Ғылым мен атом энергетикасы: ынтымақтастық әлеуеті

Nazarbayev University-дің ғылыми әлеуетін Қазақстанның атом саласымен ұштастыру мүмкіндіктері, қолданбалы зерттеулерді іске асыру және жоғары білікті кадрлар даярлау мәселелері 21 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Саткалиевтің университетке жасаған сапарының басты тақырыптарына айналды.

NU басшылығымен өткен кездесуде тараптар өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, атом энергетикасы жобаларын ғылыми-техникалық тұрғыда сүйемелдеуге ғалымдардың қатысуы, ядролық және радиациялық технологияларды, сондай-ақ материалтану саласын дамыту мәселелері сөз болды.

Сапар барысында Алмасадам Саткалиев университеттің зерттеу инфрақұрылымымен танысып, импульстік ион үдеткіші, электрондық микроскопия, нанофабрикация, озық робототехника мен мехатроника, энергетикалық және ғарыштық инженерия зертханаларын аралады.

Сонымен қатар профессор Жұмабай Бакенов жетекшілік ететін Жаңа материалдар мен энергетикалық технологиялар институтына (INMET) ерекше назар аударылды. Институт мамандары ядролық және термоядролық қолданбаларға арналған перспективалы материалдарды, сенсорлық жүйелерді және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологияларын әзірлеуге бағытталған зертханалардың ғылыми және білім беру мүмкіндіктерін таныстырды.

Сапар қорытындысында Агенттік төрағасы NU-дың ғылыми құзыреттерінің жоғары деңгейін атап өтіп, университеттің зерттеу инфрақұрылымын Қазақстанның атом саласына қажетті қолданбалы міндеттерді шешу үшін пайдалануға қызығушылық білдірді.

Up

© Назарбаев Университеті

Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 53