13 мамыр 2024
Осы мақаламен бөлісіңізТұрақты даму шешімдерін әзірлеу желісінің (SDSN) 2-ші конференциясы NU-да өтіп жатыр.
Қазақстандық зерттеулер Еуропалық одақтың халықаралық инновациялық жобаларына қатыса ала ма, Орталық Азия елдері климаттың өзгеруі және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қалай шешіп жатыр, тұрақты даму мәдениетін насихаттауда жоғары білім неліктен негізгі ойыншы саналады? 13-14 мамырда NU-де (NU) өтіп жатқан Тұрақты даму шешімдерін әзірлеу желісінің (SDSN) 2-ші конференциясында осы және басқа да тақырыптар талқыланады. Ол Орталық Азия секторларында тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) локализациялау, еуропалық ұйымдармен тұрақты даму және жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналған. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің бейне жолдауында конференция зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындары арасындағы кооперация мен ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік беретінін айтты.

“Біздің күш-жігеріміз елімізде зерттеу жұмыстарымен айналысатын мүмкіндігінше көп жоғары оқу орнын құруға бағытталған, бұл ретте Қазақстан өзін жоғары білім мен әлемдік зерттеулер хабы ретінде таныта алатынына сенеміз. Жыл сайын ведомство жетекші халықаралық ғылыми институттар мен университеттерге тағылымдамадан өтуге 500 ғалымды жіберіп отыр, бұл біздің ғалымдарымызға еуропалық институттармен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп, одан әрі даму мен әріптестікке бағытталған бағдарламаларды пысықтауға мүмкіндік береді”, — деді министр.
Конференцияда Бельгия, Нидерланд, Германия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның сарапшылары мен ғалымдары екі күн ішінде білім беру, қоғамдық денсаулық сақтау, энергетика, мемлекеттік басқару, үкіметтік емес сектор сияқты салаларда 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы ұлттық және өңірлік деңгейдегі күн тәртібін орындау құралы ретінде локализациялау мәселесін талқылайды. Сондай-ақ қатысушылар жоғары білімнің тұрақты дамуды насихаттаудағы рөлін талқыламақ, осы тақырып бойынша негізгі баяндаманы Лондон колледж университетінің халықаралық білім беру профессоры, доктор Тристан МакКоуэн жасады.

“Қоршаған ортаны қорғау, энергетика және климаттың өзгеруі саласындағы тығыз ынтымақтастық үшін елдер мен континенттер арасында тәжірибемен бөлісу өте маңызды. SDSN Kazakhstan базасы университетімізде екеніне қуаныштымыз және біздің стратегиялық даму жоспарымызға сәйкес SDSN осы салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ министрліктің қаржылық қолдауының арқасында осы бағыттарға жұмсалатын күш-жігер жандандырылатын болады”, — деді NU президентінің м.а., доктор Илесанми Адесида.
NU Қазақстандағы тұрақты даму саласындағы шешімдерді әзірлеу жөніндегі БҰҰ желісі – SDSN-нің ұлттық бөлімшесі ретінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін практикалық шешімдерді әзірлеу мен зерттеулер жүргізу жөніндегі диалогты насихаттау мақсатында ҚазҰУ, SDU, KAZNARU, ҚБТУ және т.б. қоса алғанда, 25 қазақстандық университет пен ғылыми-зерттеу институтын біріктірді. 2011-2023 жылдары жарияланған NU-дың ғылыми мақалаларының барлығының 33%-ы әртүрлі ТДМ-ге арналған.

Конференцияда Еуропалық комиссияның зерттеулер және инновациялар жөніндегі бас директоратының өкілі Кремена Милева климаттың өзгеруіне бағытталған зерттеулер мен инновацияларды қаржыландыру жөніндегі ЕО-ның негізгі бағдарламасы Horizon Europe қолдау құралдары туралы айтты. Ғылым қорының басқарма төрағасы Камиль Ақатовтың айтуынша, қор Horizon Europe аясында Еуропалық одақпен нәтижелі және тиімді ынтымақтастық құруға мүдделі. “Біз жетістіктерімізбен бөлісіп қана қоймай, сондай-ақ тұрақты даму саласында нақты нәтижелерге жеткізетін ортақ жобалар мен зерттеулерге белсенді түрде қатысуға дайынбыз. Бүгінгі таңда Ғылым қоры Германия, Франция, Польша, Болгария және Түркияның үйлестіру орталықтарымен серіктестікті белсенді түрде дамытуда”, — деді Камиль Ақатов.
Мүмкіндіктер мен байланыстарды кеңейту мақсатында 14 мамырда семинар өтеді, онда тұрақты энергетика мәселелері егжей-тегжейлі талқыланып, қатысушылар идеяларымен бөліседі, сондай-ақ ОА өңірінің қатысушылары энергетика және климаттың өзгеруімен күреске қатысты жобалар бойынша ЕО бағдарламасы – Horizon Europe қолдау құралдарымен танысады.