1 шілде 2025
Осы мақаламен бөлісіңізОрталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті Nazarbayev University (NU) PhD докторантурасын қолдау бағдарламасының ауқымды кеңейтілгенін жариялады.
15 жылдығына орай NU PhD докторантура бағдарламаларына 200 толық стипендия тағайындайды, бұл өткен жылдардағыдан екі есеге жуық. Бұл шешім университеттің әлемдік академиялық қоғамдастықта өз ұстанымын нығайту және Қазақстан мен жалпы аймақ үшін зерттеушілердің жаңа буынын дайындау жөніндегі стратегиялық мақсатын көрсетеді. Қосымша қаржыландыруды Университет пен Әлеуметтік даму қоры (NU Impact Foundation) қамтамасыз етеді.
NU президенті, профессор Вакар Ахмад баса айтты: «Орталық Азиядағы жетекші ғылыми-зерттеу университеті ретінде NU сапалы PhD түлектерін дайындау бойынша мықты беделге ие болды. Біз әлемдік деңгейдегі оқытушылар құрамына және заманауи ғылыми инфрақұрылымға иеміз. Осы себепті біз дарынды және талапты студенттерге өздерінің академиялық әлеуетін толық жүзеге асыруға қажетті жағдайды ұсына аламыз. PhD гранттарының санын екі есе арттыру — ұлттық және өңірлік өзекті мәселелерді шешуге бағытталған озық ғылыми зерттеулерді дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға деген біздің бейілділігімізді көрсетеді».
Университет барлық ғылыми бағыттар бойынша докторантура бағдарламаларына қосымша гранттар бөледі, алайда ерекше назар физика, компьютерлік ғылымдар, инженерия және медицина сияқты негізгі салаларда докторанттар санын арттыруға аударылады
«NU-да 1000-нан астам PhD докторанттары мен кәсіби докторлық бағдарламалардың тыңдаушылары білім алуы үшін бар күшімізді саламыз. Осы мақсатта алдағы жылдары біз докторантура бағдарламаларына қабылдауды ұлғайтуға қаржылық қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Сондай-ақ студенттерге орталықтандырылған қолдау көрсетуге, менторлық жүйені күшейтуге және докторлық бағдарламалар санын кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа академиялық құрылым — Докторантура институтын ашамыз. Сонымен қатар, Институт пәнаралық зерттеулерді дамытуға және жас ғалымдарды халықаралық ғылыми қауымдастыққа интеграциялауға ықпал ететін болады», — деді доктор Луис Р. Рохас-Солорсано, NU-дің жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламалары бойынша қауымдастырылған провосы.
15 жылдық мерейтойында Nazarbayev University Times Higher Education нұсқасы бойынша Орталық Азиядағы ең үздік ғылыми-зерттеу университеті деп танылып, жаһандық жас университеттер рейтингінде 106-орынды иеленді. NU жоғары академиялық стандарттарды сақтай отырып, Қазақстанда және одан тыс жерлерде ғылым, білім және адами капиталдың дамуына өз ықпалын күшейтуді жалғастыруда.