29 ақпан 2024
Осы мақаламен бөлісіңіз«Толық адам» ұғымы NU білім беру жүйесіне енгізілді.
Назарбаев Университетінде (NU) 2024 жылғы 28 ақпанында «Абай тағылымы: «Толық адам» және Әділет» атты семинар-тренинг өтті. Шара барысында спикер – профессор, NU-дағы Мәдени орталығының директоры Гүлтас Құрманбай «Толық адам» ұғымын түсіндіріп, және қазіргі Қазақстан үшін өзекті Абай философиясының терең тамырын ашып берді.
«Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінде ғылым-білімсіз ешқандай ілгерлеу болмайтынын айтып, адам өзін танып, өз мінін жөндеп барып, нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректің иесі болғанда «Адамзатты бауырым деп сүйетін» «Толық Адам» деңгейіне жететініне сенімдері артады. Ақыл, қайрат, жүрек әділдікпен сыналғанда адам толық болады», деп атап өтті профессор. Спикер өзінің авторлығымен шыққан Абай жолы эпопеясының қысқаша хрестоматиясымен, «Баба буыннан бала буынға» атты М. Әуезовтың шығармаларындағы өсиет сөздерден құрылған күнпарақпен танысырды.

Ақын-философ, композитор, аудармашы, халықтың рухани тәлімгері Абай Құнанбаевтың тұлғасы туралы еркін сұхбат алаңы ретінде өткен семинар-тренингке NU студенттері, елорда мектептерінің оқытушылары, қоғам қайраткерлері мен университет қызметкерлері қатысты.
«Ұлы ақынның шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Оның терең ойлары мен айғақтары күнделікті істерімізге ғана емес, білім беру жүйесіне де негіз болуы тиіс», - деген пікірімен бөліскен «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүйсебек Әділхан білім саласы ұлттық құндылықтар мен Абай іліміне негізделген ұлттық үлгісіне көшудің маңыздылығын атап өтті.

Ұлы Абайдың тағылымы бойынша «Толық адам» ұғымы NU білім беру жүйесіне әлемдік деңгейдегі білім алып жатқан студенттер мен мемлекеттік істерге араласатын түлектерді отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерге баулу мақсатында енгізілді. Негізгі тұжырымдаманың авторы филолог-ғалым Мекемтас Мырзахметұлы болып табылады. Университеттің айтулы мамандары 2023 жылы «Толық адам»: Тәрбие жұмысы және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» тұжырымдамасын жазып шықты. Бұл Құжатты университеттің Атқару Кеңесі, Жоғарғы Қамқоршылық Кеңесі бірауыздан бекітті.