7 сәуір 2025
Осы мақаламен бөлісіңізЖыл сайынғы AUA саммиті биыл Жапония астанасы Токиода өтеді
Биылғы 16-20 сәуір аралығында Токиода Asian Universities Alliance (AUA) Summit 2025 өтеді, оған Азияның 15 жетекші университеті өкілдері қатыспақ. Nazarbayev University-дің (NU) атынан бұл маңызды шарада университет президенті Вакар Ахмад, Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының директоры Атакан Варол, сондай-ақ Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры Прашант Джамвал болады.
Биылғы саммиттің негізгі тақырыбы үш бағытта болады: жоғары білім берудегі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер, технологиялық инновациялар және жаһандық тұрақтылық. Атап айтқанда, қатысушылар университеттердің қаржылық тұрақтылығы, жоғары білім берудегі жасанды интеллекттің рөлі, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі оқу орындарының үлесі, сондай-ақ олардың инновациялар мен кәсіпкерлікті дамытудағы рөлі мәселелерін талқылайды. Саммитке қатысушылар арасында Tsinghua University, Seoul National University, Indian Institute of Technology Bombay және University of Tokyo сияқты университеттердің президенттері мен вице-президенттері бар.
NU президенті Вакар Ахмад жоғары білім берудегі жасанды интеллектке арналған бірінші панельдік сессияда сөз сөйлейді. Сессияның тақырыбы — The Promise and Risk of Artificial Intelligence (AI) in Higher Education/Жоғары білім берудегі жасанды интеллекттің болашағы мен тәуекелдері. Қатысушылар университеттер AI технологияларының жауапты интеграциясына қалай үлес қоса алатынын талқылайды. Сондай-ақ NU президенті университеттердің қаржылық тұрақтылығы жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатыспақ. Өз кезегінде Атакан Варол мен Прашант Джамвал AUA-ға жаңа мүшелер мен бақылаушыларды қабылдау мәселелеріне арналған жұмыс тобының отырысында сөз сөйлейді және мүшелік ету мәселелерін талқылауға үлес қосады.
Анықтама: Asian Universities Alliance (AUA) — Азия университеттерінің академиялық байланыстарды нығайтуға, білім алмасуға және бірлескен зерттеулерге бағытталған өңірлік ынтымақтастығы. AUA Summit — бұл альянсқа мүше 15 университет өкілдері жиналатын жыл сайынғы іс-шара. 2023 жылы форум NU базасында өткен болатын.