«Цеснабанк» АҚ Директорлар кеңесін Шигео Катсу басқарды

Назарбаев Университетінің Президенті, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Қамқоршылық кеңесінің Төрағасы және Назарбаев Қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Шигео Катсу «Цеснабанк» АҚ Директорлар кеңесін басқарды.

Шигео Катсу мырза 2010 жылдың желтоқсанынан бастап Назарбаев Университетінің Президенті болып табылады. Шигео Катсу мырза осыған дейін Дүниежүзілік банкте 30 жыл бойы түрлі қызмет атқара отырып, Азия, Африка және Еуропа елдеріндегі қаржы секторындағы реформаларды басқарды, түрлі басшы лауазымдарды, сондай-ақ Еуропа өңірі бойынша вице-президент лауазымын атқарды.

Жоғарыда баяндалғанға қосымша ретінде, бұрын «First Heartland Bank» АҚ (FHB) Басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарған Бекжан Пирматов «Цеснабанк» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалды. Пирматов мырза банктік жүйеде 2004 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол өзінің мансаптық жолын Корпоративтік қатынастар басқармасында жетекші маман ретінде бастаған болатын. Кейіннен ол «Каспий Банкі» АҚ, «Банк Тұран Әлем» АҚ және «HSBC Bank Kazakhstan» АҚ ЕБ және «Қазкоммерцбанк» АҚ сияқты жергілікті және шетелдік банктерде корпоративтік клиенттермен жұмыс жөніндегі бөлімшелерді басқарды. FHB-ке дейін ол Еуропалық қайта құру және даму банкінде (ЕҚДБ) жетекші банкир болып жұмыс істеді, өнеркәсіп, коммерция, агробизнес және табиғи ресурстар секторында ірі корпоративтік клиенттермен жұмыс жүргізу үшін жауапты болды. Пирматов мырзаның корпоративтік банкинг, тәуекелдерді басқару және жобалық қаржыландыру саласында үлкен тәжірибесі бар.