мүмкіндігін беруді мақсат еттік. Түлектеріміздің осы мақсат жолында бірігіп, уақыты мен күшін келесі буынға арнап жүргенін көру қуантады», — деді SIA Kazakhstan ұйымдастырушысы Айгерім Джаналинова.
Финал қорытындысы бойынша кәсіпкерлік, технология және әлеуметтік салалардың тоғыз өкілінен құралған сарапшылар алқасы төрт жеңімпаз жобаны анықтады:
- Banana Patch (Алматы) — банан қабығы негізінде жасалған, қан кетуді жылдам тоқтатуға арналған қолжетімді құрал. Жобаны 16 жастағы Абай Оразбек пен Сейітали Алтын әзірледі.
- EndoSim (Түркістан) — болашақ эндоскоп дәрігерлеріне арналған симулятор. Жобаны 18 жастағы Карина Бауыржан мен 17 жастағы Жасмина Тұрғынбаева әзірледі.
- OnAITynys (Көкшетау) — демікпесі бар адамдардың тыныс алуын, тамыр соғысын және қандағы оттегі деңгейін бақылауға арналған арнайы құрылғы мен цифрлық платформа. Жоба авторлары — 17 жастағы Юссуф Мұхамбетқалиев пен Хусейн Малик.
- SnP (Астана) — квадриплегиясы бар адамдарға компьютерді қолдың көмегінсіз, дем алу және дем шығару арқылы басқаруға мүмкіндік беретін қолжетімді sip-and-puff типті көмекші құрылғы. Команда құрамында Асылбек Айтбаев (19 жаста), Аймедет Тауфик (24 жаста), Рамазан Жылқайдаров (23 жаста) және Ерасыл Сегізбаев (24 жаста).
Төрт жеңімпаз команда 3 млн теңге көлеміндегі жүлде қорын өзара бөлісті. Сонымен қатар олар Қазақстанның және өз жобаларының атынан Черногорияда өтетін Social Impact Award жаһандық саммитіне қатысып, жобаларын таныстыру мүмкіндігіне ие болды.

















