1 қазан 2025
Осы мақаламен бөлісіңізAstana Business Campus медтех саласында R&D орталығын ашты
Nazarbayev University (NU) базасында медициналық технологияларды әзірлеуге бағытталған инновациялық R&D-орталық іске қосылды. Жоба medtech саласындағы Galamat Group холдингі мен NU жанындағы Astana Business Campus-тың стратегиялық серіктестігі аясында жүзеге асуда. Мақсаты – университеттің ғылыми әлеуетін компанияның өндірістік тәжірибесімен ұштастыру.
Ресми ашылу рәсімінде Astana Business Campus-тың инновациялар жөніндегі басқарушы директоры Абзал Дарибаев, Galamat Group басшысы Сейтжан Сыпабеков, NU Impact Foundation-ның басқарма төрағасының орынбасары Сансызбай Жолдасбаев, нейрохирург Мынжылқы Бердіхожаев және саланың өзге де өкілдері сөз сөйледі.
«Бұл – Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы медициналық технологиялар орталығы. Ол медицинада коммерциялық бағыттағы инновациялардың ошағына айналады. Осы уақытқа дейін біз 33-ке жуық стартапты қолдадық, олардың жалпы тартқан инвестициясы 23 миллион АҚШ долларынан асты. Университеттің инновациялық экожүйесінде осындай мықты серіктестермен, тәжірибелі дәрігерлермен, ғалымдармен және студенттермен бірлесе отырып, бұдан да ірі нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін», – деді Сансызбай Жолдасбаев.
NU технопаркі аумағында орналасқан орталық ғалымдарға, дәрігерлер мен инженерлерге медициналық құрылғылардың үлгілерін жасап шығару, оларды сынақтан өткізу және өндірістік деңгейге жеткізу үшін заманауи инфрақұрылым ұсынады. Galamat Group бұған дейін коронарлық катетерлер мен өзге де өнімдерді шығаруда тәжірибе жинақтаған, ал жаңа орталық компанияларға әзірлемелер аясын кеңейтіп, оларды нарыққа жылдам шығаруға жол ашады.
Бүгінде NU медициналық кластерінде технопарктің 10-нан астам резиденті жұмыс істейді. Алдағы уақытта тау-кен металлургиясы мен агроөнеркәсіп саласында да осындай орталықтар ашу жоспарланып отыр.
Photo: NU Image