Ғылым жолы – менің таңдауым

Назарбаев Университетінде NURIS және Назарбаев Университетімен әріптестікте Жас ғалымдар альянсы ұйымдастырған «Ғылым жолы – менің таңдауым» атты I Жастар ғылыми форумы өтті. Форумға 200 жас ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, қазақстандық жоғары оқу орындарының, зерттеу институттарының, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік ведомстволардың өкілдері қатысты.

«Өткен жылы біз Назарбаев Университетінің қабырғасында жас зерттеушілердің ынтымақтастығы үшін платформа ретінде Альянсты таныстырдық. Бізге Қазақстан, Жапония, Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды жоғары оқу орындары мен ұйымдарынан 200 ғылыми қызметкер қосылды. Бір жыл ішінде біз жас ғалымдардың нетворкинг алаңына айналдық», – деді Жас ғалымдар альянсының төрайымы Әсия Ермұхамбетова.
Іс-шара Қазақстандағы жастар жылына орайластырылды. TEDx форматында спикерлер ғылыми және инновациялық қызметтегі жетістіктің өз тәжірибесімен бөлісіп, сондай-ақ зерттеу мәдениетін ынталандыру құралдары, пәнаралық диалогты дамыту үшін жағдай жасау және Қазақстанның жас ғалымдарын қолдау тәсілдері туралы әңгімеледі.
Жас ғалымдар альянсы туралы: Young Reseаrсhers Alliance, Назарбаев Университетінің жас ғалымдарының бастамасы бойынша 2018 жылы құрылған қоғамдық бірлестік. Қазіргі уақытта ұйымның мүшелері қазақстандық жоғары оқу орындарының, Қазақстан, Азия, Еуропа және Солтүстік Американың ғылыми ұйымдары мен университеттерінің 200 ғылыми қызметкерлері мен зерттеушілері болып табылады.