14 тамыз 2025
Осы мақаламен бөлісіңізNazarbayev University (NU) және SOAS (Лондон университетінің Шығыс пен Африка зерттеулері мектебі) «Жаһандық қатынастар және Еуразияны зерттеу» атты жаңа бірлескен магистратура бағдарламасын жариялады.
NU мен SOAS Лондон университеті стратегиялық әріптестігін нығайтып, Лондонда өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа NU президенті профессор Вакар Ахмад және SOAS вице-канцлері профессор Адам Хабиб қол қойды. Рәсімге екі тараптың да жоғары лауазымды өкілдері қатысты.
Бұл серпінді ынтымақтастық NU мен SOAS Лондон университетінің жаһандық және өңірлік сын-қатерлерді бірлескен білім беру және зерттеу арқылы еңсеруге деген ортақ ұстанымын көрсетеді. Жоба студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттырып, мәдени байланыстарды дамытады және ауқымды зерттеу бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл әріптестік ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Қазақстанды жоғары білім реформалары бойынша өңірлік хабқа айналдыруға бағытталған стратегиялық көзқарасына сай келеді.
NU президенті профессор Вакар Ахмад: «NU мен SOAS-ты жаһандық мәселелерді білім, ғылым және әлеуетті дамыту арқылы шешуге деген ортақ мақсат біріктіреді. Біздің оқытушылар әзірлеген бұл бағдарлама серіктестігіміздің бастамасы ғана. Біз оны одан әрі нығайтып, кеңейтуді көздейміз. Бағдарлама талантты студенттерге екі жетекші университетте білім алуға және беделді саясаткерлермен тікелей пікір алмасуға бірегей мүмкіндік береді», – деді.
SOAS вице-канцлері профессор Адам Хабиб өз кезегінде: «Халықаралық ынтымақтастық – біздің болмысымыз бен миссиямыздың ажырамас бөлігі. Бұл – жаңа бесжылдық стратегиямыздың негізі. Ол студенттерге дүниетанымын кеңейтуге, аймақтық ерекшеліктерді терең түсінуге және өзара байланысты әлемде қажет дағдыларды дамытуға жол ашады. Осы жолды Nazarbayev University сияқты академиялық озық, инновациялық әрі көшбасшы оқу орнымен бастайтынымызға қуаныштымын», – деп атап өтті.
«Жаһандық қатынастар және Еуразияны зерттеу» бағдарламасына құжаттырды қабылдау 2025 жылдың күзінде басталады. Алғашқы оқу жылы 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
NU мен SOAS-тың институционалдық әлеуетін біріктірген бұл бағдарлама Еуразиядағы халықаралық саясатты терең зерттеуге бағытталған бірегей академиялық негіз ұсынады. Сонымен қатар, бағдарламаның тағылымдама бөлігі студенттерге тәжірибелік машықтар алуға жағдай жасайды.