19 қыркүйек 2025
Осы мақаламен бөлісіңізӨмір туралы ғылымдар орталығына – 15 жыл: ашылымнан науқасты емдеуге дейін
2025 жылғы 17–19 қыркүйек күндері Nazarbayev University-де Life Science Today 2025 – Frontiers in Biomedicine: Infer, Innovate, Impact атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Форум National Laboratory Astana-ның (NLA) 10 жылдығы мен Өмір туралы ғылымдар орталығының (CLS) 15 жылдығына арналды. Мақсаты – Қазақстанның ғылыми әлеуетін күшейту және халықаралық әріптестікті дамыту.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөзінде биомедициналық ғылымдар энергетика және робототехникамен қатар жаңа стратегиялық бағытқа айналғанын, бұл салада жасанды интеллекттің рөлі ерекше екенін атап өтті.
«Жасанды интеллект биомедицинадан бастап фармацевтикаға дейін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Ол дәл әрі сезімтал, сканерленген бейнелерден адам көзіне көрінбейтін белгілерді таба алады, басымдықтар қояды. Жасанды интеллект үлкен деректерді талдап, болашағы бар молекулалық құрылымдарды модельдеуге көмектеседі. Цифрлық технологиясыз бұл жылдар алар еді», – деді министр.
CLS – NLA құрамындағы негізгі бөлімдердің бірі әрі елдегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі. Мұнда Қазақстан азаматтарының денсаулығы мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған шешімдер әзірленеді. NLA-да 200-ден астам зерттеуші жұмыс істейді. Тек 2024–2025 жылдары 10 млрд теңгеден асатын қаржыға 111 жоба орындалып, 20 патент алынды және 330 ғылыми мақала жарияланды.
«15 жыл бойы CLS Қазақстанның геномика, биоинформатика, биотехнология, онкология, микробиом зерттеулері мен биоинженериядағы позициясын нығайтты. Бұл орталық ғылыми базаны күшейтіп, әлемдік әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін ашты. NLA – пәнаралық идеялар туатын және халықаралық әріптестіктер қалыптасатын алаң. Конференция – жай ғана форум емес, іргелі ғылым мен клиникалық тәжірибенің, академия мен индустрияның, Қазақстан мен әлемдік ғылыми қауымдастықтың диалогы», – деді NU президенті, профессор Вакар Ахмад.
NLA зертханаларында профессор Дос Сарбасовтың жетекшілігімен ісікке қарсы препарат әзірленген. Қазір ол Қазақстанның Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірге клиникалық сынақтан өтіп жатыр. CLS ғалымдары сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азия халқының генетикалық құрылымын зерттеп, дің жасушаларының қартаю үдерістерін талдайды, микробиом жөнінде деректер базасын жасақтап, ішек микробиомының саулығын анықтайтын диагностиканы енгізуде.
«Біздің миссиямыз – тиімді зерттеулер жүргізу. Конференция шетелдік әріптестермен тәжірибе бөлісуге және ынтымақтастық үшін жаңа идеялар табуға мүмкіндік береді. Біз зерттеу бағдарламаларымызды кеңейтуге мүдделіміз», – деді профессор Сарбасов.
Columbia University (АҚШ) профессоры, генетикалық эпидемиология мен нейродегенеративті аурулар саласының зерттеушісі, CLS жанындағы Геномдық және дербестендірілген медицина зертханасының алғашқы серіктестерінің бірі Joseph H. Lee атап өтті:
«Әлемдік деңгейдегі орталықты бір күнде құру мүмкін емес. Бірақ 15 жылда айтарлықтай жетістікке қол жеткізілді. Әрі қарай даму үшін сенімді статистика, халық денсаулығын жақсартуға бағытталған дұрыс сұрақтар қажет. Потенциал бар, әрі үлкен ынта-жігерді көріп тұрмын. Мемлекет қолдау көрсетсе, табысқа жету сөзсіз», – деді ол.
Форум аясында АҚШ, Еуропа және Азия елдерінің ғалымдары 40-тан астам баяндама жасады. Негізгі спикерлер қатарында – Оксфорд университетінің нейроиммунология профессоры Daniel Anthony, Лойс–Дитц синдромын алғаш сипаттаған клиницист-генетик Bart Loeys, Техас университетінің (Сан-Антонио) профессоры, балалар онкологиясының жетекші зерттеушісі Раушан Құрмашева және басқа да сарапшылар бар. Қатысушылар геномика, диагностика, қатерлі ісік биологиясы және микробиомды зерттеу салаларындағы соңғы жетістіктерді талқылады.
Жеке сессиялар регенеративті медицина мен биоинженерияға арналды, ал ми саулығы бойынша сарапшылар Альцгеймер, Паркинсон және деменцияның алдын алу жолдарын тамақтану арқылы баяндап берді. Конференцияға 400-ден астам адам қатысты. Форум жас ғалымдар конкурсының және үздік ғылыми постер авторларының жеңімпаздарын марапаттаумен аяқталды.