2015 жылғы бітіру рәсімі

2015 жылдың 15 маусымында Назарбаев Университетінде Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен алғашқы студенттердің оқу бітіру кеші өтті.

Салтанатты рәсімге студенттер, ата-аналар, сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамы, ірі ұлттық компаниялардың басшылары және шақырылған қонақтар қатысты.
2010 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Назарбаев Университеті отандық білім берудің үздік үлгісі болып табылады. Алғашқы түлектердің саны 446 студент. Студенттер көбінесе Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде, Ғылым және технологиялар мектебінде, Инженерия мектебінде, Жоғары білім беру мектебінде, Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде, Жоғары бизнес мектебінде білім алды. Компьютерлік ғылымдар, инженерлік механика, робототехника және мехатроника, білім беруді басқару, биологиялық ғылымдар, электрлік және электрондық инженерия, құрылыс инженериясы және тағы басқа мамандықтар үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Жалпы алғанда, Университет ашылған кезден бастап жеті Мектептегі студенттер саны 2800-ге дейін артты. Жыл сайын 500 адам оқу грантына ие болуда. Емтихан қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерге мемлекет білім грантын беріп, жыл бойғы оқу шығынын көтереді. Магистранттар мен докторанттар да мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады. Жоғарғы бизнес мектебінің бағдарламасы бойынша білім алу басқаша түрде іске асады. Назарбаев Университетінің Мектептері әлемнің ең озық жоғары оқу орындарымен бірлесіп әзірленген бакалавр, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқытады. Ең жоғары дәрежедегі ұлттық және халықаралық зерттеушілер білім беру, ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайту, сондай-ақ тиімді академиялық орта құрып, елдегі адами капиталды дамыту мақсатында Университетке шақырылды.

Университетті аяқтағаннан кейін түлектердің біршамасы еңбек жолын бастауды, ал кейбірі әлемдік деңгейдегі жоғарғы оқу орындарында, сондай-ақ Назарбаев Университетінде әрі қарай білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.