3 қазан 2025
Осы мақаламен бөлісіңіз2–4 қазан күндері Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 халықаралық форумында Nazarbayev University технологиялық кластеріндегі стартаптар — Mirai Tech және Defect AI — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылды.
Mirai Tech — бұл портативті жасанды интеллект зертханасы. Жоба ақылды ұлтарақ пен киілетін датчиктер арқылы спортшылар мен науқастардың жарақат алуын болдырмай, оңалту процесін жеделдетуге көмектеседі. Стартапты NU Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің ассистент-профессоры Гүлнұр Калимулдина басқарады. Жоба идеясы Жапонияда оқыған кезінде пайда болған: ол кезде ғалым өзін-өзі қуаттайтын материалдардың, яғни қозғалыс немесе діріл сияқты сыртқы әсерден электр энергиясын өндіретін технологиялардың мүмкіндіктерінен шабыт алған. Қазір Mirai Tech командасы ғылыми зерттеуді кең қолдануға болатын қолжетімді шешімге айналдырып жатыр.
Defect AI — дәрігерлердің жұмысын жеңілдететін платформа. Ол медициналық құжаттарды автоматты түрде тексеріп, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына және клиникалық хаттамаларға сәйкестігін анықтайды. Бұл қателіктерді азайтып, айыппұл қаупін төмендетіп, медициналық қызмет сапасын арттырады. Жүйені пайдалану өте оңай: медициналық жүйеден мәліметтерді жүктеп, бар болғаны 5–10 секундта жасанды интеллект толық есеп пен түзету бойынша ұсыныстар дайындайды.
Қазақстан үшін жасанды интеллектті дамыту мен цифрлық егемендікті нығайту — басым бағыттардың бірі. Елімізде ғылым мен технологияның тоғысында жаңа стартаптар пайда болуда. Mirai Tech пен Defect AI — Nazarbayev University-де туған идеялардың шынайы өмірде қолданыс табуының жарқын мысалдары.