30 қыркүйек 2024
Осы мақаламен бөлісіңізИталияның университеттер және зерттеулер министрі Анна Мария Бернини бастаған делегация NU-ға келді.
Қонақтар университет басшылығымен кездесіп, жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтасық перспективаларын талқылады.
Кездесу басында NU президенті Вакар Ахмад университеттің қысқа уақыт ішінде жеткен жетістіктері туралы айтып, Италияның оқу орындарымен серіктестік орнатқысы келетінін жеткізді.
«Біз әріптестіктің жаңа дәуіріне аяқ басып жатырмыз. Едәуір үлес қоса алатынымызға сенімдімін. Университет аз уақыттың ішінде ауыз толтырып айтуға келетін жетістіктерге жетіп, зерттеулер мен студенттік өмір бойынша өзінің тәжірибесімен бөлісуге әзір. Италияның жоғары білім саласында тарихы бай, алдағы уақытта берік серіктестік орнатамыз деген үміттемін», — деді Вакар Ахмад. Сондай-ақ ол қазіргі кезде NU-дың 17 түлегі италиялық университеттерде оқуын жалғастырып жатқанын, оған қоса кейбір түлектер Microsoft, PwC, UniCredit және Nokia сияқты ірі компанияладың италиялық филиалдарында жұмыс істеп жатқанын айтты.
Университет президенті Вакар Ахмадтың шақыртуына италиялық министр Анна Мария Бернини консорциум құрудың маңызын айтты. Ол студенттерге Қазақстанда қалып, елдің дамуына үлес қосып, білімдерін жан-жақты жетілдіруге мүмкіндік бермек.
«Италия мен Қазақстанның мәдениет және білім саласында ортақ ерекшеліктері бар. Екеуі де өз континентінің орталығында орналасқан – сіздер Азияның орталығы болсаңыз, біз – Еуропа орталығындамыз. Бұл әріптестік үшін ерекше мүмкіндіктер ашады, әсіресе мәдениет саласында серіктесу әлеуеті зор», — деді Анна Мария Бернини.
Оқу орнына Италия делегациясының келуі жоғары білім мен ғылым саласындағы әріптестікке жаңа мүмкіндіктер ашады, бұл өз кезегінде екі елдің студенттері мен оқытушыларының тәжірибесін байыта түспек.