
Nazarbayev University «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдайды
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында студенттер мен Астана тұрғындары Nazarbayev University аумағындағы жаңа саябаққа 500 ағаш отырғызды. Көгалдандыру жұмыстары басталғаннан бері мұнда барлығы 5 мың ағаш отырғызылды, әрқайсысының өз тарихы бар.
Университет бағдарламаны қолдайды, өйткені оның басты ойымен үндес: табиғатқа қамқорлық бір реттік шара емес, тұрақты іс болуы керек. Сондықтан жоба алдағы жылдарға арналған. Ағашты отырғызу ғана емес, оны өсіріп-баптау да маңызды.
Ағаш отырғызуға жас жұбайлар, жас ата-аналар және бірінші курс студенттері қатысады. Олардың әрқайсысы үшін өз ағашы өмірдегі жаңа кезеңнің бастауы: отбасын құру, баланың дүниеге келуі немесе оқудың алғашқы жылы.
Әр ағаштың цифрлық паспорты болады. Арнайы сайттан ағаштың түрін және оны кім отырғызғанын біліп, оның өсуін, топырақ пен судың жай-күйін бақылауға, әрі қарай күтім жасауға болады. Осылайша 5000 ағаш 5000 бірегей тарихқа айналады.
Жаңа саябақ барлық қала тұрғындары мен қонақтарына ашық болады. Осылайша университет студенттер мен қауымдастықты ортақ іске тартып, Қазақстанның таза әрі жасыл болуына өз үлесін қосады.