2017 жылғы бітіру рәсімі

2017 жылғы 27 мамырда Назарбаев Университетінде Мемлекет Басшысы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен ІІІ түлектердің оқу бітіру рәсімі өтті.

Салтанатты оқу бітіру рәсіміне студенттер, олардың ата-аналары, сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамы, ірі ұлттық компаниялардың басшылары және басқа да қонақтар қатысты.

Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2010 жылы құрылған Назарбаев Университеті отандық білім берудің флагманы болып табылады. Биыл оқу бітірген студенттер саны 737 адам, оның ішінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 499 түлек, магистратура бағдарламасы бойынша 229 студент және PhD дәрежесіне ие болған докторантура бағдарламасының ең алғашқы 9 түлегі. Ерекше үлгідегі дипломға 75 түлек ие болды.

Студенттердің ең көп санын Ғылым және технологиялар мектебінің (224 түлек); Инженерия мектебінің (214 түлек); Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің (144 түлек); Жоғары білім беру мектебінің (78 түлек); Жоғары бизнес мектебінің (54 түлек), Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің (23 түлек) студенттері құрайды. Сұранысқа ие болған мамандықтардың ішінде электрлік және электронды инженерия, биологиялық ғылымдар, саясаттану және халықаралық қатынастар, математика және т.б. атап өтілді.

Университет құрылған сәтінен бастап 8 мектептегі студенттердің жалпы саны 3 782 білім алушыға дейін жетті: университет алдындағы дайындық бағдарламасының студенттері – 715 адам, бакалавриат студенттері – 2 323, магистратура – 603, докторантура – 90, «Медицина докторы» бағдарламасы бойынша – 51 адам.

Жыл сайын 700-ден астам адам оқу грантына ие болады. Оқуға түсу емтихандарының қорытындылары бойынша жоғары нәтиже алған талапкерлер студенттің бүкіл оқу кезеңіндегі шығыстарын өтейтін мемлекеттік білім беру гранты шеңберінде Университетте білім алады. Магистранттар мен докторанттарды оқыту да мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жүзеге асырылады. Жоғары бизнес мектебінің бағдарламалары бойынша оқыту осы санатқа жатпайды. Назарбаев Университетінің мектептері әлемнің жетекші университеттерімен әріптестікте әзірленген бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім береді. Білім беру, ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ету, сондай-ақ тиімді академиялық ортаны құру және елдің адами капиталын дамыту үшін Университетке үздік ұлттық және халықаралық зерттеушілер шақырылды.

Назарбаев Университетінің докторантура бағдарламасының ең алғашқы 9 түлегі туралы айтсақ, бұл Университеттің алдында тұрған ең негізгі міндеттердің бірі – Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі мен ғылым саласында реформаларды жүргізуге көмек көрсетуді білдіреді. Осы салада Назарбаев Университеті флагман болып табылады және алғашқы тоғыз докторантымыздың барлығы өзіміздің Жоғары білім беру мектебінің түлектері болғанын біз мақтан тұтамыз. Олар бірінші кезекте ғылыми-зерттеу қызметімен айналысты, ал дайындық барысында қазақстандық білім беру жүйесінде қазіргі уақытта өзекті болып табылатын пәндерді зерттеді.

Осы тұрғыда біздің докторанттар таңдап алған дипломдық жұмыстардың тақырыптары өте қызықты. Мысалы, студенттерді оқыту кезінде үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілін тиімді пайдалануды зерделеуге арналған еңбектер бар. Университеттердің алғашқы курстарында оқыту әдістемесіне, университеттегі оқу процесін тиімді етуге мүмкіндік беретін жетілдіру әдістеріне арналған еңбектер де бар. Өзгелері оқу бітірген соң еңбек нарығына шығу сияқты аспектілерді зерттеді, олар бірінші жақтан Университет түлегі қандай кәсіби дағдыларға ие болуы тиіс, ал екінші жақтан – еңбек нарығында қандай мамандарға сұраныс бар екенін зерделеді.

Болашақта докторанттарымыздың зерттеулері Қазақстанның білім беру жүйесі мен ғылым саласын жетілдіруге мүмкіндік беретін реформалардың негізін құрайтын болады деп үміттенеміз.