Nazarbayev University алғаш рет Батыс Азияның жүзуден чемпионатын қабылдады

1–2 тамыз күндері NU базасында Қазақстан тарихында алғаш рет AOSI West Asia Swimming Championship – Батыс Азияның жүзуден чемпионаты өтті. Халықаралық додаға жеті елден келген 450-ге жуық жас спортшы қатысты. Жүлделер үшін Қазақстан, Түрікменстан, Үндістан, Иран, Тайланд, Ресей және Малайзияның өкілдері бақ сынады. Чемпионатты iSwim жүзу академиясы мен Global Aquatics халықаралық ұйымы ұйымдастырды.

Чемпионаттың ашылу салтанатында NU вице-президенті Кадиша Дайырова қатысушыларды құттықтап, университеттің өңірдің талантты жас спортшыларын біріктіретін осындай ауқымды халықаралық жарысты қабылдауға қуанышты екенін айтты.

«Nazarbayev University атынан баршаңызды осынау айтулы жарыста қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Араларыңызда болашақ Олимпиада чемпиондары бар екеніне сенімдімін. Университет таңдайтын уақыт келгенде, сіздерді NU қауымдастығының мүшесі болуға шақырамын. Мұнда сіздер әлемдік деңгейдегі білім алып, болашақ жетістіктеріңізге берік негіз қалайсыздар. NU-ға қош келдіңіздер!» – деді Кадиша Дайырова.

Қатысушыларға Қазақстан Су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин де ізгі тілегін білдірді. Оның айтуынша, мұндай халықаралық жарыстардың Қазақстанда өтуі еліміздің спорт саласындағы халықаралық беделінің артып келе жатқанын көрсетіп, жас спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

«Біз халықаралық деңгейдегі жаңа кезеңге қадам басып келеміз. Қазақстанда су спортының қарқынды дамып жатқанын көру мен үшін ерекше қуаныш. Бүгінгі жарысқа қатысып отырған жас спортшылардың кейбірі үшін бұл – арманға бастар алғашқы қадам болса, енді біреулері үшін Олимпиада шыңына жетелейтін кезекті белес болады деп сенемін. Баршаңызға жарыстан жақсы әсер алып, жаңа достар тауып, үздік нәтижелер көрсетуге тілектеспін», – деді Дмитрий Баландин.

Батыс Азияның жүзуден чемпионаты Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Халықаралық турнирдің өткізілу алаңы ретінде NU-дың таңдалуы университеттің заманауи халықаралық талаптарға сай спорттық инфрақұрылымының жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53