
8 мамыр 2025
Осы мақаламен бөлісіңізNU студенттеріне Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде экскурсия жүргізілді.
Шараны NU-дың Қазақ тілі және түркітану кафедрасының профессорлары Мейрамгүл Құсайынова мен Жазира Ағабекова ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылар студенттер үшін осындай экскурсиялардың маңызын атап өтті: бұл Қазақстан Республикасының Жоғарғы заң шығарушы органы — Парламенттің төменгі палатасының, Мәжілістің, қызметімен танысуға мүмкіндік береді; жастардың болашақ кәсіби мансабына деген ынтасын қалыптастыруға ықпал етеді, сондай-ақ отансүйгіштік пен Отанға деген құрмет сезімін нығайтады.
Сонымен қатар студенттер VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары — Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиевпен кездесті. Депутаттар студенттерге Парламент Мәжілісінің қызметі, заң жобаларын талқылау және қабылдау рәсімдері, сондай-ақ депутаттардың сайлаушылармен өзара іс-қимылы туралы айтып берді.
Еліміздегі білім және ғылым жүйесінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, жастар саясаты және жас мамандар үшін мансап құру мүмкіндіктері туралы белсенді диалог өтті. Өз кезегінде депутаттар Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі NU-дың білім беру және ғылыми қызметінің сапасын жоғары бағалады.
Экскурсия барысында студенттер Қазақстан Республикасы Парламентінің Бас мәжіліс залымен, комитеттерінің мәжіліс залдарымен, ақпараттық стендтермен, сондай-ақ Парламент кітапханасымен танысты. Кітапхана қызметкерлері оның жұмыс режимі, ғылыми және көркем кітап қорлары туралы айтып берді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды, мәселен, депутаттардың қандай кітаптарды оқитыны туралы сұрап-білді.