барлық жаңалықтар
12 шілде 2024 Оқиғалар#NUgoesGLOBAL

Өзбекстанның мектеп оқушылары NU-да қонақ болды

Өзбекстанның мектеп оқушылары NU-да қонақ болды

12 шілде 2024

Осы мақаламен бөлісіңіз

Екі күн ішінде Самарқан мен Бұхараның Президенттік және жеке меншік мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері NU зертханаларымен танысты.

Бұл сапар осы жылдың сәуір айында Өзбекстанның жетекші университеттері мен мектептеріне қазақстандық жоғары оқу орны басшылығының ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластық шеңберінде мүмкін болып отыр. Кампусқа орналастырылған қонақтар университет өмірін толығымен сезінуге мүмкіндік алды, онда қазір демалыс кезеңі екеніне қарамастан, зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 81 елден келген мектеп оқушыларын жинаған биологиядан халықаралық “IBO-2024” олимпиадасы өтуде.

Өзбекстандық делегацияны қарсы алған NU-дың вице-президенті Кадиша Дайырова университеттің әрқашан академиялық бағдарламалары мен зерттеу әлеуетін жақсартып отыруға тырысатынын айтты. “"NU Times Higher Education (THE) әлем университеттері рейтингінде үздіктердің 30%-ы қатарына кіріп, Орталық Азия мен Кавказ ЖОО-лары арасында көш бастап тұр, THE жас ЖОО-лар рейтингінде 106-орында тұр. Біз гуманитарлық, инженерлік және цифрлық ғылымдар, тау-кен және геоғылымдар, математика, физика, химия және биология бойынша сапалы білім алған студенттеріміз бен түлектерімізді мақтан тұтамыз. Біздің түлектер – біздің абыройымыз. Олар NU дипломының әлемдік университеттермен бәсекеге түсуге қабілетті екенін дәлелдеп жүр”, — деді вице-президент. Ол сондай-ақ екі күнге созылатын экскурсия кезінде Өзбекстанның болашақ түлектерін университеттің инфрақұрылымы және мүмкіндіктерімен танысуға шақырды.

Қонақтар экскурсия кезінде зертханаларды аралап, түрлі тәжірибелерді өз көзімен көрді, Мектептердің профессорларымен және студенттік клубтардың өкілдерімен кездесті, сондай-ақ делегация мастер-класстарға және түрлі спорт шараларына қатысты.

“Мен осы уақытқа дейін Өзбекстандағы бір университетті қарастырып отырғам, болашақта өзімді дипломат ретінде көремін. Астанаға келгеннен кейін мен NU-дың керемет таңдау болатынын түсіндім. Бірінші курста студентке оқу бағытын таңдауға уақыт берілетіні ұнады. Мұнда саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығы бар екеніне қуаныштымын. Мен сондай-ақ кампустың қаншалықты үлкен екенін және мұндағы адамдардың қаншалықты мейірімді екенін білмеппін. Студенттердің зерттеу жұмыстарына қатысып, ғылыми конференцияларға қатыса алатыны ұнады”, — деді Амирабону Орипова, Бұхарадағы “Білім академиясының” 10-сынып оқушысы.

NU Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) жас ғалымдары өзбекстандық оқушылар мен мұғалімдерге жасанды интеллект негізіндегі роботтарды, тілдік технологияларды көрсетті. Сондай-ақ қонақтар NURIS инновациялық кластерінің Fab Lab зертханасына барды.

“Мен NU таныстыру бағдарламасында ұсынылған ақпараттың тереңдігі мен алуан түрлілігіне таң қалдым. Өз тәжірибелерімен және білімдерімен бөліскен оқытушылардың егжей-тегжей түсіндіргені мен кәсібилігі ерекше әсер қалдырды. NU-ды таңдау біздің оқушылар үшін жақсы шешім болатынына сенімдімін”, — деді Самарқандағы Президенттік мектеп директорының кеңесшісі Сарвиноз Аликулова.

Қазақстандық НЗМ сияқты құрылған Өзбекстандағы алғашқы Президенттік мектеп 2019 жылы ашылды, қазір еліміз бойынша 14-ке жуық мектеп бар. Соңғы жеті жылда көрші елде жастарды жоғары біліммен қамту 9%-дан 42%-ға дейін өсті.  Жаңа ЖОО-лар ашылуда. Өткен жылы NU Ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан "Жаңа Өзбекстан" (New Uzbekistan University) жас университетінің рөлі ерекше.

“Соңғы 10 жылда Өзбекстандағы білім беру жүйесі жаңа деңгейге көтерілді, бірақ Қазақстанның қарқыны таңғалдырады. Біздің оқушылар NU туралы естіген, алайда NU-дың шын мәнінде қандай екенін білмеді. Менде түсінік болғанымен, оқу бағдарламаларына, университеттің сапасына қатты таңғалдым: бәрі жоғары деңгейде. Мен өзім Америкада оқыдым және америкалық университеттердің 80%-ы NU-мен салыстыруға келмейтінін айта аламын, әсіресе студенттермен жұмыс, инфрақұрылым және мүмкіндіктер бойынша”, — деді “Білім академиясы” мектебінің директоры Фирдавс Наврузов.

Оның айтуынша, екі оқушы қазірдің өзінде NU-да оқу бойынша кеңес алып үлгерді және келесі жылы университетке түсіп көргісі келеді. Сапар соңында, оқушылар мен оқытушылар студенттер клубтарының өкілдерімен әңгімелесіп, қабылдау ережелері мен талаптары туралы білді, сондай-ақ Astro@NU қауымдастығының және астрофизик профессор Дана Алинаның шақыруы бойынша обсерваторияда жұлдызды аспан мен айды тамашалады.

Ұқсас жаңалықтар