5 қыркүйек 2025
Осы мақаламен бөлісіңіз2025 жылғы 5 қыркүйекте Nazarbayev University-де «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» атты республикалық конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев қатысты. Конференция Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылды.
Конференцияның басты ұйымдстырушысы — Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы. Форум жұмысына отандық және шетелдік белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Олардың қатарында Nazarbayev University Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамильоғлы бар. Ол өз сөзінде студенттердің академиялық қазақ тілін меңгеруінің ғылымды мемлекеттік тілде дамытудағы маңызын атап өтті. Университетте әрбір студент кемінде екі қазақ тілі курсынан өтеді, ал кейбір мамандықтар бойынша мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеру емтиханы қарастырылған.
«Өкінішке қарай, мемлекеттік стандарттарға қарамастан, мектеп түлектерінің бір бөлігі қазақ тілін жеткілікті деңгейде меңгермей келеді. Жыл сайын шамамен 800 талапкердің ішінде 130-ға жуық студент қиналады. Сол себепті біз “Базалық қазақ тілі” курсын енгізіп, олардың кейінгі, күрделі деңгейлерді игеруіне мүмкіндік жасадық», — деді профессор Шамильоғлы.
Конференция барысында ғылым, білім, технология, тіл саясаты және цифрландыру салаларындағы өзекті мәселелер талқыланды. Ерекше назар қазіргі ғылыми-цифрлық кеңістіктегі қазақ тілінің орны мен болашағына аударылды.
Іс-шараның шарықтау сәті — «Ұлттық диктант» жобасы болды. Мемлекеттік тілде өткен диктантқа 200-ге жуық қатысушы, соның ішінде министрлер, Парламент депутаттары, білім беру ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Акцияның мақсаты — жазу мәдениетін дамыту, сауатты жазу дағдысын қалыптастыру және тілді ұлттық бірегейлікті нығайтудың басты құралы ретінде дәріптеу. Диктантты белгілі тележүргізуші Қымбат Досжан оқыды. Мәтін қазақ әдебиетінің классиктері шығармаларынан таңдап алынды.