
18 ақпан 2025
Осы мақаламен бөлісіңіз2025 жылы Назарбаев Университеті (NU) өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы уақыт ішінде университет айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, ең бастысы – Қазақстан мен жаһандық экономиканың дамуына белсенді үлес қосып жүрген түлектерін тәрбиеледі.
2015 жылдан бері университет 10 339 жоғары білікті маманды даярлап шығарды, олардың 6 521-і бакалавриатты, 3 818-і магистратура мен докторантураны аяқтаған. Бүгінде 1 921 түлек әлемнің жетекші университеттерінде білімін жалғастыруда. Олардың 39%-ы АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің беделді оқу орындарын таңдаған.
Қазіргі таңда 6 941 түлек өз мансабын құруда. Олардың 91,5%-ы Қазақстанда еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосуда. Мемлекеттік грант иегерлерінің көпшілігі үшін Қазақстанда үш жылдық жұмыс өтілі талап етеді. Бұл экономиканың негізгі салалары мен мемлекеттік қызметке білікті мамандардың келуін қамтамасыз етеді.
NU түлектері ұлттық және халықаралық деңгейде сұранысқа ие. Университет түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі – 98%, бұл олардың жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Түлектердің 18%-ы ғылыми-зерттеу бағытын таңдап, Кембридж, Оксфорд, Стэнфорд, MIT, Гарвард, ETH Цюрих, Сингапур Ұлттық университеті және басқа да әлемдік деңгейдегі университеттердің магистратура және докторантура бағдарламаларына түскен. Кәсіби мансапқа бет бұрған түлектер әлемдік компанияларда қызмет етеді. Олардың қатарында Google, Amazon, Apple, Facebook, Big 4 консалтингтік компаниялары, және де Goldman Sachs пен J.P. Morgan сияқты халықаралық қаржы институттары.
NU түлектері ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарда жетекші орындарды иеленіп, ел экономикасының дамуында маңызды рөл атқарады. Олар Теңізшевройл, SLB (Schlumberger), ҚазМұнайГаз, Самұрық-Қазына, Қазақстан Ұлттық Банкі, Kaspi Bank, Air Astana, BI Group және басқа да ірі ұйымдарда еңбек етуде. Көпшілігі кәсіпкерлік пен инновацияны дамытуға ден қойған.
Айта кетерлігі, түлектердің 88%-ы өз мамандығы бойынша немесе соған байланысты салада жұмыс істеп, ғылым, технология және экономиканың дамуына айтарлықтай үлес қосуда.
Көптеген түлектер ғылыми мансабын жалғастырып, оқытушылық қызметпен айналысады және мемлекеттік басқару саласында да белсенділік танытады. NU түлектері бизнес, академиялық орта және мемлекеттік басқару салаларында жетекші орындарға ие болып, Қазақстан мен жаһандық экономиканың дамуына елеулі үлес қосуда. Олардың жетістіктері NU-дың жоғары білім деңгейі мен түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді.
#NU15