барлық жаңалықтар
1 шілде 2025 ##NUnews

Жасанды интеллект саласындағы магистратураға толық гранттар

Жасанды интеллект саласындағы магистратураға толық гранттар

1 шілде 2025

Осы мақаламен бөлісіңіз

Назарбаев университетіндегі Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі (SEDS) «Қолданбалы жасанды интеллект және деректер ғылымы» магистрлік бағдарламасына өтінім қабылдаудың басталғанын хабарлайды.

Бұл жаңа гибридті магистратура бағдарламасы қазіргі бар жасанды интеллект құралдарын қолданып қоймай, сонымен қатар денсаулық сақтау, қаржы, мемлекеттік басқару сияқты маңызды салаларда жауапты және ашық шешімдер енгізу арқылы осы саланың болашағын қалыптастыра алатын кәсіби мамандарды даярлауға бағытталған.

Өтінім қабылдау 2025 жылғы 31 шілдеге дейін жалғасады. Талантты үміткерлерді қолдау мақсатында университет оқу ақысы, ай сайынғы шәкіртақы және медициналық сақтандыруды қамтитын шектеулі санды толық гранттар ұсынады.

«Жасанды интеллект — бұл тек озық технологиялар жиынтығы емес, ол медицинадағы диагностикадан бастап, өнеркәсіптік процестерді оңтайландыру мен бизнес моделдеуге дейінгі көптеген салаларды өзгертіп жатқан қуатты күш. Біздің мақсатымыз — студенттерді техникалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан да күрделі мәселелерді шешуге қабілетті ету. Біз жасанды интеллект саласында терең білімге ие, оны әртүрлі шынайы контекстерде этикалық тұрғыдан қолдана алатын жоғары білікті мамандарды дайындауға ұмтыламыз», — дейді Компьютерлік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі профессор Аднан Язычи.

Бағдарламаның негізгі курстарының қатарына деректер ғылымының негіздері, машиналық оқытудың теориясы мен тәжірибесі, үлкен деректерді талдау, ықтималдық әдістері мен статистика, сондай-ақ бизнес-аналитикаға арналған жасанды интеллект кіреді. Сонымен қатар бағдарламада шешім қабылдауды қолдау үшін деректерді жинау және талдау, жобаларды басқару, деректерге негізделген инновациялар және қолданбалы жасанды интеллект жобаларын жүзеге асыру сияқты пәндер қамтылған. Студенттер зерттеу әдістерін қоса алғанда, іргелі және қолданбалы аспектілерді меңгереді. Бұл оларға заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, нақты міндеттерді сенімді шешуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның гибридті оқыту форматы жұмыс істейтін мамандарға мансабынан қол үзбей, жасанды интеллект пен деректер ғылымы саласына ауысуға мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар