барлық жаңалықтар
13 мамыр 2025 #NUstudents

NU түлектері авиация мен ғарышқа арналған инженерлік шешімдерді ұсынды

NU түлектері авиация мен ғарышқа арналған инженерлік шешімдерді ұсынды

13 мамыр 2025

Осы мақаламен бөлісіңіз

Жерге жақын орбита спутниктері, биомедициналық қорытпалар, ЖИ сенсорлары және ғарыштағы электромагниттік кедергілерден қорғау - осы және басқа студенттік шешімдерді Қорытынды жобалар күнінде ірі компаниялар бағалады.

Жыл сайынғы іс-шара Nazarbayev University (NU) мен Механикалық және аэроғарыштық инженерия кафедрасының 15 жылдық мерейтойы аясында өтті. 19 студенттік команда инженерлік жобаларын ұсынды, олардың кейбіреуі өндірістегі серіктестердің нақты мәселелеріне негізделген. Жобаларды Air Astana, Wabtec Corporation, Alstom, Airbus Helicopters, Ghalam LLP, Qazaq Air және Asia IATA сияқты компаниялардың өкілдері бағалады. 

«Біздің мақсатымыз инженерлерді ғана емес, күрделі мәселелерді шешуге қабілетті көшбасшыларды дайындау», — деді кафедра меңгерушісі профессор Эссам Шехаб. — «Біз Amazon, Airbus, Rolls Royce, Air Astana, Alstom және т.б. компаниялар өкілдерімен кездесулер өткізіп, саламен байланысты жандандырдық. Жыл сайын нақты индустрия мәселелеріне негізделген студенттік жобалардың саны артып келеді. Өнеркәсіппен тығыз байланысымыздың арқасында төрт түлегіміз Qazaq Air-ден жұмысқа орналасуға ұсыныс алды, ал Ghalam кем дегенде тағы төрт студентті жұмысқа орналастыруға мүдделі».

Ghalam компаниясы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тапсырысы бойынша кең ауқымда қолданылатын Жерді қашықтан зондтайтын орташа деңгейдегі үш жерсерігін жасауда. Комитет төрағасының орынбасары Алан Қазкеновтың айтуынша, жаңа жобалардың өсуі мен олардың күрделілігі білікті инженерлерге деген сұранысты арттырады.

«Қазақстандық жоғары оқу орындарының, соның ішінде NU студенттері Аэроғарыш комитетінің 10 кәсіпорнында тәжірибеден және тағылымдамадан өте алады. Комитет әртүрлі деңгейдегі бес спутникті әзірлеу жобаларына жетекшілік етіп, Ай телескопын жасау бойынша перспективалық жобаны іске қосуға дайындалуда. Біздің міндетіміз — еліміз ғарыш нарығына сенімді түрде шыға алатындай етіп өзіміз үшін маңызды технологияларды жасау. Студенттер ұсынған жобалардың бірі нанотүтіктер арқылы электромагниттік сәулеленуден қорғау болды. Жоба өте өзекті, өйткені ғарышта тіпті болмашы кедергілер қымбат жабдықтың істен шығуына әкелуі мүмкін. Ғарыш саласын дамыту үшін берік инженерлік база — материалтану, нақты есептеулер, технологиялық дайындық қажет. Бұл мағынада NU-дың мықты тұсы — іргелі ғылым мен қолданбалы зерттеулердің үйлесімі. Университетте біздің мүмкіндіктерімізді тиімді толықтыра алатын заманауи ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы бар және біз ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз», — деді Алан Қазкенов.

Механикалық және аэроғарыштық инженерия кафедрасы осы уақытқа дейін 292 инженерді дайындап шығарды, ал қазіргі таңда бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша 304 студент білім алуда, олардың көбі Қазақстанның және әлемнің дамуына зор үлес қосып жатыр. 2018 жылдан бастап кафедраның тұрақты өндірістік серіктесі — «Эйр Астана» АҚ.

«Бүгінде біз NU студенттерімен бірлестікте төрт жобаны іске асырдық. Менің бір қызметкерім — университет түлегі, екі жылдың ішінде өзін білікті маман ретінде көрсете білді. Біз ынтымақтастықты жалғастырып, студенттер мен түлектерді командамызға қосылуға шақырамыз», — «Эйр Астана» АҚ Корпоративтік портфельді басқару кеңсесінің аға менеджері Индира Төлеуова. 

Биыл университеттің мерейтойына орай үздік студенттік жобалар өндірістегі серіктестер мен кафедраның арнайы сертификаттарымен марапатталды. Бұл бағдарлама соңғы курс студенттеріне еңбек нарығына аса қиындықсыз шығуға көмектеседі. NU-да британиялық университеттердің озық тәжірибесі негізінде өткізілген Capstone презентациясы студенттерді кәсіби мансапқа даярлаудың тиімді құралына айналды.

 

Ұқсас жаңалықтар