Кенжегүл Сағадиева

Кенжегүл Сағадиева, Әйгерім Сағадиева НУ студентінің анасы  (2 курс, Компьютер ғылымдар, ИЦҒМ)

Менің қызым Назарбаев Университетіне оқуға түсуге 9 сыныптан бастап мақсатты түрде дайындалды. Қосымша ағылшын тілі бойынша сабақтарға қатысты. Таңдап алған профильді пәндер бойынша дайындықты күшейтіп репетиторлардан сабақ алды. Ғаламтор желісінде көп материалдарды іздеп, солар бойынша дайындалды.

Баламның өзін жетілдіруіне, осал жақтарын анықтауына аталынып өткен барлық іс-шаралар тиімді болды деп ойлаймын. Бұл тарапта ең бастысы баланың өзін-өзі дамытуы маңызды. Ата-ана ретінде біз балаға тек қана жағдай жасап, оның оқуына кедергі келтірмеуге тырыстық.

Оқу басталмас бұрын баламыздың осы университетте оқуы қиын болады-ау деген үрей болды, себебі қиын деген пікірлерді жиі естідік. Дегенмен, баламызды апарып орналастырған күннен бастап жайлылықты сездік. Себебі жататын, оқитын, демалатын орындарында жағдай жасалған, мүмкіндіктерін толық қолдана алатынына көзіміз жетті.

Оқудың бірінші жылы ешқандай уайымсыз, жүйелі түрде баланың өзін-өзі тануына мүмкіндік беріле отырып өтті деген ойдамын. Себебі қызым өзіне жайлы, өзінің уақыттарын ескеріп, сабақ жоспарларын құра білді, қосымша клубтар, өз әуестігіне сай секцияларға қатысты, бұл – бала үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Өз еңбегімен тырысып 1-ші семестрін жақсы аяқтап жоғары стипендияға ілікті.

Ата-ана ретінде, биыл түсетін студент балалардың ата-аналарына ең бастысы – біздің тарапымыздан балаларымызға қолдаумен қатар, сенім жоғары болу керегіне аса көңіл аударсаңыздар деймін. Үлкен өмірге қадам басқан балалар өз қызығушылықтарымен қатар, икемділігіне сай өз жолдарын өздері таңдауы тиіс. Қандай оқу болсын, балаңызды қатаң бақылауға алмай, өз бетінше оқуына, өзінің сүйікті ісімен айналысуына қолдау көрсетсек, олардың алар асулары көп болатынына сенемін.