NU ғалымдары күріш қауызы мен жүгері собықтарынан гипертонияға қарсы дәрі синтездеді

Назарбаев Университетінің (NU) профессоры Нұршат Нуражидің жетекшілігіндегі Жаңартылатын энергия көздері зертханасы фармацевтикалық синтез саласында жаңа технологияны әзірледі.

Бұл технология арқылы ауыл шаруашылығы қалдықтарынан гипертония мен едеманы емдеуге арналған маңызды екі дәрілік зат — празозин мен фуросемид үздіксіз ағынды реакторларда синтезделді. Аталған жетістік ауыл шаруашылығы биоқалдықтарынан белсенді фармацевтикалық ингредиенттер (БФИ) алудың мүмкіндігін көрсете отырып, фармацевтикалық өндіріс саласындағы төңкерістік өзгерістерге жол ашуы мүмкін.

Бұл әлемде алғаш рет жүзеге асырылған жетістік жасыл химия қағидаттарын нақты өндірістік қолданыспен тиімді біріктірудің айқын мысалы болып табылады. Зерттеу тобы ағынды химияның артықшылықтарын пайдалана отырып, фармацевтикалық өндірістің болашағына жол ашатын тұрақты, тиімді әрі ауқымды технологиясын әзірледі. Бұл жетістік Қазақстанды болашақта жаһандық фармацевтикалық инновациялардың көшбасшысы қатарына қосуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, бұл зерттеу нәтижесі арнайы пән болып қалыптасып университеттерге енгізілуі ықтимал.

Зерттеу тобының құрамына аға ғылыми қызметкер Минавар Шаймардан, ғылыми қызметкер Қыран Қасым, кіші ғылыми қызметкер Жанат Әжіханова және докторанттар Гарри Қуаку Мегбену мен Мақпал Рахатқызы кірді. Зерттеу тобы осы жобаның сәтті жүзеге асуына үлкен қолдау көрсеткен сыртқы серіктестері, профессорлар Алина М. Балу мен Рафаэль Лукеге шексіз алғысын білдірді.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53