барлық жаңалықтар
9 шілде 2025 ##NUgoesGLOBAL##NUnews

NU Қытайда Қазақстанның білім беру көшбасшыларын оқытып жатыр

NU Қытайда Қазақстанның білім беру көшбасшыларын оқытып жатыр

9 шілде 2025

Осы мақаламен бөлісіңіз

THE рейтингінде әлемнің үздік 200 жоғары оқу орнының қатарына кіретін NU GSE «Білім берудегі өңірлік көшбасшылық: инновациялар мен жасанды интеллект тәжірибеде» атты біліктілікті арттыру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр.

Бағдарлама облыстық білім басқармаларының басшыларына, мектептер мен колледж директорларына, мектепке дейінгі ұйымдардың жетекшілеріне, сондай-ақ аудандық және қалалық білім бөлімдері мен Оқу-ағарту министрлігінің мамандарына арналған.

Ақпаннан қыркүйекке дейін жалғасатын бағдарлама аясында халықаралық модуль — «Мұғалім мен жасанды интеллекттің симбиозы: кәсіби әрі инновациялық білім беру ортасын қалыптастыру» өткізіліп жатыр. Бұл модуль Шанхай қаласында, Шанхай педагогикалық университеті мен ЮНЕСКО-ның Мұғалімдерді даярлау орталығының серіктестігімен өтуде.

1-7 шілде аралығында қатысушылар Қытайда білім беру жүйелерінің жаһандық трансформациясы мен Қазақстандағы өзекті реформаларға арналған қарқынды оқыту бағдарламасынан өтті. Бағдарламаға дәрістер, сараптамалық форумдар, тақырыптық кейс-сессиялар, мектептер мен зертханаларға, ғылыми-зерттеу институттарына сапарлар, сондай-ақ технологиялық компаниялар мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер енді. Сабақтарда жасанды интеллекттің педагогикада қолданылуы, мұғалімдерді бағалаудың жаңа үлгілері, мектепті стратегиялық басқару және инклюзивті орта құру мәселелері талқыланды.

«NU GSE үшін бұл модуль — өңірлермен тұрақты әріптестікке жасалған маңызды қадам. Біздің мақсатымыз — тек білім беру емес, сонымен қатар стратегиялық диалог орнатып, кәсіби даму мен білім беру саласындағы инновациялық басқаруды дамыту. Шанхай модулі өңірлік әлеуетті арттырып, білім сапасы мен қолжетімділігін жақсартатын технологияларды енгізуге жол ашады», — деді NU GSE-дің кәсіби даму бағдарламалары жөніндегі директоры Жаңыл Жонтаева.

Бағдарламада практикалық нәтижелерге ерекше көңіл бөлінді: қатысушылар өз өңірлерінің ерекшеліктерін ескере отырып, басқарушылық бастамаларды әзірледі. Күзде бұл бастамалар жетілдіріліп, білім беру көшбасшыларын қолдауға арналған ұлттық жүйенің құрамдас бөлігіне айналады. Айта кету керек, бұл NU GSE-дің білім беру саласындағы көшбасшылықты дамытуға бағытталған үшінші ірі жобасы. 2023 жылы 80 ректор мен проректор, ал 2024 жылы 80 декан мен кафедра меңгерушісі оқудан өтті.

 

Ұқсас жаңалықтар