
6 мамыр 2025
Осы мақаламен бөлісіңізNU және Técnicas Reunidas халықаралық испаниялық инженерлік-құрылыс компаниясы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Келісім аясында NU-дың инженерлік бағыттағы студенттері беделді испаниялық компанияда алты айлық тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.
Алты айлық тағылымдама екі бөлімнен тұрады: алдымен екі ай студенттер мадридтік инженерлерден онлайн сабақтар алады, содан кейін қыркүйек айында Мадридке жол тартып, онда 3-4 ай бойы тағылымдамадан өтеді. Барлық шығынды компанияның өзі өтейді.
"Жыл сайын Қазақстаннан 30 студент іріктеліп алынады. Бірінші кезеңде біз университеттен "инженерия" бағыты бойынша білім алатын ең талантты студенттердің тізімін ұсынуды сұраймыз, әрі қарай екі кезеңде сұқбат өткізіледі. Бірінші кезең – үміткерлердің тұлғалық қасиеттерін бағалауға мүмкіндік беретін HR-сұқбат. Содан кейін – инженерлер жүргізетін техникалық сұқбат", — деп түсіндірді Técnicas Reunidas компаниясының елдегі HR менеджері Фирангиз Маммадова.
Тағылымдама аяқталғаннан кейін қатысушылар бағаланып, тамаша нәтиже көрсеткендер Técnicas Reunidas-тан жұмысқа орналасу туралы ұсыныс алады.
"Біз көптеген жұмыс берушімен бірлестікте жұмыс істейміз, Қазақстандағы 300 жетекші компаниямен ынтымақтастықтамыз. Шындығында, біздің студенттер сұранысқа ие, оқу бітіргеннен кейін олар түйіндеме құшақтап жұмыс іздемейді, өйткені Мансап және кәсіптік бағдарлау орталығы оларға сай келетін ұсыныстарды алдын ала табуға көмектеседі. Әлем күннен-күнге белгісіз әрі күрделі болып келеді. Қазақстанды таңдап, дарынды жастарға жұмыс орындарын құрып жатқандарыңыз үшін рақмет айтамын", — деді университеттің студенттік істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті Кадиша Дайырова.
Кездесу соңында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті.
Анықтама: Técnicas Reunidas — 1959 жылы Мадридте құрылған испаниялық инженерлік-құрылыс компаниясы. 60 жылдан астам уақытта ол әлемнің 50 елінде, соның ішінде Қазақстанда мыңнан астам өнеркәсіп нысандарын жобалап, салған. Таза отын, табиғи газ және мұнай-химия өнімдерін өндіретін зауыттарды жобалауға және салуға маманданған.