Назарбаев Университет студенттерді, жас мамандарды, зерттеушілерді, мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдерін және халықаралық серіктестерді 2026 жылғы 28–29 тамызда гибридті форматта өтетін LCOY Kazakhstan 2026 Жергілікті жастар климат конференциясына қатысуға шақырады.
LCOY Kazakhstan 2026 Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК) жанындағы балалар мен жастардың ресми өкілдігі — YOUNGO аясында өткізіледі. Конференция климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл, тұрақты даму және жастардың ұлттық әрі халықаралық климаттық үдерістерге қатысу мәселелерін талқылау үшін шамамен 80 қатысушыны біріктіреді.
Конференция бағдарламасы негізгі баяндамашылардың сөз сөйлеуін, панельдік пікірталастарды, интерактивті семинарларды, консультациялар мен нетворкинг-сессияларды қамтиды. Олар климаттық саясат, климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту, климаттық білім беру, жасыл инновациялар және жастар көшбасшылығы мәселелеріне арналады. Іс-шара қатысушыларға білім мен тәжірибе алмасуға, серіктестік байланыстарды нығайтуға және Қазақстандағы климаттық күн тәртібін ілгерілету бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан жастарының басымдықтары мен ұсынымдарын көрсететін Климаттық іс-қимыл жөніндегі ұлттық жастар декларациясы қабылданады. Декларация жастардың БҰҰ аясындағы өңірлік және жаһандық климаттық үдерістерге қатысуына үлес қосып, 2026 жылғы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP31) қарсаңында Қазақстан жастарының ресми ұстанымы ретінде ұсынылады.
LCOY Kazakhstan 2026 қатысушыларын Назарбаев Университетінде қарсы алуға қуаныштымыз.
