Цифрлық коммуникациялар дәуіріндегі дипломатия

Бүгінде цифрлық платформалар халықаралық қатынастарға қалай әсер етіп отыр? Жасанды интеллект қоғамды қалай өзгертеді? Nazarbayev University студенттері осы және өзге де мәселелерді Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ларс Стефан Эрикссонмен өткен «Швеция мен Қазақстан: дипломатия тәжірибеде» атты қонақ дәрісінде талқылады.

Кездесу барысында студенттер дипломатияның өзгеруі, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың келешегі, сондай-ақ жасанды интеллектінің еңбек нарығына, білім беру саласына және ақпараттық қауіпсіздікке ықпалы туралы сұрақтар қойды. Елші цифрлық платформалар дипломаттарға қоғаммен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін және олардың дәстүрлі дипломатиялық жұмыс тәсілдерін толықтыратынын атап өтті.

Екіжақты қарым-қатынастар туралы айта келе, дипломат Қазақстан мен Швеция арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда тау-кен өнеркәсібі, телекоммуникация және фармацевтика сияқты салаларда Швецияның 30-дан астам компаниясы жұмыс істейді. Елші Швецияның Вестерос қаласындағы қазақ диаспорасы туралы да әңгімелеп, оның өкілдері ұлттық дәстүрлерін сақтап келе жатқанын айтты.

Дәріс NU Студенттік үкіметінің Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған жыл сайынғы стипендиялық бағдарламалар жәрмеңкесімен қатар өтті. Іс-шараға «Болашақ» бағдарламасының өкілдері мен он елдің елшіліктері қатысып, студенттерге шетелде білім алу, стипендиялар мен ғылыми-зерттеу бағдарламалары туралы ақпарат берді.

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53