Жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламалар

Жалпы ақпарат

Сіздерде қазақ немесе орыс тілінде оқытылатын магистратура және докторантура бағдарламалары бар ма?

Жоқ. Барлық магистратура және докторантура бағдарламалары ағылшын тілінде оқытылады. Тек Басшыларға арналған іскери әкімшілендіру магистрі бағдарламасы ағылшын тілінде оқытылғанымен, сабақ барысында орыс тіліне ілеспе аударма қолданылады. 

Жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламаларға оқуға түсу үшін қандай қабылдау емтихандарын тапсыру қажет?

Егер бұған дейін ағылшын тілінде оқымасаңыз, барлық бағдарламаларға ағылшын тілі бойынша стандартталған тестілерді (IELTS/TOEFL) тапсыру қажет.  

Жалпы, жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламаларға оқуға түсу үшін сәйкес бағдарламаның Қабылдау комиссиясы үміткердің құжаттар пакетінің әрбір бөлігін қарастырады: 

  • таңдаған мамандығыңызға оқуға түсу себептеріңіз бен оның сіздің дамуыңызға қалай әсер ететіндігі туралы ойларыңызды жазатын уәждеме хат; 
  • транскрипт және таңдаған мамандығыңызға қатысы бар пәндер бойынша бағалар; 
  • өткен тәжірибеңіз бен жетістіктеріңізді айғақтайтын ұсыным хаттар; 
  • Қабылдау комиссиясымен өткен сұхбаттасу нәтижелері.

Кейбір бағдарламаларға, жоғарыда көрсетілгеннен бөлек, GRE, GMAT, ALEKS сияқты емтихандардың және жұмыс өтілінің болуы қажет. Медицина мектебі бағдарламаларының талаптарында арнайы емтихандар болуы мүмкін.

Жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламаларға оқуға түскісі келетін үміткерлерге арналған әрекеттер реті қандай?
  1. Магистратура немесе докторантура бағдарламасын таңдау қажет. Сіз бір уақытта екі магистратура және/немесе докторантура бағдарламасына құжат тапсыра аласыз. Екі бағдарламаға да оқуға түскен жағдайда, үміткерге біреуін таңдау қажет.
  2. Бағдарламаға оқуға түсу талаптарын мұқият оқу және онлайн өтінім беруге құжаттарды дайындау. 
  3. Порталда таңдалған бағдарламаның белгілеген мерзімінде онлайн тіркелу және барлық құжаттарды жүктеу.
  4. Шақырылған жағдайда, Қабылдау комиссиясымен сұхбаттасудан сәтті өту. Сұхбаттасу ағылшын тілінде өтеді. 
  5. Конкурстан сәтті өткен жағдайда, үміткер құжаттардың түпнұсқаларын тапсыруы қажет.
Жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламаларға қалайша өтінім беруге болады және құжаттарды тапсыру мерзімі қандай?

Магистратура бағдарламалары бойынша өтінім беру мерзімдері: 

  • 2020 жылғы 16 қарашадан 2021 жылғы 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) Жоғары білім беру мектебі, Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебі және Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің магистратура бағдарламаларына; 
  • 2020 жылғы 23 қарашадан 2021 жылғы 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) Жоғары мемлекеттік саясат мектебі, Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі және Медицина мектебінің магистратура бағдарламаларына; 
  • 2020 жылғы 23 қарашадан 2021 жылғы 11 мамырға дейін (қоса алғанда) Жоғары бизнес мектебінің магистратура бағдарламаларына..

Докторантура бағдарламалары бойынша өтінім беру мерзімі: 

  • 2020 жылғы 7 желтоқсаннан 2021 жылғы 30 сәуірге дейін (қоса алғанда) барлық докторантура бағдарламаларына.
Жұмыстан қол үзбей оқуға болатын магистратура бағдарламалары бар ма?

Назарбаев Университетінде жұмыстан қол үзбей оқуға мүмкіндік беретін келесі бағдарламалар бар:

  • Білім беруді басқару саласының ғылым магистрі (модульдік оқыту)
  • Мемлекеттік басқару магистрі (демалыс күндері оқу)
  • Басшыларға арналған іскерлік әкімшілендіру магистрі (демалыс күндері оқыту)

Қалған бағдарламалардың барлығы күндізгі оқу формасында болғандықтан, оқи жүріп жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылмайды.

Егер мен магистр/доктор дәрежесін мемлекеттік грант аясында басқа қазақстандық жоғары оқу орнында алсам, Назарбаев Университетіне дәл сол деңгей бойынша грантқа оқуға түсе алам ба?

Егер сіз магистр/PhD докторы дәрежесін мемлекеттік грант аясында алсаңыз, өкінішке орай, дәл сол дәрежені мемлекеттік грант есебінен қайта ала алмайсыз. Бұл «Болашақ» стипендиясы иегерлеріне де қатысты. Бұндай жағдайда, конкурстан сәтті өтсеңіз, оқуға ақылы негізде түсе аласыз немесе оқуыңызды қаржыландыратын демеуші іздеу қажет.   


«Қаржы ғылымдары магистрі» бағдарламасына оқуға түсушілерге стипендияны ҚР Ұлттық банкі бөледі. Толық ақпарат Жоғары бизнес мектебінің сайтында берілген.

Магистратура/резидентура/докторантура бағдарламасын аяқтағаннан кейін жұмыспен өтеу міндеттемесі бар ма? Қандай талаптар мен жағдайлар көзделген?

Назарбаев Университеті, Қазақстандағы барлық жоғары білім беру орындары сияқты ҚР-ның заңдарын сақтайды. Тиісінше, университетті бітірген барлық студенттер Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтайды, соның ішінде «Білім туралы» заң талаптарын (47-бап, 17 тармақ) орындайды.

Конкурсқа қатысу үшін онлайн өтінім беру

Егер өтінім беру кезінде қателік болса, не істеу керек?

Бұл жағдайда, сауалнама нысаныңыздың жоғарғы оң жақ бұрышында көрсетілген электрондық поштаға хат жіберу қажет. Хатта туындаған қиындықты толық сипаттау қажет және қатенің скриншотын (screenshot) жолдау қажет.

Мен мамандығыма сәйкес келмейтін магистратура/докторантура бағдарламасын таңдай аламын ба?

Алған дәрежеңіздің Назарбаев Университетінде таңдаған бағдарламаңызбен бірдей болуы шарт емес. Алайда, конкурсқа қатысуға өтінім берген үміткерлер бағдарламаға деген қызығушылықтарын уәждеме хатта негіздеуі тиіс.

Мен бір мезгілде бірнеше магистратура/докторантура бағдарламасына тіркеле аламын ба?

Сіз бір оқу жылында қатарынан екі магистратура және/немесе докторантура бағдарламасына өтінім бере аласыз. Екі бағдарламаға да оқуға түскен жағдайда, үміткерге біреуін таңдау қажет.

Магистратура/докторантура бағдарламасында оқып жүрсем немесе оқуды бітірген жағдайда, кредиттерімді аудара аламын ба?

Ия, аударылатын кредиттерді Қабылдау комиссиясы анықтайды. Ол үшін сауалнама нысанында тиісті сұраққа жауап беріңіз. Аударылатын кредиттердің рұқсат етілген саны  кредиттердің жалпы санының 25%-ын құрайды (MD және резидентура бағдарламаларын қоспағанда). Аударылатын курстар бойынша алынған бағалар ескерілмейді, тек кредиттер есепке алынады. Алдыңғы оқу орнында алынған бағалар студенттің орташа баллына (GPA) немесе университеттегі кумулятивтік орташа баллына (CGPA) әсер етпейді.

Конкурсқа қатысу үшін берген өтінімімнің жағдайын қалай білуге болады?

Берген өтініміңіздің жағдайы сіздің Жеке кабинетіңізде көрсетілетін болады. Ал Қабылдау комиссиясының соңғы шешімі  конкурстық іріктеу нәтижесі негізінде тіркелу кезінде көрсеткен электрондық поштаңызға  жіберіледі.

Егер ағылшын тілі деңгейім жоғары болмаса, мен Назарбаев Университеті магистратура бағдарламасына өтінім бере аламын ба?

Оқуға ынтасы жоғары, бірақ ағылшын тілі деңгейі төмен үміткерлерге арнайы «Назарбаев Университеті магистратура бағдарламаларының дайындық жылы» (NUZYP) бағдарламасы ашылған болатын. Бұл ретте, NUZYP бағдарламасына өтінім беру үшін үміткердің IELTS бойынша жалпы баллы кем дегенде 5.5 болуы қажет, тек бір бөлімнен 5.0 балл болуы рұқсат етіледі. Алайда «Еуразиялық зерттеулер саласындағы гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар магистрі» және «Саясаттану және халықаралық қатынастар саласындағы гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар магистрі» бағдарламаларына IELTS бойынша жалпы балл кем дегенде 6.0 болуы қажет,  тек бір бөлімнен 5.5 балл болуы рұқсат етіледі немесе ETS сайтында берілген TOEFL баламасы қажет.

Егер мен соңғы курс студенті болсам және жоғары білім дипломым әлі болмаса, бағдарламаға құжаттар тапсыра аламын ба?

Егер сіз университеттің соңғы курс студенті болсаңыз, конкурстық іріктеуге қатысу үшін оқып жатқан университетіңіздің тіркеуші кеңсесі дайындаған ресми транскриптіні, ал оқуды бітіргеннен кейін жоғары білім туралы диплом мен қорытынды транскриптіні ұсынсаңыз болады.

NUZYP дегеніміз не және ол кімге арналған бағдарлама?

NYZYP (Nazarbayev University Zero Year Program) нені білдіреді?

Назарбаев Университеті «магистрлік бағдарламалардың нөлдік жылында» оқуға мүмкіндік береді. Бұл - магистратураға тікелей түсуге ағылшын тілін қажетті деңгейде меңгермеген үміткерлерге арналған екі семестрлік бағдарлама. Бағдарламаның мақсаты - студенттерге магистратура бағдарламаларында жақсы оқуға қажетті ағылшын тілін және академиялық дағдыларды меңгеруге көмектесу. Бағдарламаны сәтті аяқтау студенттерге олар конкурстық іріктеу кезінде өтінім берген және сұхбаттасудан өткен Назарбаев Университеті магистратура бағдарламасына ауысуға мүмкіндік береді.

NUZYP бағдарламасында оқу үшін грантқа өтінім беруге бола ма?

Ия, болады. NUZYP-ке бөлек сауалнама нысаны жоқ. Сіз NUZYP бағдарламасын аяқтағаннан кейін өткіңіз келетін магистратура бағдарламасына арналған сауалнама нысанын толтыруыңыз қажет. Сауалнама нысанында NUZYP бағдарламасына қарастырылғыңыз келе ме деген сұрақ болады. Сол сұраққа «Ия» деп жауап беру қажет.

NUZYP бағдарламасы барлық бағдарламаларда бар ма?

NUZYP бағдарламасы

  • Іскери әкімшілендіру магистрі 
  • Медицина докторы
  • Резидентура

бағдарламаларынан басқа барлық магистратура бағдарламаларында бар.

NUZYP бағдарламасын аяқтағаннан кейін магистратура бағдарламасына конкурстық іріктеуден қайта өту керек пе?

NUZYP бағдарламасын сәтті аяқтаған жағдайда магистратураға тіркелудің және конкурстық іріктеуден өтудің қажеті жоқ. Егер студент грант аясында оқыған болса, магистратура бағдарламасында да оқуын грант есебінен жалғастырады.

NUZYP бағдарламасын аяқтағаннан кейін мамандықты ауыстыруға бола ма?

NUZYP бағдарламасын аяқтағаннан кейін мамандықты ауыстыру мүмкін емес.

Конкурсқа қатысу үшін құжат дайындау және қабылдау емтихандары

Құжаттардың нотариалды куәландырылған ағылшын тіліндегі аудармасы міндетті түрде керек пе?

Егер сіз ұсынған құжаттың ағылшын тіліндегі нұсқасы болса, онда оның нотариалды куәландырылған аудармасы керек емес. Өзге жағдайларда, құжаттардың нотариалды куәландырылған ағылшын тіліндегі  аудармасы қажет, себебі Қабылдау комиссиясының мүшелері – орыс немесе қазақ тілдерін меңгермеген шетелдік азаматтар.

Дипломның орташа баллын қалайша дұрыс есептеуге болады?

Сіз GPA-ді 4 балдық жүйемен онлайн ресурстарды пайдалана отырып өзіңіз есептей аласыз немесе транскриптіңізде көрсетілген GPA баллын енгізуге болады. Қалай болғанда да, Қабылдау департаментінің қызметкері оны қайта санайды.

Мен IELTS/TOEFL нәтижесін тіркелу мерзімі аяқталғаннан кейін ұсына аламын ба?

Сертификатыңызды Жеке кабинетке онлайн тіркелу мерзімі аяқталғанға дейін жүктеуіңіз қажет. Көрсетілген мерзімнен кейін сертификаттар қабылданбайды. Мұндай жағдайда, сіздің өтініміңіз талапқа сай келмейтіндіктен қабылданбайды.

Егер мен IELTS/TOEFL нәтижемді тіркелу мерзімі аяқталғанға дейін жақсартсам, сертификатты қайда жіберуім керек?

Сертификатыңызды Жеке кабинетіңіздің «IELTS/TOEFL нәтижелерін жүктеу» бөлімінде жүктеуіңіз қажет.

IELTS/TOEFL/GRE/ GMAТ тест нәтижелерін жіберуге арналған код қандай?

Назарбаев Университетінің тест нәтижелерін жіберуге арналған кодтары:

IELTS – Назарбаев Университеті

TOEFL – 6762

GRE – 6496

GMAT – Н6m-R7-93

IELTS Indicator нәтижелері магистратура немесе докторантураға түсуге қабылдана ма?

IELTS Indicator нәтижелері қабылданбайды.

TOEFL Home Edition нәтижелері магистратура немесе докторантураға түсуге қабылдана ма?

TOEFL Home Edition емтиханының нәтижелері қабылданады.

Жеке кабинетте IELTS/TOEFL сертификатының сканерленген нұсқасын ұсыну жеткілікті ме?

Жоқ, жеткіліксіз. Сізге емтихан әкімшісіне IELTS/TOEFL сертификатының электрондық нұсқасын Назарбаев Университетіне жіберуге тапсырыс беру қажет. Бұл тапсырысты емтиханға тіркелу кезінде тегін беруге болады. Егер сіз емтихан тапсырып қойған болсаңыз және емтихан нәтижесін Назарбаев Университетіне жіберуге тапсырыс бермеген болсаңыз, онда тест әкімшісіне бұл тапсырысты ақылы негізде беруге болады.

TRF нөмірін енгізу кезінде дерекқорда менің сертификатым табылмаса, не істеу керек?

Сізге енгізілген барлық деректердің (ТАӘ, сауалнама нысанындағы төлқұжат деректері және TRF нөмірі/Appointment number) дұрыстығын тексеру қажет немесе IELTS/TOEFL сертификатының электрондық нұсқасын Назарбаев Университеті мекен-жайына жіберу үшін емтихан әкімшісіне хабарласу қажет.

ALEKS тесті дегеніміз не?

Aleкs тесті - бизнес үшін негізгі математикалық дағдылар деңгейін анықтау емтиханы. Ол бейімделгіш сауалнаманы үміткердің нақты не білетінін және білмейтінін тез және дәл анықтау үшін қолданылады.

ALEKS тестінің форматымен танысуға бола ма?

Сіз www.aleks.com сайтында тест форматымен танысып, ALEKS сынақ тестілеуінен өте аласыз. Сондай-ақ, http://www.aleks.com/buy_aleks_now сайтында айлық жазылым сатып алуға болады.

Іскери әкімшілендіру магистрі және Инженерлік менеджмент магистрі бағдарламаларына ALEKS тестісін тапсыру ақылы ма?

ALEKS тестісін тапсыру тіркелу жарнасының құнына кіреді. ALEKS тестісін қайта тапсырған жағдайда, құны 10 000 теңге болады.

Инженерлік менеджмент магистрі бағдарламасы бойынша ALEKS тестісін қайта тапсыру көзделмеген.

ALEKS тесті қайда тапсырылады?

ALEKS тесті Назарбаев Университетінде тапсырылады. Емтиханға шақыруды Қабылдау комиссиясының хатшысы жібереді. Үміткерлер бекітілген күндер тізімінен емтиханды тапсыру күнін таңдай алады.

МСАТ емтиханы дегеніміз не және бұны кімдер тапсырады?

MCAT емтиханының толық атауы - Medical College Admission Test. Медицина факультетінде оқығысы келетіндерге арналған емтихан.

MCAT бірнеше таңдау сұрақтарынан тұратын (multiple choice questions), студенттердің дағдыларын бағалайтын, атап айтқанда: күрделі мәселелерді шеше білу, сыни тұрғыдан ойлау және медицинаны оқудың алғышарты болып табылатын жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар, биология және басқа да пәндер бойынша білімін тексеретін стандартталған тест болып табылады.

MCAT форматы

Тест төрт бөлімнен тұрады.

  • Тірі жүйелердің биологиялық және биохимиялық негіздері
  • Биологиялық жүйелердің химиялық және физикалық негіздері
  • Мінез-құлықтың психологиялық, әлеуметтік және биологиялық негіздері
  • Сыни тұрғыда талдау және ой елегінен өткізу

MCAT бағалау

MCAT тапсыру барысында үміткер тестінің әр бөлімінен 1-ден 15-ке дейін ұпай жинай алады. Соңғы нәтиже MCAT барлық бөлімдері ұпайларының қосындысы болып табылады.

Тест нәтижесі тест тапсырған соң 30-35 күннен кейін мәлім болады. Студент бұл ақпаратты MCAT ресми сайтынан «Get Your Test Scores» бөлімінен ала алады. 

MCAT-қа тіркелу және төлеу

Тест ақысы тест тапсыруға қаншалықты ерте тіркелгеніңізге байланысты  болады және құны 305-тен 355 доллар аралығында болады. MCAT тестіне өз бетінше дайындалуға арналған материалдарды мына сілтемеден таба аласыз.

MCAT емтиханын қайда тапсыруға болады?

МСАТ емтиханы тек шетелде тапсырылады. Сіз aamc.org сайтына тіркеліп, емтихан тапсыратын елді және емтихан күнін таңдауыңыз керек. Емтихан нәтижесі Назарбаев Университетіне Медицина докторы бағдарламасына онлайн тіркеу аяқталғанға дейін  ұсынылуы тиіс.

USMLE емтиханы дегеніміз не және бұны кімдер тапсырады?

USMLE тесті Резидентура бағдарламасына түсуге арналған (тек Step 1 тапсырылады).

USMLE Step 1 – АҚШ және Еуропалық Одақтың көптеген медициналық мектептерінде алғашқы екі курста оқытылатын пәндер бойынша білімді тексеретін компьютерлік, бірнеше таңдау сұрақтарынан тұратын емтихан. USMLE дәрігердің білімін, тұжырымдамалар мен принциптерді қолдану қабілетін және имитациялық жағдайлық зерттеулер негізінде пациенттерді күтудің негізі дағдыларын бағалайды.

Емтихан 

  • 350 сұрақтан тұрады/7 сағат + 45-минут үзіліс 
  • Сұрақтың орташа көлемі: 60-тан бастап 70 сөзге дейін


Сертификатталған орталықтардың тізімі Prometric (https://www.prometric.com/) сайтында қол жетімді.

IFOM емтиханы дегеніміз не және оны кім тапсырады?

IFOM – науқасты күту кезінде дәрігердің негізгі функцияларын орындаудың кілті болып табылатын негізгі және клиникалық пәндер туралы білімді бағалау үшін АҚШ Ұлттық медициналық сарапшылар кеңесінің (National Board of Medical Examiners — NBME) әзірлеген емтиханы.

Емтиханға 160 көпсалалы сұрақтар кіреді, олардың көпшілігі сынақтан өтушінің есіне түсіріп қана қоймай, медициналық ғылым бойынша базалық білімін қолдану қабілетін бағалау үшін клиникалық виньетка түрінде ұсынылған. Сұрақтар келесі салаларды қамтиды: анатомия, биохимия, гистология және жасуша биологиясы, микробиология, ағза жүйелері, патология, фармакология, физиология.

USMLE/IFOM емтихандарын қайда тапсыруға болады?

IFOM тестісі Назарбаев Университеті Медицина мектебінде өткізіледі. Сіз бұл емтиханды 2020 жылдың сәуір және маусым айларында тапсыра аласыз. Толық ақпаратпен www.nusom.nu.edu.kz/ сілтемесінде танысуға болады. 

USMLE емтиханы тек шетелде тапсырылады. Барлық нақты ақпаратты www.usmle.org сілтемесінен табуға болады.

Кім маған ұсыным беруші бола алады?

Ұсыным беруші сізбен академиялық салада жұмыс істеген және сізді білім алушы ретінде танитын профессорлар, ғылыми жетекшілер, оқытушылар, декандар болуы мүмкін немесе сізді кәсіби жағыңыздан білетін жұмыс берушілер, әріптестер, стратегиялық әріптестер және т.б. бола алады.

Ұсыным хаттарды беру рәсімі қандай?

Онлайн өтініміңізді аяқтап, «SUBMIT APPLICATION» түймешесін басқаннан кейін, сіз сауалнама нысанында көрсеткен ұсыным берушілеріңіздің электрондық пошталарына сілтеме жіберіледі. Бұл сілтеме ұсыным хатын екі әдіспен тапсыруға мүмкіндік береді. Бірінші әдіс бойынша, ұсыным беруші ұсыным хатын Назарбаев Университетіне өз ұйымының корпоративті поштасынан жібереді. Электронды мекенжайға келген сілтемені басу арқылы ұсыным хаттың электронды нысанын толтыру қажет. Екінші әдіс  ұсыным берушінің корпоративтік поштасы болмаған жағдайға арналған. Бұл жағдайда, ол ұсыным хатты өзі қызмет ететін ұйымның шығыс нөмірі мен күні көрсетілген фирмалық бланкісінде дайындауы қажет. Хат сканерленіп, сілтемені басу арқылы жүктеледі. Ұсыным берушілерге хатты дайындауға берілетін уақыт - 5 жұмыс күні.

Егер менің ұсыным берушім хатты дайындаудан бас тартса, мен оны басқамен ауыстыра аламын ба?

Иә, ауыстыра аласыз. Ұсыным берушіні өзгерту үшін Назарбаев Университеті Қабылдау департаментінің тиісті электрондық поштасына өтінішіңізді жазып, жаңа ұсыным берушінің толық деректерін жіберу қажет:

  • Жоғары білім беру мектебінің магистратура бағдарламаларына өтінім беруші үміткерлерге - admissions.gse@nu.edu.kz
  • Жоғары бизнес мектебінің магистратура бағдарламаларына өтінім беруші үміткерлерге - admissions.gsb@nu.edu.kz
  • Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің магистратура бағдарламаларына өтінім беруші үміткерлерге - gspp_admissions@nu.edu.kz
  • Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің магистратура бағдарламаларына өтінім беруші үміткерлерге - admissions.ssh@nu.edu.kz
  • Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің магистратура бағдарламаларына өтінім беруші үміткерлерге - admissions.seds@nu.edu.kz
  • Медицина мектебінің магистратура бағдарламаларына өтінім беруші үміткерлерге - admissions.nusom@nu.edu.kz
  • Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің магистратура бағдарламаларына өтінім беруші үміткерлерге - admissions.smg@nu.edu.kz

Докторантура бағдарламаларына өтінім беруші үміткерлерге - phd_admissions@nu.edu.kz

Докторантура бағдарламасына түсу үшін ғылыми зерттеу тақырыбын қалай таңдауға болады? Докторантура бағдарламасында айналысқым келетін зерттеулер Университетте жүргізілетінін қалай білуге болады?

Ғылыми зерттеу тақырыбын білу үшін сізге тиісті Мектептің сайтына кіріп, профессорлардың профайлдарын және олардың зерттеу тақырыптарын қарау қажет. Сол зерттеулердің арасынан сізге ең жақын және қызықты болып табылатын тақырыпты тұжырымдау қажет. Сондай-ақ, сіздің Мектеп профессорларының жыл бойы өткізетін ашық лекциялары мен сессияларына, ашық есік күндеріне қатысу мүмкіндігіңіз бар. Бұл - өзіңізді қызықтыратын сұрақтарға жауап алуға және ғылыми негіздемені дайындау бойынша пайдалы кеңестер алуға керемет мүмкіндік.

Уәждеме хаттың мазмұнына қойылатын талаптар бар ма?

Хаттың мазмұнына қойылатын талаптар жоқ. Хаттың мазмұны сіздің авторлық жобаңыз болып табылады. Интернетте уәждеме хатты қалай дұрыс дайындау бойынша кеңес беретін ресурстар өте көп. Назарбаев Университетінің кейбір бағдарламаларында хаттың көлеміне қойылатын талаптар бар.

Жұмыс өтілімді қалай растауға болады?

Егер жұмыс тәжірибесі бағдарлама үшін қосымша талап болса, түйіндемеңізді ұсына аласыз. Ал егер жұмыс өтілі міндетті талап болса, онда ресми құжаттар қажет болады. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 34-бабына сәйкес қызметкердің еңбегін растайтын құжат ретінде төмендегінің кез-келгені қарастырылуы мүмкін:

  1. Еңбек кітапшасы;
  2. жұмыс берушінің оны тоқтату күні мен негізі туралы белгісі бар еңбек шарты;
  3. еңбек шартын жасасу және тоқтату негізінде еңбек қатынастарының туындауын және тоқтатылуын растайтын жұмыс берушінің актілерінен үзінді көшірмелер;
  4. қызметкерлерге еңбекақы төлеу ведомосінен үзінділер;
  5. жұмыс беруші қол қойған, ұйымның мөрімен немесе нотариалды куәландырылған қызметтік тізім (қызметкердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі);
  6. аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмелер;
  7. жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер;
  8. қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтерді қамтитын мұрағаттық анықтама.
Резидентура бағдарламасына құжат тапсыру үшін қандай диплом қажет?

Резидентура бағдарламасына конкурсқа қатысу үшін Медицина докторы дипломы немесе Дүниежүзілік медициналық мектептер анықтамасына (World Directory of Medical Schools) сәйкес танымал университетте алынған балама жоғары медициналық дәреже (елде тәуелсіз емдеу дәрігері ретінде іс-тәжірибемен айналысу үшін тіркелу немесе сертификат алу құқығын беретін ең жоғары деңгейдегі медициналық біліктілік) қажет.

Қоғамдық денсаулық сақтау магистрі бағдарламасына конкурсқа қатысу үшін бастапқы медициналық білімнің болуы қажет пе?

Бастапқы медициналық білімнің болуы міндетті критерий емес, алайда уәждеме хатта неліктен бұл бағдарламада оқығыңыз келетіндігін негіздеуіңіз қажет.

Назарбаев Университеті жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламаларының студенттеріне арналған оқу шарттары

Магистратура мен докторантура студенттеріне жатақхана беріле ме?

Жатақхана магистранттар мен докторанттарға кезек бойынша беріледі. Басымдылық Foundation және бакалавриат бағдарламаларының студенттеріне, сондай-ақ шетелдік  студенттерге беріледі.

Жатақханада тұру құны қандай?

Жатақханада тұру құны бөлмелер санына байланысты:

2-орындық бөлмедегі орын  - 1 семестрге 27 000 теңге (магистранттар 1 бөлмеде 2 адамнан тұрады)

1-орындық бөлмедегі орын - 1 семестрге 80 000 теңге в  (докторанттар бөлмеде 1 адамнан тұрады)

Отбасылы студенттерге жатақханада орын беріле ме?

Балалары бар отбасылы студенттерге конкурстық негізде Назарбаев Университетінің профессорлық-оқытушы құрамына арналған тұрғын блоктарында студия және/немесе 1-бөлмелі пәтерлер берілуі мүмкін.  

 Коммуналдық қызметтерді қоспағанда студияның құны айына 67 000 теңгені құрайды, ал 1-бөлмелі пәтер айына 98 000 теңге тұрады.

Магистратура мен докторантурадағы стипендияның мөлшері қандай?

125 000 теңге – магистратура мен NUZYP бағдарламасы студенттеріне

175 000 теңге - Медицина докторы бағдарламасының студенттеріне

150 000 теңге – докторантура бағдарламаларының студенттеріне

* Докторантура бағдарламаларының студенттері бағдарламаға байланысты жалақысы 600 АҚШ долларынан басталатын зерттеуші ассистенттері (RA) және оқытушы ассистенттері (GTA) ретінде жұмыс істей алады.

Бағдарлау апталығына қатысу міндетті ме?

Бағдарлау апталығына қатысу университетке оқуға қабылдану үшін міндетті талап болып табылады.

Магистратура бағдарламаларына қанша грант бөлінеді?

2020 жылы магистратура бағдарламаларына 669 мемлекеттік грант бөлінді. Мемлекеттік гранттар саны Қазақстан Республикасы Үкіметінің жыл сайын мамыр айында шығатын Қаулысымен анықталады. Гранттар үміткерлердің рейтингісіне сәйкес бөлінеді.

Докторантура бағдарламаларына қанша грант бөлінеді?

2020 жылы докторантура бағдарламаларына 65 мемлекеттік грант бөлінді. Мемлекеттік гранттар саны Қазақстан Республикасы Үкіметінің жыл сайын мамыр айында шығатын Қаулысымен анықталады. Гранттар үміткерлердің рейтингісіне сәйкес бөлінеді.

Ақылы негізде оқуға түсетін студенттерге қандай-да бір жеңілдіктер бар ма?

Жеңілдіктер (толық емес стипендия) туралы ақпаратты Bursars кеңсесіне хабарласу арқылы алуға болады: bursars_office@nu.edu.kz.

Назарбаев Университетіне оқуға қабылданғаннан кейін оқудан бас тартсам, қандай-да бір шығындарды өтеуім керек пе?

Оқудан шыққан жағдайда, студент оқу шығынын өтемейді.