9 қыркүйек 2024
Осы мақаламен бөлісіңізҚазақстандағы жетекші оқу орындарының бірі NU білім беруде де, зерттеуде де ең жоғары стандарттарға қол жеткізуге ұмтылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы сәуір айында өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте «Ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады. Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады», деп айтқан еді.
Халықаралық деңгейдегі университет
NU-дағы білім сапасының жоғары екеніне өткен жылы оның беделді халықаралық «Times Higher Education» рейтингіне кіргені дәлел. Сонымен қатар әлем университеттері үздіктерінің 30 пайызына кіріп, Азия университеттерінің ішінде 129-орынға жайғасты. Ал жас оқу орындары арасында 106-орынды иеленді. Оған қоса NU-дың 22 оқу дисциплинасы да пәндер бойынша «Times Higher Education» рейтингіне кірген. Университеттің отандық жоғары оқу орындары арасында үздік атанғаны да, 14 жыл ішінде жеткен елеулі жетістіктерінің куәсі. Бұл табыс – мемлекеттік қолдаудың нәтижесі әрі оқу орнындағы білім сапасының жоғары екенінің және әлемдік дәрежедегі зерттеу жұмыстарын жүргізетінінің бірден-бір дәлелі.
Бүгінде NU-да 300-ден астам ғылыми жоба жүзеге асырылып, олардың көбін «Билл» және «Мелинда Гейтс» қоры, «Aga Khan Foundation», НАТО-ның «Бейбітшілік пен қауіпсіздікке арналған ғылым» бағдарламасы, Өнер және гуманитарлық ғылымдар бойынша зерттеулер жөніндегі кеңес (AHRC), «Chevron» және т.б. қаржыландырады. Аталған жобалар молекулалық вирусологияны зерттеуден бастап, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытудың инновациялық әдістерін әзірлеуге дейінгі тақырыптардың кең ауқымын қамтиды. Әртүрлі салалардағы зерттеулерді белсенді түрде қолдай отырып, NU – өңірдегі технологиялық дамудың алдыңғы қатарына кірді.
Еліміздегі жетекші университет
Еліміз аумағында да жоғары оқу орнының беделі мықты «Kazakh National H-index Ranking 2024» тізімі бойынша NU еліміздің университеттері арасында көш бастап тұр. H-индекс бойынша отандық ұлттық рейтинг – белгілі бір елдегі жекелеген ғалымдардың, зерттеу топтары мен білім беру мекемелері зерттеу жұмыстарының нәтижелерін бағалауға мүмкіндік беретін халықаралық тәуелсіз жүйе. Бұл рейтинг ғылыми жарияланымдарды жан-жақты бағалап, «Scopus», «Web of Science», «Google Scholar» сияқты жетекші журналдардың дерекқорларынан алынған мәліметтерге негізделеді. Сонымен қатар өткен жылы NU «Зерттеу жұмыстарының қоғамға әсері: жаратылыстану, инженерлік-техникалық, әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар және өнер» аталымы бойынша «Scopus Award» сыйлығына ие болды. Бұл сыйлықтың университет үшін маңызы зор, өйткені ол оқу орнының зерттеумен айналысатын қауымдастығының көптеген пән бойынша қоғам өмірін жақсартуға бағытталған күш-жігері мойындалғанын білдіреді. Марапат университеттің білім беріп қана қоймай, сондай-ақ қоғамға айтарлықтай пайда әкелетін зерттеу жұмыстарын жүргізуге деген ұмтылысын көрсетеді.
Қоғамның игілігіне айналатын зерттеулер
NU Қазақстан мен Орталық Азия өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу мақсатында зерттеулер жүргізуде академиялық жағынан үздік болуға ұмтылады. Университет ғалымдары технологиялар, медицина, өмір туралы, әлеуметтік ғылымдар мен білім сияқты елімізді дамытудың негізгі мақсатына сәйкес келетін салаға баса назар аудара отырып, іргелі және қолданбалы пәндер бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысады.
Зерттеудің негізгі бағыттарына әлеуметтік-экономикалық трансформация және адами капиталды дамыту, ақылды жүйелер мен адам-машина интерфейстері, адамдардың денсаулығы мен әл-ауқаты (қатерлі ісік биологиясы, цифрлық медицина және жұқпалы аурулар), озық материалдар мен жаңа технологиялар (биоматериалдар, энергияны сақтау және генерациялау, наноматериалдар және электроника), сондай-ақ энергетика, табиғи ресурстар, қоршаған орта, тау-кен және жер туралы ғылымдар кіреді. Оған қоса «STEMM» бағытын дамытуға көп көңіл бөлінеді.
Нәтижелі зерттеулердің жарқын мысалы – биолог Дос Сарбасовтың жетекшілігімен NU-дың ғалымдар тобының қатерлі ісікке қарсы препаратты жасап шығаруы. Кейінгі үш жылда команда зерттеу жұмыстарының дұрыстығын дәлелдеп, Ғылым және жоғары білім министрлігінен клиникалық сынақтарға қаржыландыру алып, сынақтар биылғы шілдеде екінші кезеңге өткен.
Тағы бір маңызды жоба бойынша Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) зерттеушілері қазақ тілі үшін үлкен тілдік модель (LLM) жасап жатыр. Бұл жоба Қазақстан мен Орталық Азиядағы ЖИ мүмкіндіктерін едәуір кеңейтпек. Қазақстандық алғашқы «LLM» алдағы 16 желтоқсанда – Тәуелсіздік күнінде іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл Мемлекет басшысының жуырдағы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында белгілеген тапсырмасына сәйкес келеді. Онда Қазақстан жасанды интеллект кеңінен қолданылатын елге айналуға тиіс екені атап өтілген.
Студенттерді қолдау – негізгі басымдық
Студенттерді қолдау әрі олардың әлеуетін жақсарту – жергілікті және халықаралық деңгейде ең талантты жастарды тартуға бағытталған NU-дың негізгі басымдығының бірі. Университет студенттерді бакалавриат деңгейінен бастап ғылыми жобалармен жұмыс істеуге тартуға тырысады, бұл оларға білікті оқытушылардың тікелей басшылығымен білім алып, құнды тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Студенттердің халықаралық конференцияларға қатысып, онда баяндама жасауға, беделді ғылыми журналдарда мақала жариялауға және әртүрлі салаларда танымал зерттеушілермен өзара әрекеттесуге де әлеуеті жетеді. Мұның бәрі ғалымдардың келесі буынын қалыптастыру және дамыту мақсатында жасалады.
Былтыр NU студенттері 300 ғылыми мақаланың авторы болды, олардың 64 пайызы «Q1» деңгейіндегі журналдарда жарияланды (өз салаларындағы ең үздік 25 пайызы), бұл зерттеу жұмыстары сапасының деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Сондай-ақ NU-да білім алушылар студенттік үкімет, спорт және түрлі клубтарға мүше болу арқылы университет өміріне белсенді түрде араласады.
Кейінгі 14 жылда университет инженерия, жаратылыстану, гуманитарлық ғылымдар, медицина, бизнес, білім беру және мемлекеттік саясатқа маманданған 10 мыңнан астам студентті даярлады. Бұл түлектердің 90%-дан астамы Қазақстанда жұмыс істеп, еліміздің дамуына үлес қосып жатыр. Университеттің негізгі мақсаты – өз түлектерін табысты мансабы үшін қажетті білім және дағдылармен қамтамасыз ету, олар өз кезегінде еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қоспақ.
Университет профессорларының біліктілігі жоғары
NU халықаралық деңгейдегі оқытушыларды, өз саласында айтарлықтай ғылыми жетістіктері бар танымал сарапшыларды тартуға тырысады. Атап айтқанда, Стэнфорд университеті жасаған әлемдегі ең мықты ғалымдардың жыл сайынғы рейтингіне сәйкес, NU профессорлары 2022 жылы олардың жарияланымдарының әсері бойынша үздік 2 пайызына кірген. «Scopus» базасындағы ақпаратқа негізделген бұл рейтинг 180 мыңнан астам жетекші ғалымның профилін қамтып, олардың жұмыстарына сілтеме жасалу көрсеткіштерін бағалайды. NU-дан бұл рейтингте Массимо Пиньятелли, Тимур Атабаев, Жұмабай Бәкенов, Александр Тихонов, Шазим Мемон, Рэнди Хаззлетт, Саффет Ягиз, Веселин Паунов, Прим Сингх және т.б. бар.
Үздік ғылыми басылымдардағы жарияланымдар
Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университет үшін беделді журналдарда жарияланған ғылыми мақалалардың саны – оның жұмыс сапасының негізгі көрсеткіші. 2018 жылы «Scopus» базасымен индекстелген NU ғылыми мақалаларының жалпы саны 2 554 болды. Былтыр бұл көрсеткіш үш есеге артып, 7 990-ға жетті, бұл жалпы отандық ғалымдар жариялаған жұмыстардың алтыдан бірін құрайды.
Осындай үрдіс университеттің «Q1» журналдарындағы (өз салаларындағы ең мықты 25 пайыз) жарияланымында да байқалады. 2018 жылы «Q1» деңгейіндегі мақалалар саны 914 болды, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 3 463-ке дейін өсті. Айта кету керек, «Q1» журналдарында отандық ғалымдар жариялаған әрбір үшінші мақаланы NU профессорлары жазған. Сондай-ақ университет басқа отандық университеттермен ынтымақтасып, олардың ғылым мен білім берудегі стандарттарын арттыруға ықпалдасады.
Ғалымдардың оралуына қосқан үлесі
Кейінгі 14 жылда NU елге 100-ге жуық жетекші ғалымды қайтарды. Бұған көбіне меритократия, академиялық адалдық стандарттарына негізделген орта, сондай-ақ шетелде доктор атанған талантты жас ғалымдарды елге тартуға мүмкіндік беретін «NU Postdoctoral Scholars» арнайы бағдарламасы себеп болды. Бүгінгі таңда жоғары оқу орнындағы профессор-оқытушылар құрамының 30 пайыздан астамы – Қазақстан азаматы. Сондай-ақ NU жанындағы «National Laboratory Astana» зерттеу орталығында халықаралық дипломдары мен жұмыс тәжірибесі бар 140-тан астам отандық ғалым жұмыс істеп жатыр. Шетелден қайтарылған талантты зерттеушілердің қатарында Дос Сарбасов, Нұршат Нұражы, Ахан Алмағамбетов, Асхат Жұмабеков, Анар Сандығұлова, Зәуреш Атаханова, Әзиз Бұрханов және т.б. бар. Осы маңызды бастаманы жүзеге асырған университет провосты профессор Илесанми Адесидаға алғыс айтамын. Мемлекет басшысы да Жолдауында елдің экономикасы бәсекеге қабілетті болып, оны әрі қарай ілгерілетуге ғалымдар мен өнертапқыштардың мәртебесін мойындайтынына қуаныштымын.
Халықаралық ынтымақтастық
Халықаралық ынтымақтастық – ғылыми ортада жарияланымдардың сапасына, сілтеме жасау деңгейіне және жалпы жарияланымдардың қоғам дамуына ықпалын арттыруға септесетін маңызды факторлардың бірі. Кәсіби байланыстар мен халықаралық серіктестіктердің кеңеюі көбіне сілтеме жасау деңгейі жоғары ғылыми еңбектердің пайда болуына әсер етеді. 2018–2023 жылдар аралығында NU 131 елдегі 3 031 мекемемен бірлесіп, 4 201 зерттеу жұмысын жариялады.
66,2 пайызды құрайтын NU-дың халықаралық ынтымақтастық көрсеткіші университетті Сингапур ұлттық университеті (NUS) сияқты жаһандық ынтымақтастыққа зор мән беретін мекемелермен қатар қояды. Бұл NU-дың халықаралық ғылыми байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуға деген талпынысын білдіреді.
NU ғылыми зерттеулерде жоғары стандарттарды белгілеп қана қоймай, жалпы ел университеттері арасында дамудың жалпы стандарттарын арттыруға белсенді түрде ықпалдасады. Озық технологияларды енгізу, халықаралық зерттеулерді қолдау және білікті мамандарды даярлау арқылы NU елдің ғылыми беделін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Университеттің халықаралық рейтингіндегі жетістіктері, ғылыми жарияланымдарға қосқан елеулі үлесі көп. Отандық зерттеушілерге көрсетіп жатқан қолдауы еліміздің ғылыми әлеуетін нығайтып, оның қарқынды дамып жатқан ғылыми қоғамдастықтың орталығы ретіндегі мәртебесін көтеруге бағытталған.
Вакар Ахмад, NU президенті