барлық жаңалықтар
22 ақпан 2020 Оқиғалар

Тең қол және тең мүмкіндік

 Тең қол және тең мүмкіндік

22 ақпан 2020

Осы мақаламен бөлісіңіз

Зият Әбдіқаимов – алғашқы зағип студент

Зият Әбдіқаимов – Университеттегі алғашқы зағип студент және Жоғары білім беру мектебінің инклюзивті білім беру бойынша магистратура бағдарламасының түлегі. Назарбаев Университетін 2016 жылы бітіргеннен кейін Зият НУ кітапханасының ассистивтік технологиялар және қолжетімділік жөніндегі сарапшы-менеджері болып жұмыс істеді.

Зият ерекше мұқтаждықтары бар студенттер мен пайдаланушыларға арналған НУ кітапханасының техникалық жабдықталуы туралы айтты. 

Кітапхана нашар көретіндерге арналған жабдықтарды қашан сатып алды және оның қандай мүмкіндіктері бар?

2015 жылы алғаш рет ақпараттық ресурстар мен оқу материалдарына қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін менің сұрауым бойынша қосалқы тифло-техникалық құралдар (тифлокешен) жиынтығы сатып алынды. Үш жылдан кейін, кітапхана ғимаратында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін арнайы жұмыс орындары бар кабинет пен бөлек кеңістік пайда болды. 

Тифлокешен – бұл арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуі (БҚ) және перифериялық құрылғылары бар, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы компьютер. Оларға Брайльдің Everest V4 принтері (қысқаша түрде маңызды ақпаратты басып шығару үшін пайдаланылады), иллюстрациялық ақпаратты оқуға мүмкіндік беретін тактильді – графикалық бейнелерді жасауға арналған Zyfuse Heater-термопринтер жатады. Бұдан басқа, бізде ақпаратты оқуға және енгізуге көмектесетін Брайль Focus Blue дисплейі бар. Ал компьютерді бағдарламалық қамтамасыз ету компьютер мониторынан (JAWS) ақпаратты дыбыстауға, материалды Брайль шрифтіне (Duxbury) аударуға және баспа мәтінін аудио-материалға (OpenBook 9.0) түрлендіруге арналған.

Өткен жылы кітапханада мүгедек пайдаланушылардың басқа санаттары үшін қосымша жабдықтар пайда болды. Мысалы, арбадағы пайдаланушылар үшін енді жеке реттелетін қажетті биіктігімен эргономикалық үстел бар. Спастикалық ауруы бар адамдар үшін кездейсоқ басуды болдырмау үшін арнайы жапсырмасымен Clevy клавиатурасы және тінтуірді ауыстыратын Trackball SimplyWorks компьютерлік роллері бар.

Есту қабілеті нашар адамдар үшін университет кітапханасында “Исток А2” портативті ақпараттық-индукциялық жүйесі орнатылған, соның арқасында нашар еститін студенттер кітапханашылармен өзара жайлы қарым-қатынас жасай алады.

Сіздің ойыңызша, нені жақсартуға және нені қосымша енгізуге болар еді?

“Қолжетімді орта” ұғымы тек физикалық ортаны, яғни ғимараттар мен жапсарлас аумақты ғана емес, сонымен қатар университеттің ақпараттық инфрақұрылымын да қамтуы тиіс. Кедергісіз орта құру үшін университет кітапханасы мен кампусын қолжетімді және көзге көрінбейтін, бағдар беру құралдарымен жабдықтау қажет. Мысалы, веб-сайттардың, ішкі порталдардың, электрондық құжат айналымы жүйесінің, мобильді қосымшалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету талап етіледі – олардың барлығы коммуникацияның негізгі арналары ретінде университет ортасының ажырамас элементтері болып табылады. 

Мен университет арнайы ассистивтік технологияларды сатып алған Қазақстандағы алғашқы студенттердің бірі болдым. Бұған дейін мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Саясаттану бакалавриат бағдарламасында оқыдым. 2015 жылы Назарбаев Университетіне түсіп, мен университеттің, атап айтқанда кітапхана тарапынан инклюзивті білім беруді дамытуға көмектесуге дайын екендігін көрдім. Өкінішке орай, әрбір оқу орнының инклюзияны дамытуға беталысы жоқ, кейбір ЖОО-лар студенттерді пандустармен қамтамасыз ету жеткілікті деп санайды, ал мүгедектігі бар әрбір білім алушы жеке қамтамасыз етуді қажет етеді. Бұл тұрғыда НУ сөзсіз көшбасшы болып табылады. 

Инклюзивті білім беру үшін барынша жағдай жасайтын шетелдік жоғары оқу орындарының мысалын келтіре аласыз ба?

Шын мәнінде, мұндай университеттер өте көп. Мұнда жағдай дәрежесі – бұл қосымша сервистермен қамтамасыз ету шарасын кім және қалай есептейтіні жайлы субъективті пікір. “Біздіі” “олардан” бірінші айырмашылығымыз – Қазақстанда ұйымдастыру шаралары бойынша қандай да бір тәжірибе жоқ, осы мәселелерді реттейтін бекітілген құжаттар жоқ.

Менің жеке тәжірибем бойынша, мен АҚШ-тың Блумингтондағы Индиана университетін атай аламын. Онда мен 2014 жылы оқыдым және  сол университетте ассистивтік құрылғылар болды. Осындай құрылғылар қазір Назарбаев Университетінде бар. Сол кезде мен үшін басты мақсат ағылшын тілін үйрену болды және барлық ақпараттық ресурстарға қол жеткіздім. Мен алдын ала ассистивтік технологиялар (Assistive Technology & Accessibility Centers) орталығында Брайль шрифтіндегі материалды сұрадым және біраз уақыттан кейін барлық қажетті заттарды алдым. 

Әдетте, шетелдік университеттер мүгедектігі бар адамдар үшін ұсынылатын қызметтер мен сервистерді өздерінің сайттарында егжей-тегжейлі сипаттайды. Еуропа және АҚШ елдерінде инклюзивті білім беру мәселелері бойынша қажетті құжаттар, белгіленген саясат пен бағыт стратегиясы бар.  Олармен салыстырғанда біздің университетті бастаушы деп санауға болады, Қазақстан үшін бұл жаңа құбылыс. 

Сіз “мүгедектігі бар адамдармен өзара іс-қимыл жасау мәдениеті” нұсқаулығының авторы болып табыласыз. Сіздің ойыңызша, әркімге, оқытушы немесе студент болсын, қолайлы әлеуметтік орта құру үшін мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас этикасы ережелерін білу қажет пе? 

Әрине, барлық ниет білдірушілермен ағарту жұмыстарын жүргізу керек, бірақ ең бастысы, университет қажетті жағдайларды жасауға ықпал етуі тиіс. Университет қызметкерлері мен ерекше мұқтаждықтары бар адамдарға сапалы қызмет көрсету және олармен тиімді қарым-қатынас жасау үшін мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас этикасы мен дұрыс терминология бойынша тұрақты тренингтер өткізу қажет деп санаймын.

Біз кітапханадан бастадық, онда әр апта сайын біліктілікті арттыру бойынша кем дегенде бір тренинг өткіздік. Бұдан әрі бастама аясы университет қызметкерлеріне, атап айтқанда әкімшілік қызметкерлерге дейін кеңейді. Бұл жерде тағы аудиторияның ерекшелігін ескере отырып, жеке бағдарламаларды әзірлеу қажет деген пікір бар, себебі оқытушылар мен студенттердің инклюзия мәселелері бойынша қызығушылықтары әртүрлі. Қазір біз терминологияға, тілге, этикетке және коммуникацияның ерекшеліктеріне қатысты негізгі нұсқаулық жөнінде ақпарат береміз. Болашақта білім алушылармен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз және жеке сессияны әзірлегіміз келеді, бұл істе бізге студенттердің жұмыс топтары көмектеседі.

Бұдан басқа, 2020 жыл ішінде Назарбаев Университетінің кітапханасы мен “NU Alumni” ҚБ “Әлеуметтік даму қоры” КҚ-ның қолдауымен “NU Disability Talks” іс-шаралар циклін іске қосады. Бұл мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудің және өмір сүру сапасын жақсартудың өзекті мәселелері бойынша сарапшылардың, құқық қорғаушылардың, Қазақстандық мүгедектер қоғамдастығы көшбасшыларының, қоғам қайраткерлері мен басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен кездесулер, пікірталастар, ашық дәрістер болады.

Назарбаев Университетінің инклюзивті білім беруі туралы толығырақ мына сілтеме бойынша біле аласыз: https://nu.kz.libguides.com/DisabilitySupport/

Ұқсас жаңалықтар