Satbayev University студент-магистранттары НУ Инженерия және Цифрлық ғылымдар мектебінде тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында практикадан өтті. «Электротехника және Энергетика» мамандығы бойынша магистратураның 2 курс студенті Камал Айсұлтанның айтуынша, НУ-да тағылымдамадан өту мүмкіндігі туралы жаңалықты олар зор ықыласпен қабылдады. Ол бізбен өзінің тағылымдамасы туралы ойларымен бөлісті.
Тағылымдамадан алған әсеріңізбен бөліссеңіз?
Біз Назарбаев университетінің әлеуеті, студенттерге жасалған жағдай мен мүмкіндіктері туралы бұрыннан білетінбіз, себебі Назарбаев Университеті Қазақстандағы жоғары білім берудің ұлттық брендіне айналған оқу ордасы. Жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық, қызметкерлердің өзара сыйластығы, қолдан келгенше қолдауға тырысатын мейірбан жандардан тұратын профессорлық-оқытушылық құрам, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген зертханалар, студенттердің барлық қажеттілігі қамтамасыз етілген жайлы әрі қолайлы университет кампусын өз көзімізбен көріп, Назарбаев Университетінің атына заты сай екенін бағамдадық. Бізге осындай тамаша мүмкіндік берген Сәтбаев университетінің басшылығына және құшақ жая қарсы алған Назарбаев Университетінің басшылығына ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Бізге тағылымдама кезінде барынша қолдау көрсеткен профессорлық-оқытушылық құрамға алғысымды айтқым келеді. Атап айтқанда: профессор До Дук Тон, профессор Мехди Багери, профессор Энни Нг, PhD докторанты Гүлнұр Калимулдинаға және профессор Луис Рамон Рохас Солорзаноға алғысымыз шексіз.
Бұл тағылымдама сізге не берді?
Бұл менің бірінші тағылымдамам. Томас Дьюар айтқандай: «Тәжірибе — бұл сіз басқа нәрсені іздеп жүрген кезде берілген нәрсе». Мен өз мамандығым бойынша білім ғана емес, жастарымыздың басқаша ойлауы мен көзқарасын іздедім. Таптым. Профессорлармен бірге бірнеше зертханаларды араладық, кейбір тақырыптарды талқыладық, жаңа материалдарды зерттедік. Профессор Мехди Багеримен бірге Электротехника және компьютерлік инженерия кафедрасының зертханасында болып, электр жабдықтарымен таныстық. Профессор Луис Рохас RETScreen көмегімен таза энергетикалық технологияларды техникалық-экономикалық негіздеу бойынша семинар өткізді. Профессор бізді сынақтан өткізіп, курсты аяқтағандығымыз туралы сертификат табыс етті.
Алған білімді қолай қолдануды жоспарлап отырсыз?
Б.Дисраели айтқандай: «Тәжірибе – ойдың баласы, ал ой – іс-әрекеттің баласы». Тәжірибе барысында алған біліміміз болашақта бізге пайдалы болады деп сенемін. Ал зертханаларда сыналған жобалар мен жаңа тәжірибелік үлгілер отандық өндіріс орындарына жаппай енгізілсе, жақсы болар еді. Дегенмен, бұл уақыт талабы деп түсінемін. Әрине, біз зерттеуімізді талдап, оны жүзеге асырып, өз университетімізде де бөлісетін боламыз. Алдағы уақытта еліміздің екі жетекші университеті арасында ынтымақтастық және өзара тиімді қарым-қатынас орнайды деп сенемін.








