барлық жаңалықтар
12 мамыр 2023 #Оқиғалар##NUgoesGLOBAL

Азиядағы жоғары білімнің болашағы қандай?

Азиядағы жоғары білімнің болашағы қандай?

12 мамыр 2023

Осы мақаламен бөлісіңіз

Назарбаев Университетінде өткен Азия университеттері альянсының президенттер форумында Азияның жетекші ЖОО-ның ректорлары жоғары білімнің негізгі мәселелерін талқылады.

2023 жылғы 12 мамырда Назарбаев Университетінде Азия университеттері альянсы (AUA) «Қарқынды өзгеріп жатқан Азиядағы жоғары білімді қалыптастыру: құру, интеграция және инновациялар» атты Президенттер форумы өтті. Форумға Альянсқа мүше 15 елдің, соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерінің жетекші университеттерінің басшылары қатысты.

"Назарбаев Университеті Азия университеттері альянсының негізін қалаушы 15 мүшенің бірі. Альянс жыл сайын алқа отырысы мен ректорлар форумын өткізеді. Бұл жолы біз университеттердің, жоғары білімнің болашағын талқылап жатырмыз. Біз үшін Шығыс, Оңтүстік, Батыс Азиядағы әріптестеріміздің өз болашағын қалай көретінін түсіну өте маңызды, бір бірімізден үйренетін нәрселер көп. Әріптестеріміз Назарбаев Университет 13 жылдың ішінде үлкен жетістіктерге жеткеніне таңғалып қызығушылық танытып жатыр», - деді Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу.

Форумның ашылу салтанатында қатысушыларды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі – Назарбаев Университеті Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлихан Смайылов құттықтады. Ол форумды жоғары білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға, ортақ көзқарасты дамытуға және Альянс аясында одан әрі жемісті өзара әрекеттесу үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға тамаша алаң деп атады. Сондай-ақ Премьер-Министр Назарбаев Университетінің ғылыми-зерттеу қызметіндегі жетекші рөлін атап өтіп, НУ-ды білім, зерттеу және инновацияны біріктіретін заманауи зерттеу университетінің табысты моделі деп атады.

«Назарбаев Университет өзінің құрылғанына небәрі 13 жыл ішінде дарынды студенттерді, оқытушыларды, зерттеушілерді, инноваторларды және кәсіби әкімшілік қызметкерлерді тарту орталығына айналды. Келесі айда НУ өзінің 9-шы түлектер тобын шығарады. НУ студенттері мен түлектері еліміздің дамуында жаңа биіктерге жетелеуге дайын 15 000-ға жуық болашақ көшбасшылардың маңызды массасын құрайды. НУ-дың жетістігі елдің жоғары біліміндегі бірқатар маңызды өзгерістерге түрткі болды. Мысалы, 2018 жылы басқа қазақстандық жоғары оқу орындарының басқару және академиялық автономиясын кеңейту мақсатында заңнамалық түзетулер қабылданды». – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі.

AUA Форумының бағдарламасы 3 негізгі сессиядан құрылған: теңсіздікті тереңдету, климаттың өзгеруі, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы  сияқты жаһандық мәселелері туындап жатқан кездегі жоғары білімнің міндеттерін талқылау; Азиядағы студенттер мен ғалымдардың ұтқырлығына жәрдемдесу және аймаққа жаһандық таланттарды тарту; тұрақты университеттердің дамуы және тұрақты даму саласындағы студенттердің құзыреттілігі.

Жоғары білімнің міндеттеріне арналған панельдік сессияда сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттерді заманауи үдерістермен бірдей жылдамдықпен дамытудың маңыздылығын айтты. Мысал ретінде ол соңғы онжылдықтарда әлемнің әртүрлі бөліктерінде пайда болған «жеделдетілген университеттерді» келтірді. Бұл мемлекеттік қолдаудың арқасында жомарт қаржыландыру мен инновациялық идеялардың арқасында қысқа мерзімде әсерлі нәтижелерге қол жеткізетін жас зерттеу университеттері.

«Менің ойымша, Азиядағы білім беруді дамытудың негізгі бағыттарының бірі «жеделдетілген университеттер» моделі болып табылады. Олар мемлекет тарапынан ресурстарды құю, таланттарды тарту арқылы дамиды, сондай-ақ Батыс немесе ежелгі, дәстүрлі университеттер ғасырлар бойы жүріп өткен жолды жеделдетеді. Назарбаев Университеті бүгінде өз жемісін беріп жатқан осындай жедел дамудың тамаша үлгісі болып табылады. Басқа мысал келтірсек, Кореяның UNIST университеті мен басқа да Азия университеттерін атауға болады. Азиядағы зерттеу университеттері зерттеулер мен сапалы оқытуды үйлестіре отырып, өте мықты бола алады», деп Саясат Нұрбек мысал келтірді.

Сессиялар барысында Азия университеттерінің жетекшілері цифрландыру мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы барлық салаларға, сондай-ақ еңбек нарығын қайта құрылымдауға әсер ететінін айтты. ЖИ бүгінде 70 жыл қалыптасқан студенттерді бағалау жүйесін өзгертіп жатыр. Осыған байланысты форум қатысушылары заманауи, тез өзгеретін еңбек нарығына дайын студенттерді дайындау үшін университеттерде цифрлық архитектураны дамытуға басымдық берудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар заманауи университеттердің екі негізгі қасиетін дамыту үшін «тұрақтылық» және « бейімделу» керек екенін айтты. Университеттер формалды білім берумен шектелмей,  үздіксіз білім беру орталықтары болуға тырысып, жаңа дағдыларды дамытуға және қайта даярлауға мүмкіндіктерін ұсынуы керек, деп қорытындылады форумы қатысушылары.

AUA 2023 форум сессияларының соңында Альянс мүшелері серіктестікті нығайту, академиялық жетістіктер мен инновацияларды ілгерілету арқылы Азиядағы жоғары білім сапасын одан әрі жақсартуға келісті.

Азия университеттері альянсына Азияның 15 беделді университеті кіреді: Цинхуа университеті (Қытай), Назарбаев университеті (Қазақстан), Гонконг ғылым және технология университеті (Гонконг ОАР), Токио университеті (Жапония), Сеул ұлттық университеті (Оңтүстік Корея), Сингапур Ұлттық университеті (Сингапур), Бомбей үнді технологиялық институты (Үндістан), Индонезия университеті (Индонезия), Чулалонгкорн университеті (Таиланд), Малайя университеті (Малайзия), Коломбо университеті (Шри-Ланка), Янгон университеті (Мьянма) , Пекин университеті (Қытай), Біріккен Араб Әмірліктер университеті (БАӘ), Сауд патша Университеті (Сауд Арабиясы).

Ұқсас жаңалықтар