барлық жаңалықтар
10 қыркүйек 2024 Оқиғалар#NUgoesGLOBAL

NU-да Си Цзиньпиннің “Бір белдеу – бір жол” бастамасын жариялау құрметіне мемориалдық тақта ашылды

NU-да Си Цзиньпиннің “Бір белдеу – бір жол” бастамасын жариялау құрметіне мемориалдық тақта ашылды

10 қыркүйек 2024

Осы мақаламен бөлісіңіз

2024 жылғы 9 қыркүйекте NU-да Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынастардың символы – мемориалдық тақта ашылды.

2013 жылғы 7 қыркүйекте Қытай Халық Республикасының (ҚХР) Төрағасы Си Цзиньпин NU-да қонақ болып, студенттерге арнайы дәріс оқып, “Бір белдеу – бір жол” стратегиялық бастамасын жариялаған болатын. Бүгінде ол 150-ден астам ел мен 30 халықаралық ұйымды біріктіріп отыр.

Сол кезде Си Цзиньпин дәріс өткізген NU-дың Сенат Холлында тарихи сәттің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Ашылу салтанатында ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо сөз сөйлеп, екі елдің терең іскерлік қарым-қатынасын атап өтті.

“Қазақстан “Бір белдеу – бір жол” стратегиясының сапалы түрде дамуында маңызды рөл атқарады. Осында отырған жастарға айтарым – сіздердің күш-жігерлеріңіз мол, арман-мақсаттарыңыз биік. Қытай-Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың болашағы сіздерге байланысты. Екіжақты ынтымақтастықтың жоғары дәрежеде әрі құнды екенін түсініп, Қытай-Қазақстан достығын ілгерілетуге ат салысасыздар деп үміттенемін”, — деді елші.

NU провосты доктор Илесанми Адесида өз сөзінде бұл бастама көптеген салада, соның ішінде білім беру саласында байланыс орнатуға көмектескенін атап өтті.

“2013 жылдан бастап университет Қазақстан мен Қытайды жақындастыратын тағы бір нысанға айналды. Біздегі қытайлық студенттер қатары көбейді. Сондай-ақ бүгінде Қытайдың үш университеті – Бейжің университеті, Шанхай университеті және Цинхуа университетімен ынтымақтастық орнатылған. Бүгінгі бастама Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасын нығайтып, бізге одан да көп қытайлық студенттердің келуіне септігін тигізеді деп үміттенеміз”, — деді доктор Адесида.

11 жыл ішінде “Бір белдеу – бір жол” бастамасы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының дамуына зор үлес қосты. Атап айтқанда, 2014 жылғы жазда Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға 200 NU студенті барған. Ал Сенат Холл қытайлық туристер үшін де, сондай-ақ қытайлық БАҚ үшін де қызығушылық тудыруда.

Ұқсас жаңалықтар