барлық жаңалықтар
22 мамыр 2024 ОқиғаларҒылым#NUgoesGLOBAL

NU Медицина мектебінің түлектері енді әлем бойынша жұмыс істей алады

NU Медицина мектебінің түлектері енді әлем бойынша жұмыс істей алады

22 мамыр 2024

Осы мақаламен бөлісіңіз

NU Медицина мектебі ECAQA-дан «Медицина ғылымдарының докторы» (MD) бағдарламасы бойынша толық халықаралық аккредитация алды.

Еуразиялық жоғары білім беру және денсаулық сақтау сапасын аккредиттеу және кепілдендіру орталығы (ECAQA) Еуропалық жоғары білім сапасына кепілдік беру қауымдастығының құрамына кіреді, сондай-ақ оны Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясы мойындайды. Бес жылдық аккредиттеу NU-дың “Медицина ғылымдарының докторы” бағдарламасы сапа мен озық медициналық білім берудің қатаң стандарттарына сәйкес келетінін растайды. Бұл ретте оқу бағдарламасы, оқытушылардың біліктілігі, зерттеу мүмкіндіктері, студенттерді қолдау қызметі және клиникалық база жан-жақты бағаланды.

“Медицина ғылымдарының докторы" бағдарламасының ECAQA-ның толық аккредитациясын алуы – NU Медицина мектебі үшін маңызды қадам. Бұл біздің оқытушыларымыздың, қызметкерлеріміздің және студенттеріміздің еңбегі мен талпынысының куәсі, сондай-ақ жоғары деңгейдегі медициналық білім беру бойынша миссиямызды растайды. Бұл болашақ медицина мамандарын сапалы даярлауға деген ұмтылысымыздың дәлелі. Олар біздің қоғамымыздың және одан тыс жерлердің денсаулық сақтау саласындағы түрлі мәселелерді шешіп, күн сайын артып келе жатқан міндеттерді орындай алуы керек”, — деді  Массимо Пиньятелли, NU вице-президенті және Медицина мектебінің деканы.

ECAQA-ның толық аккредитациясы студенттерге қандай артықшылықтар береді? Біріншіден, студенттер үшін бұл – кепілдендірілген білім сапасының дәлелі. Екі жыл ішінде ECAQA сарапшылары бағдарламаны мұқият талдап, ол халықаралық үздік тәжірибелерге (best practices) сәйкес келеді және студенттердің сапалы білім, озық клиникалық базалар мен технологияларға қолжетімділігін қамтамасыз етеді деген қорытындыға келді. Сондай-ақ NU Медицина мектебінің түлектері үшін беделді медициналық мекемелерге жұмысқа орналасуға және оқуын әрі қарай жалғастыруға көбірек мүмкіндік ашылып жатыр.

Төрт жылдық “Медицина ғылымдарының докторы” бағдарламасы Америка Құрама Штаттарының білім беру моделіне негізделген. Бағдарламаға түсу үшін негізгі медицина немесе басқа да тиісті білім бойынша диплом қажет. Оқыту процесі пациентті емдеу арқылы жүргізіледі және алғашқы екі жылда студенттер UMC ауруханаларында апта сайынғы сессиядан және соңғы жылдары клиникалық тәжірибеден өтеді. Одан кейін медицина ғылымының докторы дәрежесімен резидентура мен докторантурада оқуды жалғастыруға болады. Мектепте бакалавриаттан резидентураға дейін барлығы 22 білім беру бағдарламасы бар, аталған бағдарламалар бойынша осы уақытқа дейін 500-ге жуық адам білім алған.

Университет үшін халықаралық аккредиттеу әлемдік аренада беделдің, талапкерлер, оның ішінде шетелдіктер үшін тартымдылықтың артқанын білдіреді. Аккредиттеу процесі мұнымен тоқтап қалмайды, керісінше, NU Медицина мектебі Қазақстанда медициналық сала көшбасшылары қауымдастығын қалыптастыру мақсатында өзінің бағдарламалары мен зерттеулерін жетілдіруді жалғастыруға міндеттеме алып отыр.

2015 жылы құрылғаннан бері NU Медицина мектебі инновациялық денсаулық сақтау жүйесін құра алды, оның ішінде ғылыми зертханалар мен Университет медицина орталығы (UMC) бар. Соңғысында медициналық клиникалар үшін “алтын стандарт” саналатын Халықаралық біріккен комиссияның (JCI) аккредитациясы бар. Студенттер UMC-тың академиялық клиникалық кафедраларында тәжірибе жинап, оқуды бітіргеннен кейін резидентурадан өтеді. Осылайша, академиялық медициналық орталық Питтсбург университетінің Медицина мектебі ретіндегі серіктесінің қолдауымен халықаралық медициналық хабқа айнала алады.

Ұқсас жаңалықтар