10 қазан 2024
Осы мақаламен бөлісіңізNU беделді Times Higher Education (THE) рейтингінің 2025 жылғы нұсқасында 501-600 аралыққа жайғасып, Орталық Азия мен Кавказдың үздік университеті атағын сақтап қалды.
Барлығы Қазақстаннан халықаралық рейтингке төрт оқу орны кірген: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1201-1500), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (1500+), Satbayev University (1500+) және NU, соңғысы осы төрттік арасында көш бастап тұр.
«Осындай мықты рейтинг бойынша Орталық Азия мен Кавказдың үздік университеті атану біздің оқу орнында жүргізілетін зерттеу жұмыстарының жоғары дәрежеде екенін дәлелдейді. Бар болғаны 15 жылда осындай нәтиже көрсету – жас университет үшін үлкен жетістік. Біз әрі қарай дамуды жалғастырып, нәтижелерімізді одан да арттыруға тырысатын боламыз», — деді NU президенті Вакар Ахмад. Ол NU-ға ауысқанға дейін Абу-Даби университетінінің президенті болған, оқу орны – бүгінде THE рейтингінде 191-орында.
NU – ТМД елдері оқу орындары арасында 5-орында, “МИФИ” ұлттық ядролық зерттеу университеті, Ұлы Петр Санкт-Петербург политехникалық университеті және Томск мемлекеттік университетімен бір диапазонға (501-600) топталған.
Еске сала кетейік, Times Higher Education бойынша NU Азия елдері университеттерінің ішінде – 129-шы орында, ал жас оқу орындары қатарында 106-шы орынға жайғасқан. Одан бөлек, NU-дың 22 пәні THE-дің пән бағалау рейтингіне кірді, атап айтқанда, білім беру, әлеуметтік ғылымдар, инженерия мен компьютерлік бағыттар жоғары бағаланған.
Университет қабырғасында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер мен жалпы ғылымның дамуы арқасында оқу орны осындай ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістікке жетіп отыр. Стэнфордтың бағалауы бойынша, NU-дың 35 ғалымы әлем бойынша ғылыми жұмыстарына өзге ғалымдар ең жиі жүгінетін зерттеушілердің 2%-ы қатарына кірді. «NU – Қазақстандағы ғылымның қозғаушы күші. Стэнфорд университетінің рейтингіне кірген 51 қазақстандық ғалымның 35-і – біздің оқу орнының қызметкерлері. Сондай-ақ біз елдің ғылым саласына жоғары ғылыми нәтижелер көрсету арқылы елеуді үлес қосудамыз. Оған қоса, басқа қазақстандық университеттермен ынтымақтастық орнатып, жалпы елдегі білім саласындағы стандарттарды көтеруге көмектесудеміз», — деді Вакар Ахмад.