
1 шілдеде Президент Вакар Ахмад NU қызметкерлері, оқытушылары, студенттері мен мүдделі тараптарға өзін таныстырып, университеттің болашағы туралы ойларымен бөлісті. Жаңа президентті Профессор Илесанми Адесида мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек таныстырды.
Өз сөзінде ол университетті әрі қарай дамытып, оны әлемдік аренада беделді мекемеге айналдыруға уәде берді.
Профессор Вакар Ахмад президент міндетін атқарған провост - Илесанми Адесидаға басшы орнын бос қалдырмай, жақсы басқарылған мықты институтты табыстағаны үшін алғыс білдірді.
Ешқандай университет жайдан-жай озық мекемеге айнала алмайды, оқу орнын жауапты қызметтегілер керемет етпейді. Оның айтуынша, NU-ды осындай дәрежеге жеткізген – оқу орнының бүкіл қауымдастығы, оқытушылар мен студенттер, мүдделі тараптар мен әлемнің арғы бетіндегі академиялық серіктестер.
Профессор Ахмад Қазақстан мақтана алатын Университет құру мақсатында жоғары оқу орнының бүкіл қауымдастығымен бірлесіп жұмыс жасауға ниетті, ол, өз кезегінде, өңірдегі жоғары білім беру саласындағы прогресс пен өзгерістің кілті болмақ. NU ғылым мен білім саласына елеулі үлес қосып, қоғам мен экономикадағы өзгерістердің басы-қасында болатын талантты жастарды өсірмек. Жаңа президент университет қауымдастығына ісіне адал болғаны үшін алғыс айтып, әрі қарай да осы жұмыс жалғасатынын жеткізді.
Әлеуметтану және әлеуметтік саясат саласында тәжірибесі бар британиялық ғалым ретінде ол ғылыми журналдарда еңбектерін жариялап, Ұлыбританиядағы беделді Әлеуметтік академиялық ғылымдар академиясының мүшесі атанған. Президент Ахмад Ұлыбританияның жоғары оқу орындарында басшылық қызметтерде болды, яғни, академиялық көшбасшылық саласында білім-тәжірибесі мол. Ол Брэдфорд, Йорк және Лидс университеттерінде жұмыс істеп, Миддлсекс университеті вице-канцлерінің орынбасары болды, ал соңғы кезде Абу-Даби университетін (БАӘ) басқарды. Ол сондай-ақ Лондон университеттік колледжі, Лондон экономика мектебі және Йорк университеттерінде шақырылған профессор болды. Ұлыбритания Зерттеу кеңесінің қаржыландыру бойынша топтары, Англияның Жоғары білім саласын қаржыландыру жөніндегі кеңесі және Ұлттық денсаулық сақтау қызметі Зерттеу жұмыстары мен әзірлемелер жөніндегі комитеттің мүшесі немесе төрағасы болған кезінде білім беру саясаты саласында тәжірибе жинады.
Сонымен қатар профессор Ахмад Ұлыбритания Премьер-Министрінің орынбасары кеңсесінде бас әлеуметтанушы рөлінде игерген теориясын іс жүзінде қолданып көруге мүмкіндік алды.
Көптеген адам одан Абу-Даби университеті (ADU) президенті болған кезінде оқу орнының осындай прогреске аз уақытта қалайша қол жеткізгені туралы сұрады. Оның жауабы не істеу керектігін, алға қойылған мақсаттарға қалай және қашан қол жеткізу керектігін нақты түсінуде болды, сондай-ақ қабылданған стратегияға басқару, ресурстар мен құрылымдарды сәйкестендіру керек. Оқытушыларды жұмысқа алу, бағалау және көтеру үшін жақсы жүйе әзірлеп, қолданысқа енгізу қажет. Мінсіздікті ту ете отырып, академиялық, кәсіби және техникалық ұжымның талантын әрі қарай жетілдіру керек. Студенттерді университетті басқаруға тарту маңызды. Прогресті бақылау және қажет болған жағдайда бағытты реттеп отыру үшін деректерді пайдалану керек.
Мінсіздікке ұмтылу үшін белгілі бір құрылым жасап, арнайы мәдениетті насихаттау қажет. Жұмыс тиісті деңгейде бағалануы керек. Адамдар қателесуі мүмкін, алайда біліксіздік пен немқұрайлылыққа жол берілмеуі керек. Сонымен қатар ол ADU-дың Times Higher Education (THE, 251–300), THE жас университтер (үздік 60) және бедел бойынша THE (125) рейтингтеріндегі орны университет қауымдастығының біріккен жұмысының жемісі екенін айтты.
Ол NU ұжымымен бірлесіп жұмыс істеп, одан да биік белестерді бағындыруды көздеп отыр.
Профессордан неліктен NU-ды басқаруға қызығушылық танытқанын сұраған кезде ол оқу орнының беделі, мақсаттары, зерттеу жұмыстарының нәтижелері, студенттер сапасы мен академиялық тәуелсіздікке деген ұмтылысы таңғалдырғанын жасырмады. Президент Ахмад NU-дың білім мен денсаулық саласын дамыту арқылы ел мен өңірдің дамуына өз үлесін қосу турасындағы арман-мақсаттары өзінің мемлекеттік қызметтерді реформалау жөніндегі талпынысымен келісетінін айтып өтті.
Сөз соңында ол Қазақстан Үкіметіне осындай керемет, жас болса да, әлеуетін таныта алған тәуелсіз университет құруға қол ұшын созғаны үшін алғыс айтты. Қазақстан Үкіметі ел мен өңірдің дамуы және әлемдік аренада құрметке ие болу үшін ғылыми-зерттеу институттары мен академиялық тәуелсіз институттарды құрудың маңызды екенін дер кезінде түсінді.
Қорытындылай келе, NU-ды алға жетелейтін бірден-бір қасиет академиялық мінсіздікке деген талпыныс деуге болады: әлемдік деңгейдегі білім беру мен зерттеу жұмыстарын жүргізу елдің және өңірдің дамуына себепші болмақ. Қазіргі кезде NU Times Higher Education халықаралық рейтингінде - 501-600 диапазонында, сондай-ақ университеттің 22 курсы осы рейтингке кірген. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, деді Президент Ахмад. “Қолда бардың бәрін одан әрі жетілдіру арқылы осы көрсеткіштерді де көтереміз”, — деді ол. Аса дарынды оқытушылар, студенттер мен қызметкерлер, Үкіметтің қаржылық қолдауы, мүдделі тараптардың қолдауы және әлемнің үздік университеттерімен әріптестік – табысқа жетелейтін жол болмақ.
“NU әлемнің үздік университеттерінің бірі атануға талпынуы тиіс. Біз оны қалай жасау керегін білеміз, ендігі қалғаны – ойдағылардың барлығын жүзеге асыру. Осылайша, біз Қазақстан мен өңірде жоғары білімнің дамуына үлес қосып, осы елдің жалпы дамуына әсер етпек ойымыз бар”, — деді Президент.
Соңында Президент Ахмад Саясат Нұрбекке алғыс білдіріп, министрліктің болашақта университет дамуына салатын қаржыландыруы үшін алдын ала рақмет айтты. Президент Ахмад NU-дың барлық қауымдастығымен ортақ мақсаттар жолында бірігіп жұмыс істеуге ниетті.