26 қыркүйек 2025
Осы мақаламен бөлісіңізБаку саммиті: NU ынтымақтастықты кеңейту арқылы ықпалын күшейтпек.
Nazarbayev University (NU) басшылығы Бакуде өткен Times Higher Education Eurasia Universities Summit жиынына қатысып, әлемнің 60-тан астам елінен келген 400-ден астам университет басшылары, саясаткерлер және зерттеушілермен бірге болды. Бұл форумды Әзербайжанның Ғылым және білім министрлігі мен Жоғары білім және ғылым жөніндегі мемлекеттік агенттігі бірлесіп ұйымдастырды. Саммит өңірдің зерттеу мен инновация орталығы ретіндегі маңызын айқындады.
NU президенті профессор Вакар Ахмад пен Академиялық жоспарлау және бюджет жөніндегі вице-провост, Жоғары білім беру мектебінің деканы, доктор Айда Сағынтаева Бакин мемлекеттік университетінің ректоры, доктор Эльчин Бабаевпен бірге жоғары деңгейдегі панельдік талқылауға қатысты. Онда «Еуразия университеттері өңірлік дамудың қозғаушы күшіне айналу үшін ғылымды қалай пайдалана алады?» тақырыбы талқыланды. Әңгіме рейтингтерден тыс шығып, ғылымның өңір экономикасын қалай өзгертетініне назар аударды.
Панель қатысушылары Еуразия университеттерінің озық жетістіктері аймақтық мәселелерді шешуге және әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуге қалай септігін тигізе алатынын талқылады. NU өз үлгісін көрсетті: білім, зерттеу және инновацияны біріктіретін Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті - Ғаламдық Оңтүстіктегі жоғары оқу орындары үшін тұтынушыдан әлемдік деңгейдегі идеялардың тең авторына айналудың жол картасы.
«Саммит – өңірде ғылымды бірлесіп дамыту мен тәжірибе алмасудың бірегей мүмкіндігі», – деді профессор Ахмад. – «NU – жай ғана университет емес. Біз ел мен өңір алдындағы жауапкершілікті сезінеміз. Энергетикалық қауіпсіздік, цифрлық егемендік, денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, өнеркәсіп бәсекеге қабілеттілігі, тиімді басқару және бизнес-инновациялар саласында күш жұмсап, Қазақстан мен көрші елдердің ең өзекті міндеттерін шешіп келеміз».
Доктор Сағынтаева Жоғары білім беру мектебінің Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі білім беру реформасына қосқан үлесін атап өтті.
«Біз үкіметпен бірлесе жұмыс істейміз, академиялық бағдарламалар арқылы өзгерістерді қолдап, ілгерілетеміз. Бүгінде біздің PhD түлектеріміз оқытушы, саясаткер және білім беру мекемелерінің басшысы ретінде қызмет етуде. Біз 29 университеттен 500-ден астам жетекшіні оқытып шығардық, ал біздің зерттеулеріміз саясаттағы реформаларға тікелей ықпал етеді», – деді ол. Сондай-ақ университеттер мен академияның қос рөлі де атап өтілді: олар білім берумен қатар, өзгерістерге бастамашы бола алатын көшбасшыларды қалыптастырады.
Сапар барысында NU басшылары ADA университетіне, Әзербайжандағы Қазақстан елшілігіне барып, сондай-ақ Әзербайжанның Жоғары білім және ғылым жөніндегі мемлекеттік агенттігінің директоры Үлкер Саттаровамен кездесіп, үш бағытта ынтымақтастықты талқылады: бірлескен зерттеулер, студенттер мен оқытушылар алмасу, халықаралық жобаларға қатысу.
NU қазірдің өзінде Әзербайжан мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университетімен жұмыс істеп ADA университетімен алмасу бағдарламасын іске асыруда. Саммит аясында орнаған жаңа әріптестіктер NU-дың Еуразиядағы желісін кеңейтіп, оның білім беру, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің катализаторы ретіндегі рөлін бекіте түсті.