Тауар белгісін пайдалану

Назарбаев Университеті қазіргі уақытта кейбір білім беру агенттіктерінің, орталықтарының және т.б. оқуға қабылдау емтихандарын, соның ішінде NUFYP Entrance Test емтиханын тапсыру үшін талапкерлерді Университетке түсуге даярлау бойынша қызметтер көрсетуіне байланысты хабарландырулары мен жарнамаларында Университеттің фирмалық атауы («Назарбаев Университет») мен тауарлық белгілерін (соның ішінде оның «NU» деген логотипін), Университеттің оқытушы-профессорлар құрамына немесе студенттеріне қатысты сілтемелерді рұқсатсыз пайдалану жағдайлары жиілеп кеткенін хабарлайды.

Осыған орай, Назарбаев Университеті талапкерлерді оқуға түсуге даярлау бойынша ешқандай қызметтер көрсетпейтінін, өз атынан ондай дайындықты жүзеге асыруға ешқандай тапсырмалар бермегенін және NUFYP ENTRANCE TEST-ке даярлау бойынша қызметтерді ұсынатын білім беру және басқа да орталықтар мен курстар ретіндегі әріптестерінің жоқтығын және осындай хабарландыруларға, жарнамалар мен қызметтер көрсетуге ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдейді.

Назарбаев Университеті өзінің тауарлық белгілері мен фирмалық атауы Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатынын ескертеді. Университеттің фирмалық атауы мен тауарлық белгілерін (мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі атауы, логотипі) коммерциялық, сол сияқты коммерциялық емес мақсаттарда тиесілі рұқсатсыз пайдалану, сондай-ақ Университет көрсетеді деп жазылған дайындық және өзге де білім беру қызметтері туралы шынайы емес, көрінеу жалған ақпаратты беру азаматтық-құқықтық, әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін негіз болып саналады. Осындай заң бұзушылықтар анықталған жағдайда біз кінәлі тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жауаптылыққа тартуды бастамашылық етеміз.