Тоқаев ALEM-ді жылдың ең үздік ғылыми жетістігі деп атады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Nazarbayev University жанындағы University Medical Center мамандары әзірлеген ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) медициналық құрылғысын жоғары бағалап, оны «өткен жылдың ең маңызды ғылыми жетістіктерінің бірі» деп атады.

Бұл туралы Ақордада өткен ғалымдарды марапаттау рәсімі барысында айтылды. Мемлекет басшысы университеттердің технологиялық хаб ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтіп, қазақстандық ғылымның медицинаны дамытуға қосқан үлесіне тоқталды.

«Бұл құрылғы донорлық ағзаның қызметін адам денесінен тыс жерде 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай революциялық әзірлемелер қазақстандық ғылымның жоғары әлеуетін көрсетеді», — деді Президент.

ALEM құрылғысы донорлық ағзалардың өміршеңдігін ағзадан тыс жағдайда сақтауға мүмкіндік береді. Бұл олардың тасымалдану мүмкіндігін едәуір кеңейтіп, трансплантацияның қолжетімділігін арттырады. Аталған технология ағза ауыстыруды күтіп отырған науқастардың өмірін сақтап қалуда жаңа мүмкіндіктер ашады.

University Medical Center өңірдегі жетекші трансплантология орталықтарының бірі саналады. Мұнда 100-ден астам сәтті ағза трансплантациясы жасалған. Орталық құрамына халықаралық деңгейде медициналық қызмет көрсететін төрт клиника кіреді, оның қатарында ересектер мен балаларға арналған жоғары технологиялы трансплантациялық хирургия бөлімшелері бар.

ALEM құрылғысы NU медициналық кластерінің жұмысы нәтижесінде әзірленді. Бұл кластерге NU Медицина мектебі, Клиникаға дейінгі зерттеулер орталығы және Өмір туралы ғылымдар орталығы кіреді. Ғылым, білім және клиникалық тәжірибенің осындай өзара ықпалдасуы денсаулық сақтау саласына инновацияларды енгізу үдерісін жеделдетеді.

Университет ғылыми-зерттеу бағытын одан әрі күшейтуді жалғастыруда. Медицина жөніндегі вице-президент қызметіне Хак Нг тағайындалды — ол ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін Сингапур Президентінің төрт мәрте марапатына ие болған халықаралық деңгейдегі танымал зерттеуші.

Сонымен қатар, NU School of Engineering and Digital Sciences медициналық робототехника мен цифрлық технологиялар саласындағы озық жобаларды дамытуда. Университет жаңа ғылыми лауазымдарды құруға инвестиция салып, іргелі зерттеулер, инновациялар және клиникалық тәжірибе арасындағы байланысты нығайтуда.

ALEM әзірлемесінің Мемлекет басшысы деңгейінде мойындалуы Nazarbayev University-дің жоғары технологиялық медицинаны дамытуға қосқан үлесін айқындап, Қазақстанның жаһандық ғылыми кеңістіктегі орнын одан әрі нығайтады.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53