
29 қыркүйек 2023
Осы мақаламен бөлісіңіз28 қыркүйек күні Назарбаев Университетінде LCOY Kazakhstan 2023 -Қазақстандағы климаттың өзгеруі бойынша жергілікті жастар конференциясы өтті.
LCOY Kazakhstan 2023 Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (UNFCCC) және SDSN Youth Kazakhstan ұйымының ресми жастар тобы YOUNGO миссиясының негізгі шарасы болып табылады. Жыл сайын өтетін конференция климаттың өзгеруі және тұрақты даму саласындағы мазмұнды диалогтар мен бірлескен әрекеттерге қатысу үшін Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан жас көшбасшыларды, зерттеушілер мен сарапшыларды біріктіреді. LCOY Kazakhstan 2023 ұйымдастырушылары - SDSN Youth Kazakhstan, Тұрақты Даму Офисі, SDSN Kazakhstan, Жоғары мемлекеттік саясат мектебі және Green Society студенттік клубы.
Конференция барысында «Қазақстандағы климаттың өзгеруі», «Климаттың өзгеруінің су секторына әсерін бағалау», «Климаттың өзгеруіне бейімделудің жергілікті шешімдері», «Қазақстанда жасыл, тұрақты және заманауи энергияны жаппай енгізу және пайдаланудың маңыздылығы және болашақ перспективалары» және т.б. тақырыптарында панельдік пікірталастар өткізілді. Сонымен қатар, конференцияда студенттердің жасыл жобаларының көрмесі, сурет көрмесі және «Климаттық фреск» ойыны ұйымдастырылды, бұл қатысушылардың климаттың өзгеруі және оның салдары туралы білімдерін кеңейтуге ықпал етті.
LCOY Kazakhstan 2023 маңызды шарасы SDSN Youth Kazakhstan және SDSN Kazakhstan қолдау көрсететін кең ауқымды миссияның бөлігі болып табылады. SDSN Youth Kazakhstan – Қазақстан жастары арасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын (БҰҰ SDGs) ілгерілетуге бағытталған серпінді жастар бастамасы. Ол 2022 жылдың маусым айында тұрақты даму қағидаттарын белсенді қолдайтын Назарбаев Университетінің негізінде бастау алды.
«Біз климаттың өзгеруіне қатысты пікірталастарда жастардың дауысы өте маңызды деп есептейміз. Қазіргі уақытта Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан климаттық өзгерістердің барлық салдарын айтарлықтай сезінетінін байқаймыз. Сондықтан, біз бұл тақырыпты неғұрлым көп айтып, талқылай алсақ, соғұрлым көп адамдар, әсіресе жастар бұл жаһандық мәселеден хабардар болады. Сонымен қатар бізге жастар арасында идеялар мен тәжірибе алмасу үшін көбірек алаң қажет, өйткені бұл жастар болашақ шешім қабылдау процестерінің алдыңғы қатарында болмақ,» - деді, LCOY Kazakhstan 2023 үйлестірушісі Мұхтар Аманбайұлы.
Назарбаев Университеті ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаға теріс әсерді азайтып, экологиялық тұрақты кампус ортасын құруға бағытталған Green Campus бастамасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, Назарбаев Университеті тұрақты даму саласындағы университет қауымдастығының инновациялық және ғылыми жобаларын қолдайтын Sustainability Living Lab бағдарламасын жүзеге асырады. Бұл бағдарлама студенттер мен қызметкерлерге тұрақты даму саласындағы білім мен дағдыларды алып қана қоймай, жасыл бастамаларды нақты өмірде сынап жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа Назарбаев Университеті ғылыми-зерттеу және білім беру ресурстарын біріктіру арқылы SDSN Kazakhstan желісінің дамуына белсенді үлес қосады.
Мәдина Әсетқызы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті атап өткендей: «LCOY конференциясы барлық үміттерімізді ақтады. Тәжірибелі баяндамашылар тақырыпты жан-жақты түсіндіріп, қажетті білім берумен қатар, мәселені одан әрі зерттеуге бағыт-бағдар ұсынды. Конференцияда қатысушылар әртүрлі сұрақтар қойып, пікірталасқа қатысып, әртүрлі пікірлерді тыңдауға мүмкіндік алды».
LCOY Kazakhstan 2023 шарасының ең маңызды нәтижелерінің бірі қазақстандық жастар дайындаған бірлескен мәлімдеме болды. Бұл мәлімдеме Дубайда (БАӘ) өтетін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 28-ші конференциясында (COP 28) ұсынылып, жастарға климаттың өзгеруінің жаһандық шешіміне белсенді әсер етудің бірегей мүмкіндігін береді.