Қазақстанның тәуелсіз генеративті ЖИ жүйелерін құрушысы NU SCAI-дың алғашқы деканы болып тағайындалды

Жетекші зерттеуші және новатор профессор Атакан Варол  халықаралық конкурстық іріктеу нәтижесінде Nazarbayev University Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект мектебінің (School of Computing and Artificial Intelligence, SCAI) алғашқы деканы болып тағайындалды.

Ғылым және білім саласындағы ұлттық маңызы бар жоба ретінде әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны атану — Университеттің стратегиялық басымдығы, осы орайда NU академиялық құрылымын жаңартып, академиялық басқаруды күшейту шараларын жүзеге асыруда. Соңғы уақытта жаңа провост, медицина жөніндегі вице-президент, зерттеулер мен инновациялар жөніндегі вице-провост, академиялық мәселелер жөніндегі вице-провост, сондай-ақ адам ресурстары және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президент тағайындалды. Осы өзгерістер аясында халықаралық деңгейде танылған генеративті ЖИ саласындағы көшбасшы профессор Атакан Варол жаңа SCAI мектебінің алғашқы деканы болып тағайындалды.

Профессор Атакан Варол NU-да 15 жылға жуық қызмет етіп келеді. Университеттің профессор-оқытушылар құрамының алғашқы мүшелерінің бірі ретінде ол 2011 жылы робототехника саласындағы қауымдастырылған профессор ретінде университетке қосылды. 2014–2018 жылдары Робототехника кафедрасын басқарды, ал 2018 жылы толық профессор атанды. 2019 жылы ол Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) негізін қалаушы әрі директоры болды. Оның жетекшілігімен институт айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, Қазақстандағы алғашқы үлкен тілдік модель — Kaz-LLM әзірленді. Бұл елдегі жасанды интеллекттің дамуы үшін маңызды кезең болды.

Профессор Варол Сабанджи университетінде мехатроника мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін, ал Вандербильт университетінде электротехника бойынша магистр және PhD дәрежелерін алған. NU-ға келгенге дейін ол Вандербильт университетінде оқытушы қызметін атқарған.

NU президенті Вакар Ахмад: «Профессор Варолдың академиялық беделі, басқарушылық тәжірибесі және кең кәсіби байланыс желісі SCAI-ды әлемдік деңгейдегі мектепке айналдыруға жол ашады. Ол — көрнекті оқытушы, зерттеуші және инноватор. Оның жетекшілігімен ISSAI жасанды интеллект саласында ғылыми және практикалық маңызы жоғары шешімдер әзірлеп, елдің цифрлық егемендікке қарай ілгерілеуіне ықпал етті», — деп атап өтті.

SCAI-да бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шамамен 2 500 студент білім алмақ. Мектеп әлемдік деңгейдегі инфрақұрылыммен, соның ішінде суперкомпьютер қолдану мүмкіндіктері және мықты инновацияларымен белгілі. SCAI-дың құрылуы ақылды жүйелер, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында ұлттық сұранысты өтеуге бағытталған. Мектеп осы бағыттарда білім мен зерттеуді дамытатын, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті өңірлік әрі жаһандық орталық ретінде қарастырылады. Сондай-ақ ол жоғары білікті мамандар даярлап, ғылыми зерттеулер жүргізуге және жоғары технологиялық экономикалық секторларды қолдауға үлес қоспақ. Жоба өңірдегі жетекші ғылыми-технологиялық парктің қалыптасуы аясындағы инновациялық экожүйеге салынған белсенді инвестициялар кезеңінде жүзеге асырылуда.

Профессор Атакан Варолдың тағайындалуы — NU-дың жаңа, өршіл стратегиясына сәйкес академиялық басқаруды нығайту жөніндегі кең ауқымды реформаларының бір бөлігі. Бұл стратегия жақында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі төрағалық ететін Жоғары қамқоршылық кеңесімен бекітілген.

Профессор Атакан Варолды жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтаймыз және NU-дағы Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект мектебін қалыптастыру мен дамыту жолында табыс тілейміз!

Up

© Nazarbayev University

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53