Қазақстанда цифрлық трансформация, жасанды интеллектті дамыту және тұрақты инфрақұрылым салаларында ұлттық басымдықтар айқындалған. Осы бағыттарға сәйкес, Nazarbayev University (NU) білім беру сапасын арттыруға, ғылыми-зерттеу және инновациялық әлеуетін нығайту мақсатында академиялық құрылымын жаңартқанын хабарлайды. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға, сондай-ақ Times Higher Education және The Quality Assurance Agency for Higher Education сияқты жетекші халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттіктерінің үздік тәжірибелеріне негізделген.
Осы бастама аясында NU жаңа Есептеу ғылымдары және жасанды интеллект мектебін (SCAI) құрады. Мектептің қызметі компьютерлік ғылымдар, робототехника, машиналық оқыту, киберқауіпсіздік, деректер ғылымы және жасанды интеллект бағыттары бойынша білім беру, зерттеу, инновация және индустриямен ынтымақтастық үшін арнайы академиялық орта қалыптастыру болмақ. Бұл мектеп аталған салаларда сараптаманы дамытуға, біліктілігі жоғары түлектер даярлауға, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті әрі ел үшін маңызды зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ тиісті экономикалық секторларды қолдауға бағытталған өңірлік хабқа айналмақ.
Инженерлік салада ұлттық қажеттіліктерді тиімді қанағаттандыру және жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында Университет бірыңғай Инженерия мектебін (SOE) қалыптастырады. Оның құрамына азаматтық және экологиялық инженерия, электр және компьютерлік инженерия, химиялық инженерия және материалтану, тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар, механикалық және аэроғарыштық инженерия, сондай-ақ мұнай-газ ісі бағыттары біріктіріледі. Бұл білім беруде пәнаралық тәсілді қамтамасыз етіп, бірлескен зерттеулерге қажетті ресурстарды арттырады, инновацияларды және өнеркәсіптік серіктестермен өзара іс-қимылды қолдайды.
NU Президенті профессор Вакар Ахмад: «Nazarbayev University ұлттық мүдделерді ескере отырып, халықаралық стандарттарға ұмтылады. Академиялық құрылымдағы жоспарланған өзгерістер біз беретін білім сапасын нығайтып, цифрландыру, жасанды интеллект және тұрақты инфрақұрылым бағыттарындағы мемлекеттік басымдықтарға сәйкес ғылыми-инновациялық базамызды кеңейтеді. Бұл Қазақстанның білімге негізделген экономикаға айналу мақсатын қолдайды.
Сонымен қатар біз академиялық көшбасшылықты күшейтудеміз: әлемдік деңгейдегі 30 профессорды тарту және ел дамуы үшін стратегиялық маңызы бар салалар бойынша 200-ге дейін докторант қабылдау жоспарланып отыр. Бұл өзгерістерді халықаралық деңгейде мойындалған провостымыз профессор Рехан Садик үйлестіреді», – деп атап өтті.
NU докторантура бағдарламаларын нығайту мақсатында PhD бойынша қаржыландырылатын стипендиялар санын екі есеге арттырып, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді үйлестіру үшін Докторантура институтын құрады.
Студенттердің академиялық жетістіктерін арттыру және бакалавриат бағдарламаларын толық аяқтау үлесін көбейту мақсатында Академиялық табыстылық орталығы құрылатын болады. Бұл орталықта студенттерге оқу кезеңі бойы кешенді қолдау және кеңес беру көрсетіледі.
Аталған өзгерістер NU-дың халықаралық деңгейде танылған зерттеу университеті ретіндегі позициясын нығайтуға және Қазақстан мен өңірдің мүдделеріне қызмет етуге бағытталған.
NU — академиялық және басқарушылық саясатын дербес айқындайтын автономды білім беру ұйымы. Университеттегі барлық стратегиялық және құрылымдық шешім студенттердің, академиялық қауымдастықтың және ұзақ мерзімді институционалдық даму мүдделеріне негізделе отырып қабылданады. Жоғарыда аталған өзгерістер қолданыстағы бюджет пен штаттық құрылым аясында жүзеге асырылады және жаңа академиялық жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі.
Ескертпе: Университетте халықаралық академиялық модель қолданылады: «мектептер» (Schools) — классикалық университеттердегі факультеттердің баламасы және білім беру бағдарламаларын іске асыруға, зерттеулерді дамытуға, сондай-ақ тиісті бағыттар бойынша академиялық басқаруға жауап береді.











