4 мамыр 2024
Осы мақаламен бөлісіңізТараптар ортақ білім беру бағдарламалары мен зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың тәжірибе алмасуын қамтамасыз етуге келісті.
30 сәуір мен 2 мамыр аралығында NU делегациясы екі ел арасындағы байланыстарды нығайту және ынтымақтастық құру үшін Өзбекстанның жетекші жоғары оқу орындары мен мектептеріне барды. Үш күн ішінде делегация Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің, Өзбекстанның Жоғары білім және инновациялар министрлігінің өкілдерімен, сондай-ақ Өзбекстан ұлттық университеті, Әлемдік экономика және дипломатия университеті, Ташкент медициналық академиясы, New Uzbekistan University, OSUS университеті және басқа да оқу орындарының менеджментімен кездесті. Кездесу барысында тараптар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
.jpg)
NU президентінің м.а., доктор Илесанми Адесида атап өткендей, NU Times Higher Education (THE) рейтингі бойынша әлемдегі зерттеу жұмыстарымен айналысатын үздік жоғары оқу орындарының 30%-ының қатарына кіріп, Орталық Азия мен Кавказ университеттерін әлдеқайда артта қалдырып отыр. Бұл NU-дың өңірдің жоғары білім беру саласында көшбасшы екенін, сондай-ақ бүкіл университет қауымдастығының еңбекқорлығы, таланты мен әрі қарай дамуға деген талпынысын растайды.
«NU жуырда THE рейтингі бойынша Азия елдері университеттерінің үздік 11%-ына кіріп, 1 127 ЖО арасында 129-орынға ие болды. Бұл тағы да NU-дың білім беру мен ғылыми зерттеулерді сапалы жүргізуге деген ұмтылысын, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын әлемдік деңгейдегі университетті құру туралы шешімнің орынды болғанын дәлелдейді», — деді доктор Адесида. «Біз адалдықты ту етіп, өз ісінде мінсіздікке талпынған дарынды студенттерімізді, оқытушыларымыз бен қызметкерлерімізді мақтан етеміз».

Өзбекстан ведомствосының өкілдері елдегі білім беру реформалары, 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындардың академиялық, қаржылық және ұйымдастырушылық-басқарушылық дербестікке толық көшкені, сондай-ақ университтер санының айтарлықтай артып, соңғы жеті жылда жастарды жоғары біліммен қамту көрсеткіші 9%-дан 42%-ға дейін өскені туралы айтып берді.
«NU делегациясының Өзбекстанға аяқ басуы – қазақстандық университеттермен арадағы ынтымақтастықтың дамып жатқанының жарқын мысалы. Сондай-ақ біз ғылым мен зерттеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл ретте ынтымақтастық жүргізу мен пікір алмасуға мүмкіндік беретін бірнеше платформа бар екенін айта кету керек, оның ішінде Орталық Азия ректорларының форумын айтуға болады, онда біз Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарындағы әріптестерімізбен кездесіп, тәжірибе алмасамыз. Арадағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытатын боламыз», — деді ведомствоның Халықаралық ынтымақтастық басқармасының бас маманы Мұхамедазиз Хакимов.
Әлемдік экономика және дипломатия университетінде NU делегациясы Олий Мәжіліс Сенаты төрағасының бірінші орынбасары, университет ректоры Содик Сафоевпен кездесті. Тараптар ортақ білім беру бағдарламалары, студенттердің академиялық ұтқырлығы мен оқытушылардың тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.
Өзбекстанның ең көне медициналық жоғары оқу орындарының бірі – Ташкент медицина академиясымен NU Медицина мектебі арасында Ынтымақтастық туралы меморандум жасасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. NU Медицина мектебінде медицина мен денсаулық сақтау саласына мамандар даярлаудан басқа, биомедициналық және химиялық инженерия саласында зерттеулер жүргізілуде.

Айта кету керек, Өзбекстандағы NU-дың алғашқы серіктесі Өзбекстанның жаңа университеті (NUU) болды. Білім ордасымен өткен жылдың қазан айында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын.
«Біз академиялық көшбасшылық бағдарламасы (Academic leadership program) аясында өзбекстандық көшбасшылар үшін тренингтер өткізуге дайынбыз. Сондай-ақ Ташкентте NU Open House Day және NU-ға түсу емтихандарын өткізуге ниеттіміз. Айта кетейік, NU ақылы және тегін негізде білім береді, сондай-ақ Өзбекстаннан келген студенттерге арнайы стипендиялар ұсынады. Тығыз ынтымақтастық орнатуға әзірміз», — деді NU Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева NUU басшылығымен кездесу кезінде.
Осымен университет делегациясының Өзбекстанға үш күндік сапар жақсы өтіп, NU мен Өзбекстанның оқу орындары арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа және жалпы Орталық Азиядағы білім беру саласындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашылды. Қазақстандық университеттің делегациясы өзбекстандық тараптың қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, министрлік өкілдерін, сондай-ақ жоғары оқу орындарының басшылары мен профессорларын жақын арада Астанадағы NU кампусына шақырды.