Foundation бағдарламасы

Университетте білім алу ақылы ма?

Университетте білім алу «Назарбаев Университеті» ДБҰ мемлекеттік білім беру гранты, өзге де гранттар мен стипендиялар негізінде, сондай-ақ ақылы негізде жүзеге асырылады. «Назарбаев Университеті» білім беру гранты Университетке оқуға қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шетелдіктерге берілуі мүмкін. «Назарбаев Университеті» білім беру гранты қаражатының есебінен Университетте оқуға құқығы бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау квотасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жыл сайын айқындайды.

Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қандай?

Назарбаев Университеті өзінің халықаралық оқытушы-профессорлар құрамын мақтан тұтады. Университетте академиялық дәрежелері мен атақтары бар, АҚШ, Аустралия, Ұлыбритания, Германия, Канада, Үндістан және т.б. елдер- ден келген жоғары білікті оқытушылар жұмыс істейді. Оқытушыларды іздестіру халықаралық еңбек нарығында жүзеге асырылады.

«Назарбаев Университеті» ДБҰ мемлекеттік білім беру гранты нені қамтиды?

«Назарбаев Университеті» ДБҰ мемлекеттік білім беру гранты оқу үдерісіне қатысты шығындарды қамтиды.

Плагиат дегеніміз не?

Студенттік плагиат дегеніміз студенттің ақпарат көзіне сілтеме жасамай, қағаз бетінде немесе электрондық тасымалдағышта жарияланған бөтен мәтінді жазбаша жұмысында пайдалануына байланысты Назарбаев Университетінде белгіленген академиялық нормалар мен ережелерді бұзғаны болып табылады. Интернеттің пайда болуымен қатар плагиат күрделі мәселеге айналды. Кейде студенттер интернеттен толық абзацтар мен беттерді көшіріп алады, бұл ретте ақпарат көзін көрсетпейді және басқа адамның жұмысын өзінің еңбегі ретінде ұсынады. Осындай заң бұзушылық студентті Университеттен оқудан шығару сияқты жазалау шараларын қолдануға әкеліп соғатын өрескел академиялық теріс қылық болып саналады.

Назарбаев Университеті өз түлектерінің жұмысқа орналасуына қандай көмек көрсетеді?

Назарбаев Университетінде студенттерді еңбекке дайындау мен кәсіби дамытуға, сондай-ақ оқу кезеңі ішінде студенттік практиканы ұйымдастыру, Университетте жұмыс берушілердің презентациясы мен Кәсіби даму бағдарламасын, экскурсияларды, вакансиялар жәрмеңкесін өткізу арқылы түлектерді жұмысқа орналастыруға бағытталған Студенттерді кәсіби бейімдеу және дамыту орталығы (СКБДО) құрылды.

Кредиттік оқыту жүйесі дегеніміз не?

Кредит – бұл америкалық және еуропалық жүйелерде қолданылатын, өткен курстарды есепке алуға арналған бірлік. Әрбір америкалық кредит әрбір апта ішінде сабақтарда өткен сағат сандарын білдіреді. Демек, 3 кредиттік немесе 3 модульдік курс әдетте семестрдің ішінде аптасына үш рет өткізілетін пәнді білдіреді. Кредиттер оқу орнын бітіруге арналған талаптардың бір бөлігі ретінде есепке алынуы немесе есепке алынбауы мүмкін.

Назарбаев Университетінің студенттері бос уақыттарын қалай өткізеді?

Назарбаев Университеті өз студенттерінің бос уақыттарын ұйымдастыруға барлық жағдайларды жасап отыр. Кампустың аумағында спорт кешені бар, онда студенттер шағын футбол, баскетбол, волейбол сияқты спорт түрлерімен айналысады. Қазіргі кезде Университетте әртүрлі зияткерлік даму, ғылыми-зерттеу қызметі, шығармашылық, ойын-сауық, мәдениет, өнер мен спорт салаларын қамтитын 90-нан астам студенттік ұйымдар мен клубтар жұмыс істейді.

Жатақханада тұру жағдайы қандай?

Назарбаев Университеті өз студенттерінің жайлы жағдайда тұруы мен сабаққа дайындалуы үшін барлық қолайлы жағдайларды жасап отыр. Бөлмелер 2-4 адамға арналған және барлық қажетті заттармен жабдықталған. Әрбір студентке кереует, шкаф-гардероб, тумбочка, төсек орын жабдықтары беріледі. Әрбір бөлмеде душ бар. Жатақханада студенттердің белсенді демалуына арналған орындар бар, мұнда студенттер бейне және теле бағдарламаларды көре алады, музыкамен, бимен айналыса алады және үстел теннисін ойнай алады. Сонымен қатар, жатақханада студенттерге медпункт, дәріхана, шағын маркет, кір жуатын бөлме, химиялық тазалау, төлем терминалдары қызмет көрсетеді. Университет жатақханасына орналасу кезінде әрбір студентпен Жатақханада тұру шарты жасалады, онда жатақханада тұрудың негізгі ережелері мен шарттары көрсетіледі. Студенттердің қауіпсіздігін ұйымдастыру мақсатында жатақханада ID-карталар бойынша өткізу режимі орнатылған.

Grade Point Average (GPA) дегеніміз не?

Бұл кейбір Еуропаның және көптеген АҚШ-тың колледждері мен университеттерінде пайдаланылатын студенттердің академиялық жетістіктерін бағалау жүйесі, ол бойынша бағалау кезеңі аяқталған соң берілген әріптік бағалар сандық көрсеткіштерге өзгертіледі. Назарбаев Университетінде GPA 4 балл шкаласы бойынша есептелінеді. Студенттің GPA ағымдағы оқу кезеңі ішіндегі кредиттердің жалпы санына әрбір пән бойынша алынған балдың цифрлік баламасына кредиттердің көбейтілген сомасының арақатынасы болып табылады.

Студенттерге жатақханада орын беріле ме?

Назарбаев Университетінің студенттері Университет кампусының аумағында орналасқан жатақханамен бос орын болған жағдайда қамтамасыз етіледі.

Назарбаев Университетіне оқуға түсу кезінде ҰБТ тапсыру қажет пе?

Назарбаев Университетіне оқуға түсу кезінде ҰБТ балдары есепке алынбайды. ҰБТ басқа қазақстандық жоғары оқу орындарына түсу үшін міндетті талаптың бірі болып табылады

NUFYP деген не?

Назарбаев Университетінің NUFYP (Nazarbayev University Foundation Year Program) Дайындық бағдарламасы - Университеттің бакалавриат бағдарламасына түсуге бағытталған дайындық қарқынды курсы болып табылады. Бір академиялық жылдың ішінде студенттер академиялық ағылшын тілін меңгеру деңгейлерін арттырады және таңдаған мамандыққа қатысты инженерлік, ғылым мен техникалық, сондай-ақ гуманитарлық және әлеуметтік пәндер бойынша базалық білім алады. Дайындық бағдарламасының артықшылықтары: • Назарбаев Университеті Мектептерінің талаптарына сәйкес арнайы әзiрленген Дайындық бағдарламасы студенттердің академиялық, ғылыми және тілдік білімдерін жетілдіруге бағытталған; • Математика, ғылым, гуманитарлық ғылымдар және академиялық ағылшын тілі бағыттары бойынша міндетті және таңдау бойынша пәндерді ұсынады; • Ғылыми-зерттеу, сонымен қатар сыни ойлау және коммуникативтік дағдыларын дамытады; • Университеттің білім беру жүйесін және академиялық мәдениетін таныстырады.

Еліміздің басқа жоғары оқу орындарынан Назарбаев Университетінің (НУ) айырмашылығы неде?

Назарбаев Университеті жобасы – бұл еуразиялық кеңістікте теңдесі жоқ бірегей жоба. Жоба еліміздің индустриялық-инновациялық даму міндеттерін шешуде ұлттық инженерлік-техникалық және ғылыми кадрларды даярлауда сапалы серпін жасауды қамтамасыз ету үшін Қазақстанның бас қаласында халықаралық деңгейдегі университеттің қалыптасуына ықпал етеді. Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Назарбаев Университеті ұлттық білім беру жүйесінің барлық артықшылықтары мен әлемнің ең үздік ғылыми-білім беру тәжірибесін үйлесімді біріктіретін ұлттық бренд болуды мақсат етеді. Сонымен бірге, Университеттің заманауи ғылыми инфрақұрылымы инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған. Білім, ғылым және өндіріс арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ету, сондай-ақ тиімді академиялық ортаны қалыптастыру үшін Университетке ең үздік ұлттық және халықаралық зерттеушілер шақырылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысымен Назарбаев Университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді.

Университет алдындағы дайындық бағдарламасына оқуға түсуге кім құқықты?
Конкурсқа мынадай санаттарға жататын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалар қатысуы мүмкін: - жалпы білім беретін мектептердің соңғы сыныптарының оқушылары; - техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының (колледж) соңғы курстарында оқитын тұлғалар; - жоғары оқу орындарының студенттері; - орта, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар тұлғалар.
 
Оқуға түсу кезіндегі тіркелу жарнасы қандай?

2016 жылдан бастап, Назарбаев Университеті NUFYP бағдарламасына оқуға түсу үшін тіркелу жарнасын енгізді. Жарна Қазақстан Республикасы азаматтары үшін 3000 теңгені және шетел азаматтары үшін 14 000 теңгені құрайды. Тіркелу жарнасы әр талапкердің жеке кабинетінен интернет төлем арқылы жүзеге асырылады.

Қабылдау комиссиясына кім кіреді және Университет алдындағы дайындық бағдарламасына үміткерлерді іріктеу қалай өтеді?

Қабылдау комиссиясының құрамына Университеттің әріптес жоғары оқу орнының өкілі(-дері) және Университет мектебінің/мектептерінің өкілін (өкілдерін) қоса алғанда Университет қызметкерлері енгізілуі мүмкін. Университеттің Дайындық мектебіне оқуға алу конкурсы өткен кезде екі пән бойынша неғұрлым жоғары, жиынтық NUFYP Entrance Test бойынша тестілеудің қорытындысына ие болған талапкерлердің басымды құқығы бар. NUFYP Entrance Test бойынша тестілеудің қорытындылары тең болғанда, IELTS немесе TOEFL бойынша баллдары неғұрлым жоғары болған талапкер басымды құқыққа ие болады.

IELTS және TOEFL бойынша жалпы балдардың нәтижелері тең болғанда мынадай басымдылықпен секциялар бойынша неғұрлым жоғары балдары болған талапкерлерге басым құқық беріледі: «жазу», «аудирлеу», «оқу», «сөйлесу бөлімі».

Жоғарыда аталған критерийлер тең болғанда Қабылдау комиссиясы басқа  үздік академиялық, ғылыми-зерттеу, спорттағы және шығармашылық жетістіктері бар талапкерлерге (Алтын Белгі иегерлеріне, халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалардың және ғылыми-зерттеу конкурстарының жүлдегерлеріне, спорт және шығармашылық жарыстардың жеңімпаздарына) басым құқық береді.

Студент оқудан шығарылған жағдайда ДБҰ мемлекеттік «Назарбаев Университеті» білім беру гранты сомасын төлеу міндеттемелері бар ма?

Студент Университеттен шығарылған жағдайда, Университеттің талап етуі бойынша, білім беру гранты қамтымайтын, Университетке студенттің оқу келісімшарты жасалған кезден бастап оқыған мерзімінде іс жүзінде келтірілген қосалқы шығындардың сомасын төлеуге міндетті.

Студент Назарбаев Университетінен қандай себептер бойынша оқудан шығарылуы мүмкін?

Студентті Университеттен оқудан шығаруға түрлі негіздер себеп болуы мүмкін. Негізгі себептер: - студенттің Университетке оқуға қабылдау кезінде жалған құжаттарды немесе мәліметтерді ұсынуы; - белгілі бір мөлшердегі оқу және/немесе практикалық сабақтарға (семинарларға) дәлелсіз себептер бойынша қатыспауы; - студенттің аралық немесе қорытынды бақылаудың (аттестаттау) қанағаттанарлықсыз нәтижелері; - студенттердің тәртіптік ережесін (Student Code of Conduct), Академиялық адалдық саясатын (Academic Integrity Policy) бұзуы; - Университеттің ішкі тәртіптеме ережелерін және/немесе техника қауіпсіздігі ережелерін бірнеше рет бұзуы; дәлелсіз себеп бойынша академиялық демалыстан шықпауы; - өз еркімен Университетте оқудан бас тартуы (өздігінен шығуы).

NUFYP бағдарламасына түсу кезеңдері қандай?

NUFYP бағдарламасына қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Университет сайтында жеке кабинетті тіркеуден соң талапкерге онлайн сауалнаманы толтыру қажет. Онлайн тіркелу әдетте қараша айында ашылады және 2-3 ай бойы жалғасады. Конкурс төрт кезеңнен тұрады: 1) Бірінші кезең – APTIS тесті; 2) Екінші кезең – NUFYP Entrance Test тесті; 3) Үшінші кезең – IELTS емтиханы; 4) Төртінші кезең - Қабылдау комиссиясының талапкерлердің құжаттарын қарауы. APTIS – ағылшын тілін меңгерудің жалпы деңгейін анықтайтын тест, 75 сұрақтан тұрады, емтихан ұзақтығы – 55 минут. Емтихан әкімшісі – Британдық кеңес. NUFYP Entrance Test – ағылшын тілінде өтетін пәндік емтихан. Талапкерлер таңдаған Университет мектебіне сәйкес келесі пәндерді тапсырады: Инженерия мектебі – математика (30 сұрақ) және физика (30 сұрақ); Ғылым және технологиялар мектебі – математика (30 сұрақ) және физика (30 сұрақ), немесе математика (30 сұрақ) және химия және биология (15 сұрақтан); Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі – математика (30 сұрақ) және сыни ойлау (30 сұрақ). Әр пәндік емтихан 1 сағатқа созылады. Жалпы алғанда, емтихан 2 сағат уақыт алып, 60 сұрақтан тұратын болады. Емтихан әкімшісі – Cambridge International Examinations: Cambridge ATS. International English Language Testing System (IELTS) –академиялық ағылшын тілін меңгерудің деңгейін анықтауға бағытталған емтихан. Жазбаша(тыңдалым, оқу, жазу) және ауызша бөлімдерден (ауызша сөйлеу) тұрады. Емтихан әкімшісі – Британдық кеңес. Нәтижелері бекітілген өту баллдарына сәйкес келетін TOEFL немесе IELTS ресми және мерзімі бойынша жарамды сертификаттар тапсырған талапкерлер APTIS және IELTS емтихандарын тапсырудан босатылады. APTIS, NUFYP Entrance Test және IELTS бойынша тестілеу Қабылдау комиссиясы белгілеген Қазақстан Республикасының қалаларында өткізіледі. Тестілеудің өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат талапкерлерге электрондық шақыру-хат жіберу және Университеттің сайтына тиісті ақпаратты орналастыру арқылы жеткізіледі. Университет алдындағы дайындық бағдарламасына түсу үшін қабылдау емтихандарын өткізу Университеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Назарбаев Университет інде оқыту қай тілде жүргізіледі?

Университетте оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі.

Университет студенттерінің мемлекеттік тілді үйренуіне қаншалықты көңіл бөлінеді?

Университетте қазақ тілі мен әдебиеті және мәдениет пәндерін оқытуға арналған арнайы бағдарлама әзірленген. Қазақстандық және шетелдік әдістемелердің ең жақсы нұсқауларын қамтитын бұл бағдарлама Университеттің әрбір студентіне қазақ тілі және мәдениеті туралы терең білім беруге бағытталған. Қазақ тілін оқыту - оқу процесінің міндетті талабы болып табылады.