барлық жаңалықтар
25 шілде 2025 #Оқиғалар##NUgoesGLOBAL

ISAAC-2025: Nazarbayev University-де әлемдік деңгейдегі математикалық конгресс аяқталды

ISAAC-2025: Nazarbayev University-де әлемдік деңгейдегі математикалық конгресс аяқталды

25 шілде 2025

Осы мақаламен бөлісіңіз

21–25 шілде аралығында Nazarbayev University әлемнің математикалық ой-орталығына айналды.

Бұл күндері Университет қабырғасында Орталық Азияда тұңғыш рет өткен 15-ші Халықаралық талдау, қолданбалы математика және есептеу конгресі (ISAAC-2025) ұйымдастырылды. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 700-ден астам қатысушы — танымал ғалымдар, зерттеушілер мен жас математиктер келіп, заманауи ғылыми жетістіктер мен пәнаралық тәсілдерді талқылады.

Бес күн бойы университетте пленарлық отырыстар, секциялық баяндамалар, ғылыми пікірталастар мен бейресми кездесулер өтті. Бұл басқосулар жаңа идеялар мен халықаралық әріптестікке жол ашты. Форумның жабылу салтанатында ұйымдастырушылар барлық қатысушыға, спикер мен еріктіге алғыс білдірді.

NU Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің деканы Гонзало Хортелано математика тілінің әмбебаптығын ерекше атап өтті: «Ағылшын — біздің жұмыс тіліміз болса, математика — бәрімізге ортақ екінші тіліміз. Ол — интернационал тіл. Аударманы қажет етпейді, кез келген математик әлемнің қай бұрышында болса да теңдеулер мен графиктерді бірден түсінеді. Бүгінде математикалық әдістер тек жаратылыстану, медицина мен инженерия саласында ғана емес, үлкен деректермен жұмыс істейтін әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерде де маңызды орын алуда», — деді ол.

Шетелдік қонақтарға қазақтың күй өнерін таныстырған NU Orchestra студенттерінің музыкалық нөмірлері кештің көркін келтірді. Дәстүрлі домбырамен орындалған күйлер Конгресс рухына ұлттық әр берді.

Конгресс төрағасы — Nazarbayev University профессоры, әлемге танымал ғалым Сұраған Дөрбетхан. Ол кері есептер, дифференциалдық теңдеулер мен физика және инженериядағы математикалық модельдер бойынша халықаралық ғылыми қауымдастықта кеңінен танымал.

«Бұл Конгресс көптеген жағынан ерекше болды. Алғаш рет жасанды интеллектке арналған секциялар ұйымдастырылды. Демек, жаңа бағыттар пайда болып, қатысушылар саны артып, ISAAC қауымдастығы кеңейіп келеді. Тағы бір символикалық сәйкестік — 15-ші Конгресс университетіміздің 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Ұйымдастыру комитеті атынан осы іс-шараның сәтті өтуіне үлес қосқан әрбір адамға алғыс айтамын», — деді профессор.

Анықтама: ISAAC Конгресі бірнеше жылда бір рет Халықаралық талдау, оның қолданбалары мен есептеулер қоғамының қолдауымен өтеді. Бұған дейін бұл форум АҚШ, Германия, Жапония, Канада, Ұлыбритания және басқа да елдерде ұйымдастырылған. Астанадағы Конгресс — Қазақстанның заманауи математикаға қосқан үлесінің мойындалуы әрі елдің академиялық әлеуетіне білдірілген зор сенімнің көрінісі.

 

Ұқсас жаңалықтар