барлық жаңалықтар
18 шілде 2025 ##NUnews

Арманның орындалуы: ауылдан -– Nazarbayev University-ге

Арманның орындалуы: ауылдан -– Nazarbayev University-ге

18 шілде 2025

Осы мақаламен бөлісіңіз

«Маған бұл жердің бәрі ұнайды! Мектепті бітірген соң, міндетті түрде осы университетке түсемін» — дейді Маңғыстау облысынан келген Сабыржан Әнуарұлы.

Биылғы жаз Nazarbayev University-де ерекше өтуде. Кең аудиториялар, жайлы жатақханалар мен спорт алаңдары балалардың күлкісі мен қуанышына толы. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балаларға арналған жазғы лагерьлер өтіп жатыр. Олар жай ғана демалып қоймай, жаңа нәрселерді үйреніп, өз армандарына бір қадам жақындап жатыр.

2025 жылы университет кампусында 7 жазғы лагерь жұмыс істеп тұр. Олар 8 бен 14 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Келушілердің басым бөлігі — еліміздің батыс өңірлерінен, соның ішінде Жаңаөзен мен Маңғыстау облысының шағын ауылдарынан.

«Бұл — біздің әлеуметтік жауапкершілігіміз. Қала балаларының университетке келіп, оны аралап, атмосферасын сезінуге мүмкіндігі бар. Ал ауыл балаларының көп жағдайда ондай мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан біз оларға тек университетті көрсетіп қана қоймай, оның ішкі өмірін сезіндіргіміз келді: осында тұрып, оқып, шабыт алуына жағдай жасадық. Мұндай тәжірибе олардың өз-өзіне сенуіне көмектеседі деп сенеміз. Бір күні олар оқу орнына студент болып қайта оралады», — дейді NU вице-президенті Әсел Увалиева.

Лагерь бағдарламасы демалыс пен дамуды ұштастырады. Балалар күн сайын ән айту, домбыра тарту, актерлік шеберлік секілді шығармашылық үйірмелерге қатысады. Сондай-ақ тіл үйреніп, спортпен шұғылданады. Лагерь тек білім беруге емес, баланың өз-өзіне деген сенімділігін арттыруға, командамен жұмыс істеуге және тұлғалық жетілуіне баса назар аударады.

«Назарбаев университеті — елдегі үздік жоғары оқу орны ғана емес, сондай-ақ балалар лагерін өткізуге қолайлы қауіпсіз әрі заманауи орта. Бұл жердің ерекше атмосферасы балаларға шабыт береді. Қазақстанның ең мықты студенттері білім алып жатқан орынмен танысу — оларды үлкен армандарға жетелейді», — дейді ұйымдастырушылар.

Көптеген бала лагерьге демеушілер мен қайырымдылық жобалардың қолдауымен келген.

«Маған мұнда бәрі қатты ұнайды! Әсіресе бассейн — өте үлкен, қалағаныңша жүзе беруге болады. Түрлі өңірден келген балалармен дос болдым. Біз Қазақстан туралы қойылым қойып, қылышпен шайқас көрінісін ойнадық — өте қызық болды! Университеттің өзі үлкен әрі әдемі. Мұнда адасып кетуге болады, бірақ барлық қызметкер мен тәрбиеші көмектесіп тұрады. Асханасы да керемет — тамақтың түр-түрі бар. Мектеп бітірген соң, міндетті түрде осында оқимын!» — дейді Жаңаөзеннен келген Сабыржан.

 

Ұқсас жаңалықтар