Орталық Азияның ең үздік оқу орны – Nazarbayev University (NU) биыл 15 жылдық мерейтойын тойлайды. Осы уақыт ішінде ол түрлі академиялық жетістіктерге жетіп, ғылым мен таланттарды дамыту жолында еңбек етті.
Бүгінде 10,5 мың маман – NU түлегі, олардың 92%-ы Қазақстанда қалып, еліміздің экономикасының түрлі саласының дамуына үлес қосуда.
Құрылған сәттен бастап, NU Қазақстанның лайықты адами капиталын қалауда шешуші рөл атқарды. Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен мықты ғалымдарымызды шақырып, оларға ғылыммен айланысуға жағдай жасап, олардың Отанға оралып, ел игілігі үшін қызмет етуіне ықпалдасты. Басында шетелдік ғалымдар университеттің академиялық және ғылыми базасын құруға көмектескен болса, қазіргі кезде құйылған инвестициялар мен қажырлы еңбектің арқасында қазақстандықтар қатары артып, олар NU-дың барлық саласында қызмет етуде. Бүгінде университетте 2 мыңнан астам жас қазақстандық ғалым жұмыс істеп жатыр. Әлемнің ең үздік оқу орындарын аяқтаған қазақстандық постдокторанттарды қайтаруға бағытталған бағдарлама аясында және үздік ғалымдарымызды қайтару арқасында қазіргі кезде университетте қызмет ететін оқытушылардың 35%-ы – қазақтар. Сондай-ақ біз қазақстандықтардың жоғары қызметте екеніне мақтанамыз. Атап айтқанда, оқу орнының Басқарушы кеңес мүшелерінің басым бөлігі – қазақстандықтар. NU президенті 2030 жылға дейін оқытушылар қатарының 40%-ын қазақстандық етуді көздеп отыр. Декандар мектебі арқылы біз сондай-ақ Қазақстанда жоғары білім саласы менеджментін дамытуға үлес қосудамыз.

NU жанындағы National Laboratory Astana – жүргізілген жұмыстың жарқын мысалы, мұнда қазақстандық ғалымдар ауыз толтырып айтуға тұрарлық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Олардың қатарында – қатерлі ісікке қарсы дәрі әзірлеген Дос Сарбасов (АҚШ-тан келген), сутегі өндірісі үшін күн энергиясының тиімділігін арттыру бойынша жұмыс істеп жатқан Нұрхат Нұраже, литий-ионды батарея технологиясына маманданған Жұмабай Бәкенов, электрлік техника саласындағы сарапашы Ахан Алмағамбетов, перовскит күн батареяларын жасаумен айналысып жатқан Асхат Жұмабеков және робототехникалық технологияларды дамыту бойынша жұмыс істейтін Анара Сандығұлова.

Сонымен қатар NU қазақ тіліндегі жасанды интеллектті дамытумен айналысады. Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты Soyle App көптілді аударма құралы, Oylan компьютерлік көру жүйесі, Tilmash екі жақты машиналық аударма құралы, Umai виртуалды көмекшісі және KazLLM тілдік моделі сияқты IT-шешімдерді әзірледі. Атап өту керек, жасанды интеллект саласын игеріп келе жатқан институт қызметкерлерінің 98%-ы – қазақстандықтар. Аталған инновациялар – NU-да жұмыс істейтін ғалымдардың Қазақстанның технологиялық прогресіне және еліміздің цифрлық егемендігіне қосып жатқан үлесінің бірден-бір дәлелі.
NU алға баса бермек, университет басқа да қазақстандық оқу орындарымен өз тәжірибесімен бөлісіп, өңірдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруды жалғастырады. Білім беру мен зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін халықаралық стандарттарға сай жағдай жасап, NU ең мықты ғалымдарды тартып, Қазақстанның өңірдегі ғылым, технология мен инновациялық орталық ретінде дамуына ықпал етуде.








